Суицидтің жасөспірімдер арасында көбеюіне не себеп?
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жолдауларындағы тапсырмалардың бірі – адамның өмір жасын ұзарту екендігі баршамызға белгілі. Шыны керек, соңғы кездегі ең жағымды жаңалықтың бірі – елімізде суицид оқиғасы азайып келе жатқандығы. Бұл туралы жақында арнайы өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді:
-Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңгі болашағы. Сол ұрпаққа дұрыс тәрбие беру тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінде өз-өзіне қол жұмсау әрекеті жастар арасында кездеседі. Бұл дерт біздің еліміз үшін аса өзекті. Сондықтан да онымен күресте мемлекеттік органдар тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2014 жылы 9 бен 18 жас аралығындағы балалар арасында 192 өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге төмендегендігін байқатады.
Светлана Жақыпованың айтуынша, Қазақстанда өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу бойынша жаңа жобалар қолға алынбақ. «Бүгінгі күні суицид мәселесін түпкілікті жою мүмкін болмаса да, аталған жағдайды азайту мақсатында балалар өмірінің қауіпсіздігін қадағалау, сонымен қатар оқушылар, ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты бүгінде өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу бойынша денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінде оқыту модульдерін жасау туралы жоба енгізілмек. Оның бірінші кезеңінде оқыту модульдерін Астана мен Қызылорда облысында енгізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты үстіміздегі жылы екі аймақтан келген 100-ден астам мастер-тренер оқудан өтті. Жалпы алғанда республика бойынша оқыту модульдерін енгізу 2017 жылы аяқталады деп күтілуде», деді вице-министр.
Елімізде бүгінгі таңда бірден-бір өткір мәселенің біріне айналып отырған суицид себебі көп жағдайда жұмбақ өлім болып тұр. Өзін-өзі өлтіру қазақта болмаған дүние. Таң атқаннан кеш батқанға дейін малының тірлігімен айналысқан көшпенді халық сырттан жау келмесе, өзін-өзі өлімге қимаған. Ал бірақ адамзат тарихында суицид осыдан бірнеше ғасырлар бұрын пайда болған. Шығыс елдерінің тарихын алып қарасаңыз, тіпті суицидті жаза түрінде де қолданған. Яғни, ауыр қылмыс жасағандарға өзін-өзі өлтіруге бұйрық берген.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мамандары суицидке алып баратын факторларды атап көрсетк болатын. 1,2 пайызы – денсаулығының нашарлығынан; 3 пайызы – қаражат қиындығынан; 1,4 пайызы – өмір сүрудің ауырлығынан; 6 пайызы – құмарлықтан; 18 пайызы отбасындағы келіспеушіліктен; 18 пайызы – рухани дерттен; 19 пайызы – жазасын өтеуден жалтару мақсатында өзіне-өзі қол жұмсайды. Ал суицидке итермелеуші фактордың 41 пайызында неден болатындығы әлі күнге дейін белгісіз. Бұл жағдайды дін «жынның адам баласының ішіне кіріп кетуінен» деп түсіндіреді. Қарап отырсақ, осының бәрі де адамның өмірмен қоштасуына бірден-бір себеп.
жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің әрбір үшіншісі – қалыпты құбылысқа айналып барады дегенді алға тартады мамандар. Яғни, олар өлгісі келмейді, тек осы әрекеттерімен өздеріне назар аудартқысы келеді. Психолог-мамандар мұның өте қауіпті құбылыс екендігін айтады. Себебі кез келген талпыныстың арты қайғылы қазаға әкеліп соқтыруы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдердің өз-өзін өлтірудің себебі көп деп түсіндіреді. Басты проблемасы – жалғыздық және ата-ана мейірімінен қалу, туған-туыстармен араласпау. Егер мектепте қандай да бір проблема туындап жатса – ата-ана балаға көмек көрсету керек, ал отбасында проблема туындап жатса – ұстаздар балаға назар аударуы тиіс. Қазақстанда тіпті 10 жастағы балалар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелген. Психолог-дәрігер Әлия Жиреншина былай дейді:
–Бүгінде ата-ананың балаға қа¬рау¬ға, оларға дұрыс тәрбие беруге уақыты жоқ. Ақша табам, отбасын асыраймын деп бітпейтін бір тірліктің қамымен шапқылап жүр¬ген¬де, баласы далада қалып қояды. Содан бала өмірінің 70 пайызын теледидар, интернет, компьютер ойындары алып алады. Мектептерде де балалар баратын түрлі үйірмелер жоқ, ал спорттық секциялар ақылы, оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермесі анық. Кейбір мектептерде балаларға әлімжеттік көрсетіп, 6-7 сыныптан бастап ақша талап ететіндерін де байқаған кездерім болды. 4-5 баланың бір балаға жабылу әрекеттері кездеседі. Балалардың бір-бірімен сөйлескендерін тыңдасаң, бәрі боқтау, лас сөздер. Қазіргі балалар төбелеске бейім тұрады. Әсіресе қыздар төбелесі деген сұмдық. Біреудің жаңа маркалы қалта телефонын тартып алу, киімін тартып алу дейсіз бе, мұндай фактілер де кезігіп жатады. Мұның аяғы үлкен психологиялық дағдарысқа әкеліп, өз-өзіне қол жұм¬сауға соқтыруы мүмкін. Мұндай жағ¬дайға көбіне психологиялық жағы¬нан әлсіз балалар ұшырайды. Әнеугүні төменгі сыныптың балаларын байқадым, 8-9 жасар бала¬лар¬дың төбе¬лесінің өзі бүгінде басқаша. Олар бел¬десіп не күресіп күш сынаспайды, бұрынғыдай қазақша күрес жоқ. Бір-біріне қатты айбат шегіп, тіпті өлтіретіндей аяқтарымен тебе ұмтылады. Содан әлі пісіп-жетілмеген бала бұндай қатігездікті қайдан үйренді екен деп ойлайсың? Теледидарды қосып қалсаң, ұрлық-қарлық, бір-бірін өлтіріп жатқан ауыр фильмдер. Тіпті отба¬сын¬дағы жайсыз жағдай, баланың белгілі бір деңгейде жылылық сезіне алмауы, анасы мен әкесінің ажырасуы, осындай фактілер суицидке балаларды итермелейді. Сондықтан да отбасында баланы мейірімге бөлеп өсірген жөн.
