Соңғы вагон Қарағандыдан жаңа шығыпты
Мен әлі жынның жолында жүрмін…
Ұзақ жылдар ішкі істер саласында қызмет еткен Сіләмғазы Мәукебаев ағамыз қолма-қол суырып салатын айтқыштығымен Үржар өңіріне, қалаберді шығысқа танымал жан. Бірде дін жолында жүрген, бес уақыт намазын қаза қылмаған, бала жастан бірге өскен құрдасы Қасен ренжіңкіреп:
-Оу, құрдасым-ау, көп болды көрінбей кеттің ғой,-депті. Сонда Сіләмғазы ағамыз да темекісін бір сорып жіберіп:
-Сен діннің жолында жүрсең, мен әлі жынның жолында жүрмін емес пе? Қай кезде жолымыз түйіссін, -деп мұңайыпты.
Алдыменен күрейді үйін әкімнің
Ана бір жылы қыстың қақаған аязында аудан әкімшілігінің алдынан өтіп бара жатқан Сіләмғазы ағамызға көшеде тұрған бір топ жігіттер:
-Бәлі, аға! Мынандай алай-дүлей боранда омбылатып неғып жүрсіз?-деп сұрапты. Сонда ағамыз жігіттерге таяп келіп:
Қасиеті бітті емес пе ақынның
Жол жоқ: үйден әрең келе жатырмын.
Комхоз деген мекеме бар, білесің,
Алдыменен күрейді үйін әкімнің,-депті.
Тұштаңдап өлең айтып нең бар еді
Қарттар күні қарсаңында солардың көңілін ауламақ ниетпен дастарқан жайып, хор, концерт ұйымдастырып биліктегілер бір шабылып қалатыны рас. Сіләмғазы Мәукебаевтың бір құрдасы да концертке қатысып, хордың құрамында ән айтады. Сахнаның тұсынан өтіп бара жатқан Сіләмғазыны көріп ол ағамыз әлдене деп айғайлапты. Сәкең оған бір жымиып қарапты да орнына келіп жайғасады. Концерт аяқталысымен жанына келген әлгі құрдасына:
Саудагерсің, емессің жайың ұсақ
Ақша бар ғой, жаяды бәрі құшақ.
Тұштаңдап өлең айтып нең бар еді,
Зинаның Әлекеңдей байы құсап, – депті. Сөйтсе Әлібай деген тағы бір құрдастарының хорға қатысып жүргенде бәйбішесі кетіп қалған көрінеді.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.
Соңғы вагон Қарағандыдан жаңа шығыпты
Ертеректе бір атамыз Алматыдан пойызбен келгенін айтып, мақтанып отырады. Ол кезде отырмақ түгіл пойызды көзбен көргендердің өзі санаулы болғаны белгілі.
– Осы бойыздың ең ұзыны қаншалықты мөлшерде болады? – деп сауал қояды бір кісі. Анау мүдіріп қалып, «онысын біле алмадым», – деп шынын айтады.
– Ойбой, оның алуан түрлісі болады, – деп киіп кетіпті сонда Әділхан деген «төкпе» ағамыз. – Ана жылы Қарағандыға ФЗО-ға барғанымды білесің ғой, сонда мен де бойызбен қайтқанмын. Ылғи жақсы жұмыс істегендерді іріктеп, алдыңғы вагонға отырғызған болатын. Біз Семейге жетіп, вокзалдан телефон соғып білгенімізде, соңғы вагон Қарағандыдан жаңа шыққан екен…
Жинастырған – Хасен Зәкәрия Күршім ауданы.