Дін

Пітір садақасын кімдерге және қашанға дейін берген дұрыс?

– Пітір садақасы қалай есептеледі, кімдерге берілуі тиіс және қай уақытқа дейін берген дұрыс?

Сауалға ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша бас имамы, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай жауап береді:

– Пітір садақа 2 келі бидай (ұн, талқан, т.б.), не мейізбен немесе 4 келі құрма, не арпамен есептеледі. Дегенмен қазіргі жағдайда мұқтаждың көптеген қажетін өтеу үшін азық-түліктің орнына пітір садақаның құнын берген абзал. Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті ҚМДБ пітір садақаны ұнмен есептеуге пәтуа шығарды. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де садақа беруге рұқсат етіледі.

Пітір садақа Құранда айтылған жағдайы жоқ жандарға, ештеңесі жоқ міскінге, зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдарға, қарызға батқандарға, Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға, қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушыларға беріледі. Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Бірақ пітір садақаны алдымен өз туыстарына, ағайындарына, көршілеріне бергені абзал. Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке берген жөн. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.

Фиқһ ғалымдары пітір садақасын айт күні таң атқан соң айт намазын оқымай тұрып беру ұнамды амал дейді. Алайда пітір садақаны Рамазан айы кіргеннен бастап, ораза айт намазына дейін беруге болады. Көп адамдар соңғы күні пітір садақа беруді ұмытып, уақытынан кешіктіріп жатады. Сондықтан Рамазан айының ішінде садақа беруге болатындығын есте ұстаған жөн. Кешіктірілген жағдайда да садақа міндетті түрде берілуі тиіс.

Ең бастысы, пітір садақа – оразадағы қате-кемшілікті толтырушы садақа, сонымен қатар кедейлерге ораза айтта мерекелеуге септігі тиетін садақа түрі екенін ұмытпайық.

Бақыт Жанатбекқызы, Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button