Отанға адал болуға ант берді
Аягөз гарнизонында орналасқан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінде Қостанай және Ақтөбе облыстарынан келген 80-ге жуық жас сарбаз арнайы дайындық жиынынан өтіп, салтанатты түрде ант берді.
Әрбір жас өреннің әскер қатарында борышын өтеуі – абыройлы іс. Қырағылық пен жауапкершілікті бойына қалыптастырып, қайсарлық пен өжеттілікті үйрететін әскери өмірді сезінген жас сарбаздардың Отанға адалдық туралы анты сенімді әрі нық айтылды.
Шараға қатысқан әскери бөлім басшылығы, Қарулы Күштер ардагерлері, ата-аналар жас сарбаздарды осы айтулы күнмен құттықтап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып қайтатындарына сенім білдірді.
– Әскери ант қабылдаған жас сарбаз өз мемлекетінің нағыз қорғаушысы болады. Осындай жауапты сәт – нағыз ер-азаматқа лайықты қадамдардың бірі. Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздарды жарғымен белгіленген барлық міндеттерді орындап, әскери қызметті үлгілі атқаруға шақырамын. Сондай-ақ нағыз ер-азаматтың қалыптасу жолындағы басты қадамымен құттықтаймын, – деді әскери бөлім командирі полковник Таир Жұматаев.
Сонымен қатар салтанатты ант қабылдау рәсімінде жас сарбаздар құрамы атынан сөз алған жас сарбаз барлық қарулас достарын құттықтап, антқа адал, сертке берік болуға шақырды.
– Ел тыныштығын қорғау – әрбір ер-азаматтың парызы. Біз қабылдаған әскери антқа адал боламыз. Әскери қызметті абыроймен атқару үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Барлық қиын тапсырмаларға қарамастан, командирлер қойған міндеттерді орындап, еліміздің қауіпсіздігін сақтауда өз үлесімізді қосамыз, – деді Ақтөбе өңірінен келген қатардағы жауынгер Аслан Жақсылықов.
Айта кетейік, әскери өмірдің табалдырығын жаңа аттаған жас сарбаздар бір ай көлемінде арнайы әзірленген жоспар негізінде алғашқы әскери өмірге бейімделіп, саптық жүріс пен әскери іске машықтанды. Дайындық барысында жас сарбаздар алдағы бір жыл бойы өткеретін қызметінің ережелері мен міндеттерін, жалпы әскери жарғылардың өздеріне қатысты қағидалары жайлы тәлім алды. Енді олар алдағы бір жылда маман-жүргізуші, радиотелеграфшы, планшетші мамандықтары бойынша арнайы білім алып, қызметтерін өткеретін болады.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі