Волонтер жылы

Елге пайдасын тигізген еріктілер

    Биыл Волонтерлер жылы. Қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатарында тарбағатайлықтар да аз емес.

Қазіргі пандемия кезінде волонтерлердің жұмысы жаңа бір маңызға ие болғандай. Олар бүгінде адам көп баратын сауда орындарының сатушыларына, тұрғындарға, жауапты мекеме жұмысшыларына бетперделер мен арнайы қорғаныш қолғаптарын таратса, енді бірде әлеуметтік желілер, көрнекілік құралдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуден жалыққан емес. Уақытпен санаспай, міндетсінбей, шынайы көңілдерімен жұмыс істейтіндері осы қиын кезде кішкене болса да қоғамға пайдамыз тисін деген ізгі ниетерінен болса керек.  Жасыратыны жоқ, көп жағдайда волонтер десе, «бұлар студенттер» не болмаса «барып кел, шауып келмен жүретін жандар» дегендей қасаң көзқарас бар секілді.  Бұдан бөлек, волонтер жастардың ерекшелігі, әртүрлі аудиториямен, әртүрлі адамдармен қарым-қатынас жасап, саналары да тез есейетін көрінеді. Президент «COVID-19-дың» алдын алу шараларындағы волонтерлер қызметінің мән-маңызын ескеріп, жұмыс өтілдері еңбек кітапшаға жазылуы керектігін атап айтқаны бекер емес.

Мәселен, Тарбағатай ауданы бойынша «Өр ауыл», «Ниет», «Жас Отан», «Жалын» секілді барлығы 17 ауылдан еріктілер тобы құрылып, облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына байланысты өз қызметтерін атқаруда. Нақтырақ айтқанда, аудандағы 65-тен асқан адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті азық-түлік пен күнделікті тұрмыстық заттарды үйіне дейін жеткізіп беру қызметін жүзеге асыруда. Олардың өз ауылдарының «уатсап топтарына», әлеуметтік желі парақшаларына жариялаған «жедел желі» телефон нөмірлеріне кезекпен қоңыраулар түсіп жатыр.

– Адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек, себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Бұл қасиет ғасырлар бойы құндылығын жоймаған. Сондай-ақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп жатамыз. Әрине, волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету. Сондықтан әлемге қауіп төндіріп отырған осынау шақта біздер, волонтерлер, қолдан келген жұмыстарға белсене араласуға әзірміз, – дейді тарбағатайлық ерікті жастардың бірі Назерке Қызырова.

Ал не нәрсені жақсылыққа жоритын тарбағатайлықтар бұл пандемия адамдардың күнделікті қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етуімен қатар, уақыттың, денсаулықтың қадірін сездіруге, ысырапшылдықтан алшақтатып, шүкіршілікке көбірек икемдеді деп есептейді. Оңайға соқпай тұрса да, ауданымыздың ақ халаттылары вирустың жаппай таралуына жол бермей, тиісті алдын алу жұмыстарын істеп жатыр. Бұған волонтер-жастарымыз да күш қосып, жұмыс істеуде.

– Біздің волонтерлер барлық әлеуметтік жобаларда қоғам мүддесі үшін ерікті түрде жұмыс істеп жүр. Олар өз міндетіне алған игі істерді шын жүректен, адал пейілімен атқарып жүр. Десе де, көбіне ол туралы ешкімге, еш жерде тіс жармауға тырысады, себебі жақсылық жарнаманы қажет етпейді, – дейді Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мират Мұқышев.

Оның айтуынша, Тарбағатай ауданында Волонтер жылы жарияланғалы бері жеті бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Білім» жобасы аясында ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық бойынша онлайн сабақтарына волонтерлік көмек ұйымдастырылды. «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер мүмкіндігі шектеулі балаларға онлайн концерттер ұйымдастырды. Сонымен қатар медициналық бағыттағы «Саулық» жобасы бойынша ауданымызда төтенше жағдай кезінде бақылау-өткізу бекеттеріндегі жұмыстар басты назарға алынып, тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлеріне жәрдемдесуге ерікті жастар тартылды. Енгізілген шектеу шаралары туралы тұрғындарды хабардар ету мақсатында аудан еріктілерінен қосымша 10 топ жасақталып, дыбыс күшейткіштер арқылы халық көп жүретін орындар мен көшелерде ескерту жұмыстары жүргізіліп, 10 мыңнан астам ақпараттық материал, сонымен қатар 4800 бетперде таратылды. Жалпы, аудан бойынша 190 ерікті жас тартылды. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем» жобасы бойынша «Таза аудан», «Таза аймақ» акциясы аясында аудандағы Тебіске, Қоскөл, Базар өзендеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. «Асыл мұра» жобасы барысында рухани, мәдени-тарихи мұраны насихаттауға волонтерлерді  тарту бойынша гранттық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында волонтерлермен тарихи орындарға экскурсия жүргізілді. «Қамқор» жобасы бойынша Ақжар ауылындағы қарттар үйінде «Қарттарым – асыл қазынам» акциясы ұйымдастырылды.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button