Ауылдың айтқыштары

Сен өзімсің ғой

Сен өзімсің ғой

Қайсы Абай?

Өскеменде тұратын Қадылбек атты досымыздың қисық-қыңыр сөздеріне біздің етіміз үйренген. Ал кейбір адамдардың сол сөздің астарын ұғына алмай, жаңылып жататындары рас.
Кәкең бірде Абай атамыздың ескерткіші жанында әлдекімді күтіп тұрса, телефоны шыр ете қалады. Көтерсе, іссапарға кеткен Қайрат деген досы екен. «Оу, қай жерде жүрсің?» – десе, анау:
– Мен Ақтаудамын, Каспийдің суына аяғымды малып қойып, демалып отырмын, – деп нығызданады. – Өзің қайдасың?!
– Мен бір шаруамен көшеге шығып едім, Абай екеуіміз зерігіп әкімияттың алдында тұрмыз…
– Қай Абай? – деп елең ете қалады Қайрат. – Күршімдікі ме?
– Жоқ, – деп әңгімені соза түседі Қадылбек. – Жидебайдікі.
– Бізбен бірге істеп пе еді, милицияда? – деп тақымдайды анау.
– Жо-жоқ, ол кісі милицияда істеген жоқ.
– Фамилиясы кім?
– Апыр-ау, сен Абайды білмейсің бе? – дейді Қадылбек, – фамилиясы Құнанбаев!
– Ой, жынды, бағанадан бері солай демейсің бе? – деп сонда досы қарқылдап күліп жіберген екен.

Сен өзімсің ғой

Қазіргі кезде Астанада тұратын белгілі семейлік жазушы Талғат Кеңесбаевтың да кей уақытта ойға сыя бермейтін шайқылықтары жетерлік. Ол туралы Тәкеңді жақсы білетін адамдар таңды таңға жалғап әңгімелеуге даяр.
– Бірде Семейде кереметтей нөсер жауып, көшелерге жайылған су тұп-тура қызыласықтан келді, – деп еске алады жазушының зайыбы Гүлмира. – Талғат екеуіміз шалшықты шалпылдатып, аялдамаға тақай бергенбіз. Жолдағы сәл биіктеу жерде бір қыз әдемі туфлиімен су кешуге дәті бармай, дағдарып тұр екен. Тәкең кенет әлгі қызды көтеріп алды да, дедектеген күйі әудем жердегі аялдаманың құрғақ жеріне апарып дік еткізді. Мен тобықтан су кешкен күйі әрең ілесіп келемін. Әлгі қыз қатты риза болып, жұрттың көзінше «ағасына» алғысын жаудырып жатыр.
– Мына қыз кім? – деп сұрадым сәл ұзаған соң.
– Мен оны танымаймын, – дейді Талғатым жап-жай.
– Ендеше неге алақаныңа салып ала жөнелдің?
– Судан өте алмай тұрғанына жаным ашып кетті.
– Ал мен ше? – деймін даусым тарғылдау шығып, – мен де кешіп келемін ғой сол суды…
– Әй, сені қойшы, – деп Тәкең қолын бір-ақ сермеді. – Сен өзімсің ғой!

Түгелдей ұшып кетеді

Марқалық айтулы әнші ағамыз Әнуарбек Отарбаев немересі Ділназ туралы мына бір әңгімені күле отырып баяндаған еді.
Мектепке жаңадан барып жүрген бүлдіршінге мұғалімі сауал қойыпты.
– Ділназ, айта қойшы, әне, сымның үстінде он торғай отыр. Солардың төртеуін мысық ұстап жеп қойды. Сонда сымда неше торғай қалады?
– Біреу де қалмайды, – деп жауап береді Ділназ біраз ойланып алып.
– Неге?
– Шетінен мысық ұстап жеп жатқанда қалғандары қарап тұра ма? Түгелдей ұшып кетпей ме?!

Жинастырған – Хасен Зәкәрия. Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button