Дін

Өскеменде Рухани келісім аллеясы ашылды

Өскеменде Рухани келісім аллеясы ашылды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлік күні қарсаңында Өскемен қаласындағы облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығында Рухани келісім аллеясы ашылды. Этноауылдың ішінен орын тепкен аллеяға аймақтағы түрлі діни бірлестіктер жетекшілері ағаш көшеттерін отырғызды.
Әуелі облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен этноауылдағы қазақ үйінде діни бірлестіктер басшылары клубының отырысы өтті.
Реті келгенде айта кетейік, конфессияаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту мақсатында жұмыс істейтін бұл клуб елімізде тұңғыш рет біздің өңірде өткен жылдың соңында құрылған болатын.
– Клубтың кезекті жиынын Бірлік күні қарсаңында өткізіп отырғанымыз тегін емес. Мұның сыртында күні кеше Президенттің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтіп, онда халықтың бірлігі, елдің ынтымағы мен этностардың татулығы, конфессиялардың арасындағы келісім мәселелері көтерілді. Осы тұрғыдан алғанда біз де ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімді нығайтуға үлесімізді қосу үшін облыстағы діни бірлестіктердің басшылары жиналып, пікір алмасуды жөн санадық, – дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхаметжанов.
Жиын барысында дін саласының білікті мамандары мазмұнды баяндама жасап, жиналғандарға қажетті ақпараттар ұсынды. «Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі – халық бірлігінің факторы» деген тақырыпты тарқатқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың дінтану зерттеулері орталығының жетекшісі, философия және әлеуметтік-саяси теориялар кафедрасының меңгерушісі Оксана Морозова еліміздегі дінге сенетін адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді басшылыққа алатын демократиялық принциптерге негізделген мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы байланыстарға тоқталды. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидаттарын түсіндірді.
Ал облыстық дін істері басқармасы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімнің бас маманы Гүлайым Нұрғалиева дін саласындағы еліміздің заңнамаларын қаузап, Үкіметтің биылғы 24 ақпандағы №137 қаулысымен бекітілген «Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру» мемлекеттік қызмет стандарты жөнінде баяндады. Осы бағыттағы жүзеге асырылатын мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібін арнайы әзірленген слайд арқылы түсіндірді.
Басқосудың ресми бөлігі аяқталған соң түрлі діни бірлестіктер басшылары мен өкілдері жаңадан ашылған «Рухани келісім аллеясына» алма, қайың, қарағай, шырша, жөке сияқты ағаштардың жас шыбықтарын отырғызды.
Нұрлан қажы Асанов, ҚМДБ-ның Өскемен аймақтық өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы:
– Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз бар. Сол сияқты Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз өзінің хадисінде: «Ақырет күні орнаған кезде де адамның қолында ағаш болса соны ексін» деп өсиет еткен. Бұл әр адам кеудесінен шыбын жаны шыққанша жақсылық қылсын, артына тағылымды іс қалдырсын дегеннен туындайды. Ағаш отырғызу дін өкілдері үшін ғана емес, барлық пенде баласы атқаруы тиіс шаруа.
Амфилохий, Өскемен және Семей епархиясының эпископы:
– Бұл отырғызған ағаштардың келешекте беретін жемісі біздің ішкі жан-дүниеміздің айнасы болуы тиіс. Ол ең бірінші төзімділік, қайырымдылық, қуаныш, өмірге және бір-бірімізге деген махаббат сезімі. Осы құндылықтарды біздер ешқашан жоғалтпауымыз керек. Бүгінгі жиынның мақсаты конфессиялардың өзара келісімі, татулығы мен достығы болса, ал мына ашылған аллея біздегі келісім мен ынтымақтың белгісі ретінде бой көтеруде.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button