Дін

Құрбан онлайн шалынады

Құрбан айт мейрамына орай облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатайдың қатысуымен баспасөз мәслихаты болды. Бас имам карантин уақытында мейрам қалай аталып өтетінін, құрбан қалай шалынуы керегін байыппен түсіндіріп берді.

Құрбан айт, Діни басқарманың жанындағы Ғұламалар кеңесінің шешімімен, 31 шілде және 1-2 тамыз күндеріне белгіленді. Биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қашықтан құрбан шалу жобасы қолға алынды. Анығырақ айтсақ, жаңа ашылған qurban2020.kz сайты арқылы құрбан шалуға онлайн тапсырыс бере аласыз. Ол жерде мал таңдап, бағасын келісесіз және өзіңіздің мекенжайыңыз бен жеке бас құжаттарыңызды толтырасыз.

– Ауылдағылардың мал союға ыңғайлы өз ауласы бар. Біз сөз қылған жоба, әсіресе, қалалық қауымға қолайлы болмақ. Алдын ала айғақ ретінде өзіңіз таңдаған малды қалай шалғанын фото, видеоға түсіріп беруді де өтіне аласыз. Мұндай жоба елде бірінші рет істелгелі отырғандықтан, қателіктер кетуі әбден мүмкін, оған түсіністікпен қарайсыздар деп сенеміз. Бір айта кететіні, имамдар бұл жерде ешқандай пайданы көздеп отырған жоқ. Карантин талаптарын сақтап, мал соятын орынға көпшілік қауымның жиналмауы үшін ұйғарым осы болды. Онлайн құрбандық шалу барысында имамдардың жұмысы делдалдық емес, аталған рәсімді ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіру, – деген бас имам құрбанды 31 шілдеден бастап 2 тамыз күні түс ауғанша шалуға болатынын жеткізді.

Оның айтуынша, биыл тапсырыспен шалынған барлық малдың еті әлеуметтік аз қамтылған шаңырақтарға беріледі. Жоғарыда айтылған сайтта жағдайы төмен отбасыларға арналған ұяшық бар. Сол арқылы өздеріне етке тапсырыс беруге болады. Волонтерлер көрсетілген телефонға хабарласып, айтылған мекенжайға жеткізеді. «Бұрынғы әдетпен «ет тарататын еді ғой» деп қасапхана мен мешітке барудың жөні жоқ. Осы сайтпен тапсырыс беріңіздер. «Қас түзетемін деп көз шығарып алмайық» демекші, карантин талабын сақтап, үйде отырыңыздар. Індеттің таралмауын ойлайық», – дейді ол.

Бас имам саудагерлерді алдап-арбауға бармауға шақырды.

– Қала жұрты малдың түрін, жасын айыра білмейтіні рас. Осыны пайдаланып, жасы толмаған немесе кем-кетік малды өткізуді ойламайық. Алты айдан асқан тоқтыны, барлық мүшесі сау қой-ешкіні, екі жастан асқан сиырды және 5 жастан асқан түйені құрбанға шалуға болатынын қаперде ұстаңызар. Бұл талғамға толмағандар шалуға жарамайды. Жұмысым алға бассын десеңіз, қасиетті мейрамда дұрыс іс қылайық, – деді ол.

Қазіргі уақытта облыста құрбан шалу орындары ашылған. Діни рәсім жергілікті әкімдік пен санитария мамандарының рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады.

Ермек қажы Мұқатай мешіттер карантинге байланысты жабық екенін, онда жамағаттың жиналуымен намаз оқылмайтынын да ескертті.

– Қасиетті құранда «бір адамның өліміне себепкер болу – бүкіл адамзаттың өліміне себепкер болу», «өзіңді қауіпке тастама» деп бұйырады. Сондықтан мейрамда өз отбасыңыздың жанында болыңыз. Айтшылаймын деп үйді-үйді аралауға болмайды. Сол секілді адам баласы түрлі нәрседен қайтыс болады. Карантин уақытында жаназаға да көптеп жиналмаңыздар. Яғни, өздеріңізді қауіпке тастамаңыздар. «Алла сақтайды» деп жүре беру – өте қате түсінік. Себебі, Алла «Сақтансаң сақтаймын» дейді, – деп түсіндірді имам.

Оның айтуынша, қазір елдегі ахуалға байланысты имамдар да медицина саласына көмек көрсетіп жатыр. Мешіттердің жанындағы зекет қорлары арқылы және жекелеген имамдардың өздері арқылы қажетті құралдар мен дәрілер ауруханаларға тапсырылып келеді.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button