Облыс әкімі: іссапар

Шығыстың күнбағыс майына шет елдерден сұраныс көп

Шемонаиха ауданына жасаған жұмыс сапары барысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бірқатар түйткілді мәселелермен танысып, жергілікті халықпен кездесу өткізді.

Первомайка кентіндегі май зауытында жаңа экстракция цехы іске қосылды. Кәсіпорын өнімі еліміздің ішкі нарығы мен көршілес Өзбекстан Республикасына экспортталады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

– Қытай Халық Республикасында бұл өнімге деген қызығушылық өте жоғары. Шығыс Қазақстан облысының өндірушілері ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп Қытайға май жеткізу жобасын әзірлейтін болады. Экспортқа шығару мүмкіндіктерін барынша кеңейтуіміз керек, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыс әкімі кент тұрғындарымен ауыз сумен қамтамасыз ету және электрмен үздіксіз жабдықтау мәселелерін кеңінен талқылады. Құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына «Біріккен энергосервистік компания» акционерлік қоғамымен бірге жағдайды кеңінен пысықтауды тапсырды.

Облыс әкімі тағы бір маңызды мәселе – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы республикалық трассасының жөнделу барысымен танысты. Шынымен, жолдың қазіргі жағдайы мәз емес, «Қазавтожол» мамандары жөндеу жұмыстарын бастап отыр.

Үбі өзені арқылы көпір салу мәселесі өткір күйінде қалып отыр, бұл нысанның транзиттік аймақ үшін маңызы аса жоғары. Әзірге ол мәселе талқылану сатысында тұр.

– Мамандармен бірге қолданыстағы өткелді күрделі жөндеу туралы шешім қабылданды, ол су астындағы тіректерді, көпірдің өзін және оның басқа бөліктерін де қамтитын болады, – деді Ермек Көшербаев.

Ол, сондай-ақ, ауданда туризмді, шағын және орта бизнесті және экономиканың басқа да секторларын дамытуға жіті назар аудару қажеттігін атап өтті.

– Бүгін көптеген проблемалар көтерілді. Бірақ ауданда бүгінге дейін көп істің атқарылғанын атап өткім келеді. Бұл оң тәжірибені әрмен қарай да пайдалануымыз керек. Ал, жалпы, жол мәселесіне келер болсақ, Шемонаихадан шекара өткеліне дейін жүріп өттім. Өкінішке қарай, жолдың сапасы сын көтермейді. Біз бұл проблеманы шешетін боламыз. Ал Үбі өзені арқылы өтетін көпір бойынша айтсам, ішінара жөндеу, жамау нақты нәтиже бермесі анық, біраз уақыттан кейін біз тағы осы мәселеге тап боламыз. Жалпы, көпір – бұл аймақты дамыту үшін маңызды нысан. Транзиттік әлеуетті арттырудың маңызын ескере отырып, біз бұл мәселені келесі жылы толық шешеміз, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі Шемонаихада бір топ азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Осы айдарда

Back to top button