Дәурен Абаев: – СЕМЕЙ ӨҢІРІН ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТУРИЗМНІҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫРУ ҚАЖЕТ
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген еліміздің мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Семейде болып, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік музей-қорығының бөлімдерімен танысты.
Сонымен қатар министр Абай Құнанбайұлының туған жері Сырт-Қасқабұлақта, Ақшоқыдағы Құнанбай қорымы мен Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенінде болып, зиярат етті. Жидебайдағы Абай музей-үйі экспозициясымен танысты, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйінің жаңа экспозициясын салтанатты түрде ашты.
Бөріліде 1987 жылы жазушының 90 жылдығына орай қыстау қалпына келтіріліп, музей-үйі ұйымдастырылған. Араға он жыл салып 1997 жылы жазушының ата-анасы Омархан мен Нұржамалдың зиратына кесене тұрғызылды. Жобаның авторы –сәулетші Бек Ыбыраев. Музей-үйінде 2020 жылы ғылыми-реставрациялық жұмыстар мен музейлендіру жүргізілді.
Тарихи нысанды аралаған министр Дәурен Абаев: – Шығыс Қазақстанның киелі орындары – халқымыздың тарихи және рухани құндылыққа ие мекені. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Біздің міндет – осы мұраны құрметтеу және сақтау, оны барша қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарға қолжетімді ету. Сонымен қатар біздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен тарихымыз туристерге қызықты екенін ұмытпайық, сондықтан осынау үрдісті қолдауымыз қажет. Қолда бар әлеуетімізді іске асырып, бұл өңірді этнографиялық және экологиялық туризмнің орталығына айналдыруымыз керек, – деп атап өтті.
2020 жылы бой көтерген Құнанбай музейімен танысу барысында ведомство басшысы Абайдың әкесінің өмірі мен қызметі туралы ақпаратқа қанығып, құнды жәдігерлер мен тұрмыстық заттарды көрді. Мұражайдың интерьері заманауи талаптарға сәйкес жасалған, онда конференцзалдар мен көрме залдары бар.
Алаштың рухани астанасындағы жұмыс сапары барысында министр Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында «Әуезов әлемі» атты мерекелік концертті тамашалады. Мерекелік шарада зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері болды. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Еркін Шүкіманов, Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина және Семей қаласының өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.
– Бүгінгі іс-шараны Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын мерекелеудің бастамасы деуге болады. Мерейтой аясында төрт бағыт бойынша барлығы 80-нен астам іс-шара өткізіледі. Олар ұлы жазушының мәдени мұрасын сақтауға және оны халық арасында насихаттауға бағытталған. Әуезов – әлемдік тұлға. Кешегі Алаш қайраткерлерінің асыл мұратын, асқақ идеяларын ту еткен әйгілі суреткерді біз әлі де терең зерделеуіміз қажет. Әдебиетімізді биіктеткен, ел ертеңі үшін басын бәйгеге тіге жүріп соңына қыруар еңбек қалдырған кемеңгер тұлғаның тұғыры қашанда асқақ болуы тиіс. Ел ертеңі жолында тарихи тұлғаларымыздың өнегелі өмірін жас ұрпаққа үнемі насихаттай білуіміз керек. Мұхтар тойы – баршамызға ортақ той! Мерейтой құтты болсын! – деді министр.
Жазушының мерейтойы Семей жерінен бастау алса, өңірлік деңгейде мерейтойлық датаға орай барлығы 500-ден астам мерекелік іс-шара өткізу жоспарланған. Оған қоса Мұхтар Әуезовтің бес томдығы басылып шығарылып, білім беру ұйымдарында Әуезов әдеби орталықтары ашылатын болады.
Семейдегі жұмыс сапары барысында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау кезінде спорт секцияларын жан басына қаржыландыру, мәдениет саласындағы техникалық қызметкерлердің жалақысын өсіру, тарихи нысандарға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу, гид-экскурсоводтарды даярлау мәселелері қозғалды. Министр азаматтардың барлық өтініштері бойынша толық түсінік беріп, оларды шешуге қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
Қуаныш Рахметоллаұлы