«Рухани керуен» жастардың рухын көтерді
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облыстық ақпараттық-насихат тобы Риддер қаласында, Зырян, Катонқарағай, Көкпекті аудандарында болып, жұртшылықпен кездесулер өткізді. Бұл жолғы топтың бір ерекшелігі өңірге белгілі өнерпаздардан жасақталған «Рухани керуенмен» сапарға шықты.
Алғашқы сапарын кеншілер қаласынан бастаған керуен өкілдері ол жерде Батыс-Алтай қорығы, «Нива» наубайханасы, суарнасы, «ШҚ АЭК» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен және қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен жиыны сегіз кездесу өткізді. Ашық сұхбат түрінде өрбіген жиындар барысында қатысушылар өздерін толғандырған діни ұйымдардың іс-әрекеттеріне қатысты көкейтесті сұрақтарын қойып, облыстық дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандарынан тұщымды, әрі толық жауаптар алды.
Сонымен қатар, ақпараттық топтың мүшелері жергілікті жерде жұмыс істеп жатқан діни ұйымдардың жетекшілерімен кездесу ұйымдастырып, дін саласындағы заңнаманы ұстану және қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік жауапкершіліктері туралы мәселелерді талқылады. Топтың жұмысы «Рухани керуен» құрамындағы ақын-термешілердің, әншілердің тамаша кешімен аяқталды. Бұл кешке 700-ге тарта адам қатысты.
Осыдан соң Риддер қаласынан шыққан «Рухани керуен» көші Зырян ауданын бетке алды. Мұнда мамандар №2 мектеп-интернаттың, көлік және құрылыс колледжінің оқушылары және педагогтарымен, дінтану пәні мұғалімдерімен, аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторларымен келелі кездесулер өткізді. Ал Серебрянка мен Жаңа Бұқтырма елді мекендерінің тұрғындары «Рухани керуен» өнерпаздарының өнерлерін тамашалады.
Облыстық дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры И. Беркімбаева, ақпараттық түсіндіру бөлімінің маманы Г. Рыспаева, осы орталықтың теологы А. Томантаев бастаған ақпараттық-насихат тобы ат басын бұрған келесі аудан Катонқарағай болды. Бұл өңірде мамандар Үлкен Нарын, Катонқарағай, Топқайың, Жамбыл ауылдарында, Өрелдегі № 2535 әскери бөлімде, аудан орталығындағы агротехникалық колледжде кездесулер ұйымдастырды. Бұл жиындарға ауыл тұрғындары, оның ішінде жастар, мектеп мұғалімдері, сырттан көшіп келген қандастарымыз, жұмыссыздар, мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Жұмыс барысында топ мүшелері аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-насихат топтарының мүшелері қатысқан актив жиынын өткізіп, сондай-ақ, жергілікті ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Бұл басқосулар барлығы 500-ден астам адамды қамтыды. Қатысушыларға кітапшалар, бүктемелер, орталықтың визит-карталары таратылды.
Кездесу барысында дәріскерлер еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаты мен заңнамалары, деструктивті діни ағымдардан сақтану жолдары туралы дәрістер оқып, қойылған сұрақтарға жауаптар берді.
«Рухани керуенді» Көкпекті ауданында «НұрОтан» партиясы филиалының өкілдері, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері қарсы алды. Самар Мәдениет үйінің алдында әр ұлттың киімін киген өнерпаздар керуен мүшелеріне әннен шашу шашып, қошемет көрсетті.
Керуеншілерге «НұрОтан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Г.Ақшабаева сөз арнап, қонақтардың жұмысына сәттілік тіледі. Ең алдымен сөз алған И. Беркімбаева керуеннің аудандарды аралап жүргендегі мақсатына тоқталды.
– Бұл керуен тұрғындар арасында дін мәселелерін, рухани құндылықтарды ақпараттық-насихаттық түрде насихаттаудың инновациялық жобасы болып табылады. Басты мақсаты Қазақстан халықтарының дәстүрін, дінін, патриоттықты ұлттық өнер, шығармалар арқылы насихаттау, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жетілдіру болып табылады, – деді ол.
Бұдан соң Арман қари сөз тізгінін алып, жастарға ата-ананы сыйлау, құрметтеу жайында уағыз айтты. Құран Кәрімнің аяттары мен сүрелеріндегі ата-ананы сыйлауға қатысты айтылған тұстарына баса назар аударды.
Елімізде конфессияаралық татулықты нығайтуға үлес қосып жүрген тағы бір адам Сергий әкей. Оның да жиналған қауым алдындағы әңгімесі еліміздегі бүгінгі ынтымақты нығайту, дінаралық келісімді одан әрі жетілдіру және діни экстремизмнен сақтану тақырыбын әрі қарай жалғастырудан құралды.
Ел ынтымағын жарастыруда ақын сөзі қашанда биік тұрады. Бүгінгі рухани керуеннің сөзінің шырайын келтірген ақындар Н. Матвеева мен Г. Пуссеп болды. Облыстық «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің төрайымы Наталья Семеновна бірнеше өлеңдер жинағының авторы, қоғамдық белсенді адам. Ол өз сөзінде рухани байлық туралы айта келіп, бірнеше өлеңдерін оқып берді. Ақын, прозашы, ұстаз, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Геннадий Пуссеп те шығармашылық жұмысымен қатар, қоғамдық істен тыс қалмайды. Сөзін әріден бастаған ол Ақ Ертістің бойында тұратын шығыстықтардың қонақжайлылығы, кеңпейілділігі де шалқыған Ертіс суындай, шырайлы атқан күндейт ашық екенін жеткізді. Патриоттық рухты оятатын сөздері мен өзінің шығармашылығынан оқыған үзінділері жастар бойында жігер бергені рас. Ол белгілі ақын Б. Щербаковтың туған жер, оның табиғаты туралы жазған өлеңдерінен де үзінді оқыды.
Рухани керуеннің көркін ән мен жыр, би одан әрі әрлендіре түсті. Көпшілік алдында Самар мәдениет үйінің әншісі Т. Нечаева ән шырқап, «Самарчанка», «Тұмарым» топтары би биледі.
Серік Әбілхан
Клара Нұрпейісова