Ел жаңалықтарыМәдениетӨзектіТОП

«Бала деген ұзақ мерзімге құрылған жоба іспетті»

60 жас шамасындағы әйел адамның бетіне бүтін бір тортты жапсыра салған қазақ жігіттің іс-әрекеті әлеуметтік желіде көпшіліктің ашуын туғызды. «Анасын туған күнімен құттықтаған бала» деп жарияланған бұл видео қай облыста түсірілгені белгісіз.
Осы жайтқа байланысты психолог-аналитик Ольга Солоненко бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне пікірін білдірді.
– Мәселе интеллектуалдық деңгейге байланысты. Өзін-өзі сыйлау, айналадағы адамдарды сыйлау, яғни «адамның қадірі!» деген нәрсе бар. Кейбір жас мұндай ұғымнан бейхабар болса керек. Басына тез-ақ істей салуға болатын ой келгенде дереу тежеп, одан да маңызды, игілікті мақсатты орындауға бағыттайтын адамның зердесі болады. Зерделі кісі алысты болжай біледі. Мысалы, біз күнделікті төзім, күш-жігерімізді сарып қып жұмыс істегеннің арқасында айдың соңында ақы аламыз. Демек, тұрақты түрде ой еңбегін жұмсаймыз. Ал қазір оп-оңай хайппен ақшаға кенелудің амалдары пайда болды. Оған миыңды іске қоспайсың, күш-жігердің де қажеті жоқ. Эмоция болса болды. Міне, соның кесірінен жастар кемшіліктерге ұрынып, қадірлі адамның бағасын кемітіп алып жатады. Жалпы бойдағы талантты қалай пайдалану керек екеніне қазіргі жастардың білімі мен танымы жетпейтіні ап-айқын көрінеді, – дейді маман.
Оның айтуынша, мәселенің төркіні бала тәрбиесіне үстірт қарауда жатыр.
– Бала әйтеуір өсіп жатады. Ол бір ғана сәтте дүниеге әкеле салған зат емес, дамытуды, жетілдіруді қажет ететін кәдімгі ұзақ мерзімге құрылған жоба іспетті екенін түсінбейміз. Мұндай салғырттық барлық салада кездеседі. Әркім өз жұмысына жауапты қарамаған жерден орыны толмас олқылықтар кетуі мүмкін, – дейді.
– Әлеуметтік желіде оғаш қылық істегендерге бір жағынан рахмет айтамын. Бала тәрбиесі ақсап тұрғанын есімізге салды. Өзгеріске бет бұрмасақ, болашағымыз қорқынышты екенін көріп тұрмын, – дейді маман.

Дайындаған – Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button