Ел жаңалықтары

Сараланған тарифпен төлейді

   «Семейдегі қалалық автобустарға сараланған тариф енгізу туралы шешім 20 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл туралы брифингте Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серікқали Жұманов мәлім етті» деп хабарлайды Семей ақпараттық орталығы.

Сонымен, 20 қаңтардан бастап «Avtobys» мобильді қосымшасы мен көлік картасы арқылы төлемдер үшін тариф 80 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлемдер үшін 140 теңге болады. Егер валидатор жұмыс істемей қалса, карта немесе мобильді қосымша арқылы төлейтін жолаушы жол ақысын төлемейді, өйткені жабдықтың дұрыс жұмыс істемеуіне тасымалдаушылар жауап береді. Қалалық автобустарға стационарлық валидаторларды орнату жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталды. Бүгінгі таңда оператор 328 стационарлық валидатор мен 328 ұялы терминалдар сатып алды. Стационарлық валидаторлар «SemeyBus» ЖШС және «Семей автобус паркі» ЖШС қызмет көрсететін барлық бағыттарда жұмыс істейді, бірақ көптеген маршруттар QR кодтарымен әлі де қамтылмаған. «SmartConcept» ЖШС өкілдері 20 қаңтарға дейін барлық қалалық автобустар электрондық билеттер жүйесімен қамтылады деп сендірді. Қазіргі таңда 147 307 көлік картасы сатылды, оның 109 мыңы стандартты. Сонымен бірге, билеті жоқ жолаушыларға бақылау күшейтіледі. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Сейілбек Нұрекеновтің айтуынша, автобустарда төлем тәртібін бақылайтын арнайы мобильді топтар жұмыс істейтін болады.

– Мобильді топтардың құрамына әкімдік өкілдері, тексеру тобы және полиция қызметкерлері кіреді. Жолаушы жол жүру ақысын төлемегені үшін 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, –  деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.

– Электрондық жүйе енгізілген кезде, егер жұмыс динамикасы жақсы болса, кондукторлар бұдан былай қажет болмайды, – деді Серікқали Жұманов. Кондукторлар жұмыссыз қалмауы үшін мобильді топтарға тартылып, желілерде  бақылау жүргізеді делінген Семей қаласы ақпараттық орталығы таратқан мәлімет бойынша.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button