Қазақ халқы тарихта көп қасірет шеккен халық. Қазақтардың өміршеңдігінің басты себебі – ген мықтылығы. Ұлттық тағамдарымыз таза ет пен таза сүттен алынған. Сарыарқадай кең далада, ақкөңіл, кеңпейіл адам болып өмір сүреміз. Аштықты да, соғысты да, ақтабан шұбырындыны да бастан кешірген қазақ халқы талай экономикалық дағдарысты да басынан кешірген, әбден шынығып шыңдалған. Мемлекет мұғалімдерге еңбекақыны балаға дұрыс білім беріп, тәртібін бақылап, үйіне аман-есен қайтарғаны үшін береді, бұны ескеру керек, оны ұрып-соғу үшін емес. Ал баланы екінші жағынан тәрбиелеу, қамқорлыққа алу ата-ананың міндеті.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша, суицид үш түрге бөлінеді екен: Біріншісі – шынайы суицид, ересек адамдарда кездеседі. Адам өмірден түңіліп, көңілсіздік басып тұрады. Тағы бір түрі – жария суицид. Өмір сүргісі келмейтінін айтып жүріп өледі. Соңғы түрі – жасырын суицид. Мұндай жағдайда адам өзіне қол жұмсау жақсы еместігін түсінеді, бірақ қиындықтан шығар жол жоқ болып көрініп, өлімге бас тігеді. Барлығына да дереу жәрдем беру қажет. Психотерапевтік тәсіл бойынша, адамды сөзбен емдеу жақсы нәтиже көрсеткен. Яғни, адами қарым-қатынас, адамдар арасындағы адамгершілік ауадай қажет.
Ағымдағы жылдың 12 мамыр күні Семей қаласында көпірдің үстіне шығып, Ертіс өзеніне секіріп кеткен бір жауынгер жігіт туралы БАҚ-та жарыса жазылды. Марқұм Аягөзде әскери борышын өтеп жүріпті, Семейге қонаққа келген. Суицид жасауға не итермелегені белгісіз, бір себебінде оны сүйген қызы тастап кеткен дегенді айтады, бұл да әлі анықталмаған. Құтқарушылар оның денесін 12 күн өткенде 24 мамырда тауып алды.
Суицидтің алдын алу үшін психолог, психотерапевт мамандар радио-теледидар, газет-журналдарға шығып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені, оқушылардың арасында кітапшалар таратып, тәрбие сағаттарында бұл күрделі мәселені олардың жасына сай түсіндіргені дұрыс. Баласы кім¬мен араласады, оның достары кім, мектептен тыс уақытында немен айналысып, не істейтініне дейін қадағалап ұстау әр ата-ананың міндетіне айналуы керек. Біреуді жа¬за¬лаудан, бірлі-екілі адамды жұ¬мыс¬тан босатудан бұл мәселе шешімін таппасы анық. «Міне, мен осындай суицид оқиғасын болдыртпай, алдын алып қалып едім» деген мамандардың тәжірибесі кеңінен таратылуы тиіс. Сондықтан да бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, мамандар мен жауапты орындардағы қызметкерлердің бірлесе жұмыс істеуін жүйелі ұйым¬дас¬тыратын уақыт жеткенге ұқсайды. Жасөс¬пірімдермен кездесу, әңгімелесу барысында ел тарихы, ұлт мақ¬танышына айналған Абылай хан, Бауыржан Момышұлы сияқты жеке тұлғалар, батыр бабаларымыз жайында көбірек айтылса, жастардың, жеткіншектердің санасы тазарып, рухы күшейіп, өмір сүруге қабілеттері арта түсері сөзсіз.
Раушан Нұғманбекова,
Семей.