Дін

Шетелдік және отандық теологиялық оқу орындарындағы діни білімнің келешегі

Қазіргі қоғамда діннің рөлі мен маңызы күн сайын артып келеді, сондықтан біздің мемлекетіміз тарапынан дін саласындағы кадрларды даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген.

Қазіргі жастар аға буын өкілдеріне қарағанда дінге көбірек қызығушылық танытатынын және еліміздің болашағы жастар арасында қандай дүниетанымның қалыптасатынына байланысты екенін атап өткен жөн. Алайда қазіргі таңда мына сұрақтар мазаламайды: олардың барлығы дәстүрлі нанымның сенімді жақтаушылары ма және олардың ұстанымдары қаншалықты берік? Олар дұрыс білім алып жатыр ма, оларды діни білімі бар адамдар деп санауға бола ма?

Отандық теологиялық оқу орындарының көптігіне қарамастан кейбір жастар шетелдік теологиялық білім отандық білімнен артық деген пікірде. Расында солай ма, талдап көрейік.

Қазіргі уақытта елімізде дін саласында мамандар даярлауды тоғыз медресе-колледж, бір православ, бір католик рухани семинария және бағдарламасы әлемнің жетекші теологиялық оқу орындарының оқу жоспарларына сәйкес келетін жеті жоғары оқу орны жүзеге асырады. Аталған оқу орындарында жоғары білікті отандық және шетелдік оқытушылар сабақ береді. Айта кету керек, білім беру қызметін бастамас бұрын барлық оқу орындары тиісті рұқсат құжаттарын алады, онда профессорлық-оқытушылық құрамның саны және олардың білім деңгейі (сертификаттардың болуы және шет тілдерін кәсіби меңгеруі) нақты анықталған. Біздің елімізде жекелеген пәндер бойынша оқытушылар болмаған жағдайда тиісті мамандар шетелден шақырылады.

Мысалы, «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің магистратурасында және докторантурасында оқитын студенттерге Түркия, Ресей, Малайзия және Мысыр жоғары оқу орындарының оқытушылары қосымша дәріс оқиды. Жыл сайын Каир университетінің профессорлары студенттерге екі апталық дәріс-семинарлар өткізеді. Сонымен қатар «Нұр Мүбәрак» университеті Каир, Александрия, Эль-Минья, Айн-Шамс университеттерімен және Малайзияның «Unisza» университетімен өзара тиімді ынтымақтастық туралы екіжақты келісімдер жасасқан. Профессорлық-оқытушылық құрамының жалпы саны шамамен 75 адам, оның ішінде 13 оқытушы – Мысыр азаматтары.

Осылайша, отандық теологиялық оқу орны студентінің оқу процесі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі немесе Мысырдағы студенттің оқу процесінен еш ерекшеленбейді.

Егер жастарымыз шетелде оқуға шешім қабылдаса, мынаны есте ұстағаны жөн: әлі жеткілікті өмірлік тәжірибесі жоқ жастарымыз шетелде оқып жүріп деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуі мүмкін. Бұдан кейін елге оралған жас теологтар араб тілін оқытумен шектелмей, жат идеологияны насихаттаумен де айналысуы немесе біздің түсінігіміздегі дәстүрлі исламның ішіне іріткі салуы ықтимал.

Әрине, бұл шетелдегі теологиялық оқу орындарында білім алып жатқан барлық қазақстандық деструктивті діни ағымдардың ықпалына түседі деген сөз емес, алайда шетелде болған кезде ол жақтың ерекшеліктерін білмейді, осылайша қауіп-қатер бірнеше есе артады. Осылайша, отандық немесе шетелдік оқу орнын таңдағанда барлық факторды мұқият зерделеп, содан кейін ғана дұрыс шешім қабылдау керек.

Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМБД) бастапқы діни білімді өз елімізде алуды және белгілі бір тәжірибе жинауды, содан кейін теологиялық білімді тереңдету үшін шетелге шығуды ұсынады. Бұдан бөлек, ҚМДБ беделді шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алу үшін тиісті бағыттар береді.

Тұтастай алғанда, мемлекет пен дін өкілдері Қазақстанда діни білім алу үшін жағдай жасау жөнінде жүйелі және кешенді жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтарға радикалды діни идеологияның қате көзқарастары мен қоғамдық қауіптілігін жеткізуге қабілетті жоғары білікті отандық мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

Ержан Кеңесұлы

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді).

Осы айдарда

Back to top button