САМАЛҒА САЗЫН ҚОСҚАН БАҚЫТБЕК
Күршім балалар музыка мектебінде оқушылардың күзгі демалыс күндерін тиімді пайдалану мақсатында әнші Бақытбек Қонысбаевпен «Әнмен жазам жанымды» атты кездесу кеші өтті. Кешті домбырамен ән айту сыныбының оқытушысы Мұғира Бек ұйымдастырды.
- 1963 жылы 11 желтоқсанда Топтерек ауылында дүниеге келгем. Әншілікке байланысты бірде-бір білім ордасының есігін қаққан жан емеспін. Ауыл мектебін аяқтағаннан кейін, сиыршы әкеме болысуға малдың шетіне шықтым. Әнге махаббатымды оятқан – «Қыз Жібек» киносы, сондағы Төлеген айтатын әндерді шырқаған Қайрат Байбосынов. Сол киноны қазақ киносының алды деп айтуға болады. 4-класта оқып жүргенде сол кісінің дауысына тәнті болып, әндеріне ерекше ғашық болдым. Сол кісіге ұқсап ән айтатынды шығардым. 15-16 жасымда домбырамен ән айта бастадым. Жалпы, адамның дауысын ашатын кең дала, көркем табиғат. Әнші бала атанып жиын-тойлардың сәнін кіргіздік. Көкейімде қалып қойғаны Қайрат Байбосыновтың дауысы. Бертін келе сол кісінің шәкірттері ән салғанда ішкен асымды жерге қойып, экранға телміріп отыратынмын. Соңғы екі жылда инсульттың салдарынан жарты денем жансызданып қалған еді, ем-домның арқасында қазір қолым домбыра ұстауға келді, дейтұрғанмен бұрынғыдай әуелетіп ән салғанға толық келе қойған жоқпын, – дейді Бақытбек Қонысбаев.
Сонда да жүргізушінің қолқа салуымен үш-төрт әнді тамылжыта орындады. Оқушылар мен ұстаздар әншінің салған әніне қарап «мен» деген кәсіби әншілерден кем еместігін айтты. Осындай дарынның өз уағында бағаланбай, құрметке бөленбей, тасада қалуы қандай өкінішті.
Кейіпкеріміз сырттай ұстаз тұтқан әншісі Қайрат Байбосынов: «Біз енді қырда өстік. Ауылда радионы тыңдап, айтылған әндердің мақамын қаз-қалпында қағып алып орындап жүрдік. Шынында, радиодан алыс кетпейтінбіз. Үйренген әніміз қайталанғанда дұрыс түсінбеген жерімізді жөндейтінбіз. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Білгеніміз – Қазақ радиосы мен Шалқар. Қазақ әндерін осы екі радиодан үйреніп әнші болған мен ғана емес шығармын. Мен секілді менің замандастарым аз емес. Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкіртімін. Мен әрқашан өзімнің ұстазым Жүсіпбек Елебековтің тағылымын ұстанамын. Өйткені «ұстаз берген тәлім-тәрбие, белгілі қағидалар маған артылған аманаттай көрінеді», – деген екен. Тура осы пікірді айтып отырған Қайрат Байбосынов елдің шетінде, боранның өтінде, кең сахарада қойын құрттап, айранын ұрттап жүріп ән салған шәкіртінің бар екенін сезбеген шығар.
Қайрат Байбосынов бір ғана Бақытбектің емес, ән өнеріне тамсанған мыңдаған Бақытбектің рухани ұстазы болғаны даусыз. Сол кездегі қойлы ауылда керегеде байланып тұратын шағын радиодан айтылған әндердің әуені қыр баласының қиялына қанат бітіріп, ұшы-қиырсыз шексіз әлемге алып кететін. Тұтас табиғат ән салып тұрғандай сезілетін. Бұл бір дәуірдің, тұтас бірнеше буынның ғажайып қайталанбас тарихы еді. Домбыраны қол жеткендер ұстайтын, гитара ілуде бір кездесетін аспап еді. Сондай ортадан жастықтың жалынымен суырылып алға шыққан Бақытбек Әбілқарысұлы болатын.
- Бақытбек бала күнімізден бірге өскен, құлын-тайдай тебіскен азамат. Бертін келгенде 1998-2000 жылдары бір шаңырақтың астында қатар тұрдық. Әкелеріміз де бірге өскен жолдас болған. Өмірде, өнерде де бірге болдық. Жас кезімізде жайлаудың төрінде ән салып, сауық құрдық. Оқымаса да Алланың берген дара дарыны ғой, табиғат берген дауысы таза баритон, жуан дауысты, дауысының нәрі өте жоғары. Есте сақтау қабілеті өте керемет! Бала күннен радиодан тыңдап, Мәдидің, Ақан сері, Біржан салдың халық әндерін бабына келтіріп орындайтын. Екі жылдай сырқаттанып қалып еді, енді ақырындап денсаулығы жақсарып домбыра ұстауға келіпті. Үзеңгілес, сапарлас болып талай жерде, жиын-тойларда бірге жүрдік. Ән де айттық, домбыраны тамаша шертеді. Өзі он саусағынан өнер тамған шебер, қамшы өру, жүген, ноқта жасау, өмілдірік, құйысқан түю, ертоқым құрау жағынан ерекше шебер. Қамшының өрімдерін тістің суындай өреді. 1992 жылдары аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауына бірге қатысқанбыз. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт, құралайды көзге атқан мерген. Әлі күнге дейін қаз-үйрек атқанда оғы жерге түскен жан емес. Ат үстінде шалма тастаудың қас шебері, қандай асау, қашаған жылқыға бірақ рет тастаса болғаны, тыпыр еткізбей алып соғады. Бала күннен машық қылған әдеті ғой. Әкесі Әбілқарыс ақсақал жай малшы болды, бай тұрды. Балаларының тақымынан тайпалған жорға кетпеді. Сал-серілердің жырында «Жүйрікті жолға мініп жетеледім, көңілім қалған емес, қиғаш қастан», –дегендей, жайлаудың төрінде Бақытбек астында қасқа жорға, домбырасын күмбірлетіп, өмілдірік, құйысқанды төгілдіртіп, дауысы күндей күркіреп әндетіп жүретін азамат. Бала күннен ат үстінде жүргендіктен болар, кең жайлауды аңсап тұрады, –дейді, дәстүрлі әндерді орындаушы, сал-сері, атбегі Есен Мәженов.
Міне, кездесуге келген кеш қонағынан ұлы даланың бір пұшпағында арайлап атқан таңды домбыраның күмбірімен қарсы алып, жан жарасын, сағынышқа, арманға толы көңілін күймен емдеген жанның жан сарайына үңілгендей болдық. Бұрынғы сал-серілердің сарқытындай болып тектілердің асыл тұяғы алдымызда отырғандай күй кештік.
Көгедай Шәмерханұлы
Күршім ауданы.
Сурет автордікі.