Құрбан айт мерекесі Өскеменде қалай өтеді?
Мұсылман қауымның ең ұлық мерекелерінің бірі құрбан айтқа орай өңірдің бас имамы Ермек қажы Мұқатай баспасөз мәслихатын өткізді.
Діни мерекенің мән-маңызына тоқталған имам биылғы жылдың еншісіндегі Құрбан айттың намазы 12-сі күні таңғы 7.00 де оқылатынын хабарлады. Сондай-ақ, Өскемен қаласындағы жыл сайынғы құрбандық шалатын орын биыл Шығыс кентіне ауысқан. Ол жерге қазір биоәжетханалар салынып, мал соятын арнайы орындар реттеліп жатқан көрінеді.
– Құрбандықты қайда сойса да, таза болуы, әрі құрбандық малды қинамай союуы керек. Биыл біз құрбандық шалу үшін 30 адамды оқытып жатырмыз. Олар арнайы киімдер киіп, халыққа қызмет көрсететін болады. Содан кейін тағы бір айта кететін мәселе – мешіттің маңын таза ұстауымыз керек. Қасиетті орынның маңына құрбандық шалып, қан-жынның исін шығарудың керегі жоқ, – деді баспасөз мәслихатында бас имам.
Жиында сөз алған Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Ошақбаев Құрбан айты және қала күндеріне орай аталып өтетін ауқымды шараларға тоқталды. Оның айтуынша, құрбандық малды соятын Шығыс кентінен айт күндері әр 15 минут сайын автобустар қатынайтын болады. Яғни, бұл күндері Абай көшесіндегі автобекеттен Шығыс ауылына 256 және 71 нөмірлі автобустар қатынайды.
Қалалық ветеринарлық бөлімнің басшысы Заманбек Серікбаевтың айтуынша, құрбандық малдарының құжаттары қатты қадағаланатын болады. Сондай-ақ, бас имам саудагерлерден бұл күндері малдың бағасын қалыптан тыс аспандатып жібермеулерін сұрады.
Құрбан айт мерекесіне орай өңірдегі мешіттерде әртүрлі мәдени шаралар өтіп, спорттық ойындардан жарыс өтетін болады. Өткен жылы Құрбан айт қарсаңында 400-ге жуық отбасына көмек көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлаған. Бұл игі шара биыл да өз жалғасын табады деп отыр.
Мұратхан Кенжеханұлы