Тасқынға - тосқын

Құтқарушылар соңғы әзірліктерін пысықтады

Облысымызда көктемгі су тасқынына дайындық күнібұрын басталып кеткен. Жалпы, биыл Шығыста қар қалың жауғанына қарамастан, мамандар жағдай тұрақты, алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыстың үлкенді-кішілі өзен-көліндегі су деңгейін күнделікті бақылауда ұстауда.

Белгілі болғандай, бүгінде облысымыздың кей жерлерінде тоңның қалыңдығы бір метрден асады екен. Биылғы қыстың басты ерекшелігі де осы болып тұр. Оған қоса, қар жамылғысының қалыңдығы да айтарлықтай, жазық жерлерде 90 сантиметрге, ал таулы аймақтарда екі метрге дейін жетеді.

Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, қазір облыстың су нысандарындағы гидрометеорологиялық жағдайға 53 бекет мониторинг жүргізуде. Мұздың қалыңдығы 94 сантиметрге жетеді, су деңгейі қауіпті деңгейден төмен.

«Бұқтырма су қоймасындағы реттеуші 14 миллиард 256 миллион текше метр, ал Шүлбі су қоймасындағысы 522 миллион текше метр мөлшеріндегі суды өткізуге мүмкіндік береді. Наурыз айының ортасына дейін Шүлбі су қоймасына 620 миллион текше метр су жинау жоспарлануда. Бұл Бесқарағай ауданы мен Семей қаласының елді мекендеріне қызыл судан төнетін қауіпті айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Бүгінде аймақтағы 94 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. Бұл елді мекендерде 22 мыңнан астам адам тұрады. Сол себепті, күнібұрын апаттың алдын алу жұмыстары басталған. Қазір қауіпті аймақтар мамандар бақылауында. Мұз жару жұмыстарына 198 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар наурыз айының басында басталып кеткен. Облыста 97 мың қап, 15 мың тонна инертті материал, 419 тонна жанар-жағармай қоры бар. Бұған қоса, 2 412 техника мен 370 мотопомпа көмекке келуге әзір. 108 эвакуация бекеті де сақадай сай. Жалпы, аймақтағы су тасқынының алдын алу іс-шараларына 1,9 миллиард теңге бөлінген.

ТЖД мамандарының көпжылдық зерттеулеріне сүйенсек, су басу қаупі әсіресе Алтай, Бородулиха, Глубокое,  Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай мен Шемонайха аудандарында, сондай-ақ Өскемен қаласында жоғары екен.

Бұған дейін аймақта облыс әкімінің қаулысымен барлық қызметтің жұмысын күшейту мақсатында жоғары дайындық режимі енгізілгенін жазған болатынбыз. Қазір өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Арнайы жұмыс топтары жер-жердегі апатқа дайындық деңгейін тексеру үстінде.

Облыста арық желілері мен нөсер кәріздерін тазарту да назардан тыс қалмауда. Бүгінге дейін елді мекендерден 430 мың текше метр қар шығарылып, автокөлік жолдары мен теміржол бойындағы 5 228 су өткізгіш құрылыс, 709 көпір, 557 арық пен канал қоқыс және мұз қалдықтарынан тазартылған.

«Қазгидрометтің» мәліметінше, наурыз айында облыстың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден жоғары болмақ.

«Су тасқыны қаупі бар аймақтарда тұратын халық алдын ала құлақтандырылды. Сондай-ақ тұрғындарға үйлерінің айналасын қардан уақтылы тазартып тұру қажеттігі ескертілді. Қарғын су қаупі туындаған жағдайда, дереу 112 нөміріне хабарлау қажет», – дейді ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Сәрсен Қабылым

 

Осы айдарда

Back to top button