Тасқынға - тосқын

Сел қаупі сейілген жоқ

Бүгінде Шығыс Қазақстанның алты ауданында сел жүру қаупі сақталуда. Қауіпті аймақтар тізімінде Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Тарбағатай, Үржар аудандары мен Риддер қаласы бар.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, сел жоғарыда аталған аудандардың 13 елді мекеніне қауіп төндіруі мүмкін. Себебі дәл осы аудандардың таулы аймақтарында 146 мореналық көл пайда болады. Қазір мамандар аталмыш су қоймаларындағы жағдайды әуеден бақылауда.

Жалпы, дәл қазір облысымызда көшкін қаупі жоғары тоғыз учаске бар екен. Бұл тізімге Риддердегі Громотуха мен Уба өзендерінің, Алтай мен Катонқарағай аудандарындағы Бұқтырма, Хамир мен Чернова өзендерінің, сондай-ақ Зайсандағы Кендірлік өзенінің бассейндері енеді.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті «Қазселденқорғау» мекемесімен бірлесіп, сел және көшкін қаупі бар учаскелердегі халық пен инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлепті. Аталмыш жоспар аясында мореналық көлдерде батиметриялық зерттеулер жүргізу жоспарлануда. Сел жүру қаупі бар учаскелерде 46 ескерту және тыйым салу қалқаны орнатылған. Қауіпті аймақтағы елді мекендер мен шаруашылық нысандарын апаттан қорғау мақсатында халықпен және кәсіпорын басшыларымен қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Жоспарға сәйкес, 15 мамырдан бастап облыста бірнеше гидробекет жұмысын бастамақ. Белгілі болғандай, өңірде 547 адам мен 77 бірлік техника, 15 тіркеме, 122 жылжымалы мотопомпа және 30 жүзу құралы көмекке келуге әзір.

«Қазіргі уақытта облыс аумағындағы жағдай тұрақты. Барлық сел қаупі бар учаске «Қазселденқорғау» мен ТЖД мамандарының жіті бақылауында», – деп хабарлайды ТЖД-нің баспасөз қызметі.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button