Дін

Пасха мерекесімен құттықтады

Пасха мерекесімен құттықтады

Өскемендегі Андреев кафедралды соборында православ христиандарының Пасха мерекесін ұлықтау шарасы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, аймақ басшысының атынан да дін өкілдерін ұлық мерекелерімен құттықтады.
Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген Жақсылық Омар жүректерге сенім мен үміт ұялататын мерекенің маңызына тоқталды.
-Өздеріңіз білесіздер Шығыс Қазақстанда 105 ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Сол ұлттардың діни ғұрыптары мен мәдени құндылықтарына барынша қамқорлық жасалған. Облыс басшылығының атынан сіздерді осынау бейбітшілікке үндейтін мерекемен құттықтаймын. Бүгін Мемлекет басшысы барлық православ христиандарды аталған мерекемен құттықтады. Өз сөзінде Елбасы бейбітшілік пен тыныштықты қолдауға, тұрақтылықты сақтауға христиандық қауымдар салмақты үлес қосып отырғанын атады. Пасха мерекесін тек христиандар ғана емес, бүкіл облыс жұртшылығы болып күтеміз. Бұл мереке барша қазақстандықтарғ үшін ортақ халықтық мерекеге айналып отыр, – деді Жақсылық Омар.
Ғибадатханаға жиналған қауымды облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюк те құттықтады. Өскемен және Семей епископы Амфилохий облыстың православ христиандары атынан аймақ басшылығының құттықтауына алғысын білдірді.
-Осында келіп, бізді мерекемізбен құттықтап жатқандарыңызға рақмет. Аймақ басшысы бүгін мені өзі қабылдап, Пасха мерекесімен құттықтаған болатын. Сіздердің құттықтау сөздеріңізде, Елбасының христиандарға жолдаған ізгі тілегінде терең даналық жатыр. Ұлтымыз, наным-сеніміміз әртүрлі болғанына қарамастан барлығымыз біртұтас Қазақстан мемлекетін құру жолында қызмет етіп келеміз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің тұрақтылықты ту еткен тірлігіне қарап көптеген мемлекеттер бой түзейді. Осының бәрі Мемлекет басшысының сарабдал саясатының жемісі, – деді дін өкілі.
Діни рәсімге арнайы келген меймандарға собор атынан алғысхаттар мен кәдесыйлар табысталды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button