Ауылдың айтқыштары

Сенің құлқының молдадан да жаман-ау…

Сенің құлқының молдадан да жаман-ау...

Сенің құлқының молдадан да жаман-ау…

Белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов егде тартқан шағында ақындығына қоса, ара-тұра ауылды жерде молдалық та құрған сияқты. Бірде бір ауылдас інісі сынағысы келді ме, әлде жастықтың әсері ме, Шәкір атасы бір үйде құран оқып отырған сәтте бірге болыпты. Шәкір құран оқып болған соң, үй иесі берген садақаны ала бергенде, әлгі інісі: – Шәке, молданың құлқыны жаман деуші еді, егер қисаңыз андағыдан маған тәбәрак бермейсіз бе? – демесі бар ма.
Сонда Шәкең еш саспастан:
– Болса болар, шырағым. Бірақ осы садақадан тәбәрак дәметіп тұрған сенің құлқының молдадан да жаман-ау, -депті.

Менде не шама бар?

Шәкір ақын қартайған шағында бәйбішесінен айырылып, қайғырып отырғанда, көңіл айтуға ауыл, аудан басшылары келеді ғой. Олардың арасынан қызметі жоғарылау біреуі тұрып:
– Шәке, көп қайғырмаңыз. Алла әділ ғой, рақымшылығын күтіңіз, – дейді жұбатқан болып. Сонда Шәкең жұлып алғандай:
– Әй, бауырым, тыңда! Алла әділ болса, мына сенің әйеліңді алуы керек еді. Сенің әлі бірнеше тоқал алуға күйің бар, жассың. Менде қартайғанда не шама бар? – деп, басын көтеріпті.
Сөзден тосылған жұбатушылар не дерлерін білмей, сөзден тосылып, үнсіз қалыпты.

Шәкір ақынның құдалық жолда жеңілуі

Шәкір ақын бір жылы Шұбартауға құдалыққа барыпты. Ақын келді деген соң, ауыл адамдары жиылып, әлі аты шыға қоймаған ауылдық ақын келіншекпен айтыстырмақшы болады. Айтыс алдында Шәкеңнің ауылдағы бір танысы ақын келіншектің міні – ауылдағы байшыкеш Иманбай деген жігітпен кґңілдес болып, 20 тұсақ алып, жоғалған малын тґлегенін айтып қояды. Соны тілге тиек еткен Шәкір айтыс үстінде келіншекке:
Үлкен тау Тарбағатай, көделі бет,
Малға жайлы болғанмен, дұшпанға шет.
Жас басыңнан қағынып ойнас қылып,
Иманбайды шатылттың сен қарабет, – дейді.
Сонда келіншек:
Үлкен тау Тарбағатай, көделі бет,
Малға жайлы болғанмен, дұшпанға шет.
Бір түндігім 20 бас тұсақ болған,
Ондай түннен сендей ақын садаға кет, – дегенде, Шәкең аузы буылып, үнсіз қалыпты.

Мәуітқазы Зүкенов,

Өскемен.

Алматы да естіген бе?

Анау жылдары қаршыға руының екі-үш жігіті жолаушы шалды тонап, соққыға жығып, өздері ұсталып, қаршыға руына жаман атақ жамалып, осы жағдай дүрілдеген әңгіме болғаны бар.
Аудан архитекторы Құнафин Бағлан аға Асубұлаққа сайлауға уәкіл болып, «москвичпен» жолға шығады. Жолда Бестерекке барамын деген ақсақалды отырғызып алады. «Кімсің, балам? Есімің кім?» деп жөн сұраған ақсақалға қушыкеш Бағлан: «Ата, мен Алматыда тұрам, руым – Жалайыр, Асубұлаққа қонаққа бара жатырмын, ал өзіңіз кімсіз?» дейді. «Руым – қаршыға» дей бергенде, Бағлан көлігін кілт тоқтатады. «Не болды, балам?» дейді шошып қалған ақсақал. Бағлан: «Ата, сізді әрі қарай апара алмаймын, қаршығалар жалғыз жолаушыны тонайды деп естігем, қорқам» дейді. Таңданып, жағасын ұстаған ақсақал:
– Астапыралла, Алматы да естіген бе? – деген екен.

Жинастырған – Қабыл Сүлейменов

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button