Біздің балуан

«Шыңырау» – шынайы кітап

Екі бірдей кәсіби оқу орнын, соның ішінде Омбының мемлекеттік малдәрігерлік институтын бітіріп, мамандығы бойынша ұзақ жылдар бойында Катонқарағай ауданының, кейіннен Глубокое ауданының мал шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен Ерғали Тұрдығожиновтың қос томдық «Шыңырау» хикаятының «Жетім жылдар» деп аталатын бірінші кітабы жуықта ғана баспадан жарық көрді.

Автор Катон өңіріндегі  бұрынғы Чернова ауылындағы бір отбасының тағдыры мен тіршілік жолын келісті де көркем тілмен баяндай отырып, өмірдің шынайы бейнесін оқырман сарабына ұсыныпты.

Хикаят 1932 жылдың төлі Қайырды Жөкежанұлы мен  1937 жылы туған Нұрғайша Жөкежанқызының аса ауыр балалық шақтарын арқау еткен.

Кітаптың сюжеттік желісі бұдан өзге де баяндаулармен  өзектесе өріліп отырады. Әсіресе алғашқы тарауларындағы уақиғалар легі оқырманын бейжай қалдырмайды. Бір қызығы, былайынша есіңде сақталмайтындай эпизодтық кейіпкерлер жадыңда жатталып қалады. Бұл көрінген қаламгердің қолынан келе берер оңай-оспақ шаруа емес.

Сонау елуінші-алпысыншы жылдардағы ағайынды  жылқышылар Ерсайын мен Мамырайдың ерлік істері, ауылдың ауқаттыларының бірі болып саналатын Атаманның шаңырағына келін болып түсіп, сол жылы айдаһарша ажал оғын сепкен соғыстың кесірінен жесір қалған Бәдеш бейнесі сондай.

«Соғыстан қайтпай қалған әкесі Жөкежан, шешесі – менің немере сіңілім Нұршағидан жеті-сегіз жасында тұл жетім қалған Қайырды,  үш-төрт жасатағы қарындасы Нұрғайша  екеуі де жетімдіктің кермек дәмін ерте татып, айналадағы қатыгездіктің салмағын әлі қатып үлгермеген шеміршек қабырғаларымен қайыстыра жүріп көтерген. Енесін қасқыр тартқан еліктің лағындай әркімге бір жалтақтап, жаутаңдап ел ішінде қала берді. Бұл – Қайырдының басына түскен тағдырдың ісі, оны қарындасы Нұрғайша екеуі қалаған жоқ», – дейтін Сары апа бейнесі эпизодты болса да, оқырман санасына жатталып қалады. Қызылдар қолынан құрбан болып, беті жасырусыз қалған арысы Құрманды атақты Ирек асуымен жасырына жүріп, Қара Қаба маңына азып-тозып жаяулап жетіп, мінәжат етіп жер қойнына тапсыратын Жақыман бейнесі ше?!

Қос сәбидің жүректерімен Алладан тілеген тілектері біреу ғана – ауру анамыз Нұршағиды ала көрме, бізден бөле көрме еді.  «Біз әлі кішкентаймыз ғой, қайда барамыз, қайтіп күн көреміз? Алда суық қыс түсіп келеді ғой. Не киеміз? Не жейміз? Анашым, сен төсек тартып ауырғаннан бері үстіміздегі киіміміз де тозып кетті ғой… Әсіресе кішкентай Нұрғайша әлі жөнді ес білмейді. Сені іздеп жылай береді. Мен жігітпін ғой, қарындасымды тастамай, ойнатамын, отын-су әкеліп, сиырды да өзім сауамын, саған тамақ әзірлеп беремін, анашым! Нұрғайша түнде сені іздеп жылай береді. Мен үлкенмін ғой, тек түнде Нұрғайшаны бауырыңа басып жатсаң болды. Анашым, тек бізбен бірге болшы. Бізді тастамашы!» – деп шырылдайтын Қайырды монологын ішің қан жылап, егілмей  отырып оқу мүмкін емес!

Кәнігі қаламгер болмаса да, өмірдің шынайы болмысын қаз-қалпында оқырманына ұсына білген автордың шеберлігіне тәнті боласың.

«Арамтамақ», «қу жетімнің» астына алып қамшымен өлімші етіп сабаған шолақ төренің қолынан ажыратып алып,  кейін бала Қайырдыны бәйбішесі екеуі  апталап-айлап емдеп жазып, бауырына басқан Василков Иван Игнатьевич пен бәйбішесі Маруся шешейдің, кейін қос жетімді мейірім-шапағатымен демей білген балалар үйінің директоры Дарья Ивановнаның адамгершілік қасиеттері шынайы сипатталады.

