Түзететін заң керек
«Жылына бір рет акция өткізгендей болады». Бұл – қала тұрғыны Тілеужан Сайлауұлының Өскемен әкімдігіне айтқан уәжі.
Қала әкімдігі 19 мамыр – 19 шілде аралығын «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі!» айлығы» деп жариялады. Хабарламаға сенсек, «тіл тағдыры толғандыратын» әрбір азамат күнделікті көріп, байқаған нысандардың маңдайшаларындағы жазулар мен көрнекі ақпараттардағы тіл шұбарлаушылықтар жөнінде нысанның нақты мекенжайын, атауын көрсете отырып, al.omarova@akimvko.gov.kz электронды поштасына жолдаса болғаны. Не болмаса, 8 (7232) 57-79-98 байланыс телефонына хабарласып айта алады.
Тізімде кімдер тұр?
Дегенмен, Тілеужан Сайлауұлы әкімдік көрсеткен телефонмен тілдесе алмағанын айтады.
– Қала әкімдігі жылына бір мәрте акция өткізгендей болады. Хабарлама іледі. Алайда олар көрсеткен телефон нөмірімен тілдесу мүмкін емес, қоңырау барғанымен ешкім көтермейді. Түскі астан бөлек, жұмыс уақытында телефон шаламын ылғи. «57-79-98» деген телефон нөмірі үш жылдан бері өзгерген жоқ, – дейді 2018 жылы қаладағы мәдениет және тілдерді дамыту (сол кездегі атауы осылай) бөлімінің ұйымдастырған «Көрнекі ақпарат сауатты болсын!» атты айлығының хабарландыру парағын әлі күнге сақтап жүрген Тілеужан.
Ол өзінің ескертпесін түземеген дүкен мен өзге де мемлекеттік мекемелерді тізімдеп алған.
– Бір мекемедегі көрнекі құралдар қате терілсе, екіншісінде қазақша нұсқасы болмай шығады немесе екінші орында қалып қояды. Әсіресе, полицияға өкпелімін, бөлімшелердің көбіндегі қабырға қағаздары мемлекеттік тілде емес. Қателіктер банк және сауда үйлері беретін түбіртектерге де қатысты, – деген ол өзі жасаған тізімді қала әкімдігіне жеткізе алмай жүргенін айтты.
Тілеужан «айлық өтіп жатқаны рас болса», акцияны ұйымдастырған жауапты мамандар енді өзіне бір рет болсын хабарласады деп үміттенеді.
– Қаладағы сауда үйі, банк әкімшесі және тағы да басқа адамдарға әбден жеккөрінішті болдым. Біріншіден, осы елдің азаматы, екіншіден, аталмыш мекемелердің тұтынушысы ретінде талап қоюға құқығым бола тұра, «сенің бізде шаруаң не?» деген сөзді естимін үнемі, – дейді ашынған жігіт.
– Мемлекеттік нысандардағы қате жазуды өзгертуге болады, ал жекеменшік иелеріне түк те істей алмаймыз. Тек ескерту айтамыз. 10 күн ішінде ештеңе өзгермесе, бұл істі облыстық тілдерді дамыту басқармасына жеткіземіз. Бізден жоғары тұрған мекеме айналысады. Расымен де, ескертпені түзейтін де, көзге ілмей қоятындар да бар, – дейді қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Бақытжан Сағымқызы.
Оның айтуынша, заңда жекеменшік иелерін қате жазуды түзеуге немесе мемлекеттік тілде жазуға міндеттеу көрсетілмеген.
Айтпақшы, маманның айтуынша, акция аясында шағым қабылдайды деп көрсетілген жоғарыдағы телефон бұзылып тұр екен.
«Мен мемлекетімнің тілі үшін осылай күресіп жүрмін», – деген Тілеужан Сайлауұлы болса телефонға «гудок» барып тұрғанын айтады.
Тасқын Болатұлы