Ерекеңнің жазушылық тілі де көркем, жатық.

«Таудың сұрқай бұлты жер бауырлай ойқастап, бірімен-бірі айқаса-жарыса, ұмар-жұмар күйге енді. Бір мезетте суық жаңбыр басталды да, іле-шала кептердің жұмыртқасындай кесек бұршақ көлбей соға бастады».

«Маралқашқан мен Салықсалғандағы жаз маусымы осылайша көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Күзгі жылауық жаңбыр мен жұтаң жел жиілеп, сұрқай бұлт жер бауырлай мөңки көшіп, мал-жанның еңсесін басып, көңілге маза әкеліп, бүрістіріп тастардай бұйығы».

Қарапайым да, сонымен бір мезетте керемет жанды суреттер емес пе?! Кітапта мұндай суреттеулер аз емес.

О.Бөкейдің «Құлаша қол бұлғапты…» деген әңгімесі есіңізде ме? Міне, сол Құлаша, етікші Құлаша, балуан Құлаша, отызыншы жылдардың аяғындағы жас Құлаша бұл кітаптан  да көрініс береді, бала Қайырдының көзімен суреттеледі. Балалар үйінен қашып бара жатқан ағалы-қарындасты қос мұңлықты баласынбай, бар сырын ортаға салған әңгімешіл, адал, таза Құлашаның бейнесі есіңізде қалады.

«Міне, асқар таудай әке, дария көлдей шеше, біз сендерді сарғая сағынып жеттік. Ұзақ жолда өлмедік, себебі өздеріңді көргіміз келді. Бізді осы үміт өлтірмеді, алға қарай жетеледі. Нұрғайшаны та тастамай алып келдім, әке! Ол әлі ұйықтап жатыр, кішкентай қызың ұзақ жолдан шаршады, анашым. Қазір сіздер есіктен асыға басып кіріп келгенде, ол өздеріңді таныр ма екен?! Таниды ғой, әрине! Ана жүрегі, әке қайырымы бізге өте ыстық және де ауадай қажет екенін біз жырақта жүргенде әбден түсіндік. Қадірлеріңді өмір бойы ұмытпастай болып түсіндік. Тек тезірек келіңіздерші! Сіздер бізге жеткенше мен үйді тазалап, ретке келтіре беремін, бәрі бұрынғыдай болады. Анашым, ұмытып барады екенмін ғой, үйге келгенде бір үзім нан ала келіңізші, қарнымыз ашып барады. Бүгін Нұрғайша екеуіміздің жейтін нанымыз жоқ…» – дейтін бала Қайырдының ащы запыран толы монологын  оқып отырып, көзіңе жас үйіріліп қалғанын сезбейсің…

Тағдыр айдауымен екі жаққа кетуге мәжбүр болған аға мен қарындас араға отыз бес жыл салып барып жолығады.

«Алматыда аэропорттың кассасында қызмет жасайды екен. Есімі Жанат (Нұрғайша) Жөкежанқызы. Кассада тұрған менің кезегім келгенде: «Қай жаққа ұшасыз?» – деп сұрады. «Катонқарағайға» деп едім, ол кісі елең ете түсіп, маған тесіле қарап қалды. Біраздан кейін есін жиғандай, бір сәт толғанып отырып: «Ол жақта менің ағайым бар еді. Катонның детдомында кішкене кезімізде бір-бірімізден көз жазып, ажырап қалысып едік. Ағамның есімі Қайырды болатын… Бар ма, жоқ па, білмеймін. Өзі өмірден өтіп кетсе, балалары бар шығар…», – деп егіле, таусыла сөйледі. Содан кассир апай егіле-еңірей отырып, өзінің аты-жөнін, мекенжайын, телефонын жазып берді. Бір қызығы, менен кейін кезекте тұрған адамдардың саны ұлғайып, кезек ұзарып бара жатса да, кассирдің жан жарасы, көз жасы әсер етті ме, білмеймін, ешкім «ләм-мим» деп тіс жарып, шу шығармады».

Жанды, тартымды, тебіреністі  баян.

Қысқасы, құрметті оқырман, Ерғали Тұрдығожиновтың қос томдық «Шыңырау» хикаятының алғашқы кітабын оқуға асығыңыз демекпіз.

С.Өміртай

Осы айдарда

Back to top button