Пікір-сайыс сегіз сағатқа созылды
Тәуелсіздік күнін мерекелеудің аясында Өскемен жоғары политехникалық колледжінде «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының кубогына арналған облыстық пікір-сайыс турнирі өтті.
ЖОО мен колледждер студенттерінен және оқушылардан құралған, барлығы 48 команда қатысқан сайысты партияның облыстық «Jas Otan» жастар қанаты ұйымдастырды.
Сайыстың ережесіне сай қатысушы тараптар Парламент және оппозиция болып екі тарапқа бөлініп, өз өнерлерін көрсетті. Олардың бірі тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жеткен жетістіктерін нақты деректерді, цифрларды, фактілерді, статистикалық мәліметтерді алға тарта отырып дәлелдеп шықса, екіншілері еліміздің экономикасын, мәдениеті мен ғылымын одан әрі жетілдіре түсу жолындағы өздерінің құнды пікірлерін ортаға салды.
– Мұндай пікір-сайыстар жастардың көпшілік алдында қысылмай сөйлей білу дағдысын, логикалық ойлауын және ой-өрісін қалыптастырады. Бұл тек интеллектуалдық сайыс қана емес, сонымен бірге жастардың тұлға болып қалыптасуына жол ашатын тамаша мүмкіндік. Бүгінгі пікірсайысшылар ертең-ақ өз идеяларын табанды түрде қорғай алатын білікті маманға айналады және өзінен кейінгі жас буынға үлгі болмақ, – деді шара барысында «Jas Otan» жастар қанатының облыстық филиалының төрайымы Маржан Бақыт.
Екі турдан құралған, сегіз сағаттан артық уақытқа созылған бұл жолғы пікір-сайыс барысында көтерілген тақырыптар ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық. Әсіресе қазылар алқасы мен көрермендерді қазіргі жастардың өзекті мәселелерді шешудегі еш форматқа келмейтін, тыңнан жол салған шешімдері мен күтпеген жерден жол табатын тапқырлығы тәнті етті. Сондықтан да жастардың өнерін қазылар мәселені шешу жолдарын дәлелдей білуі, толық жауап беруі, сөзді құрастыру логикасы және сөйлеу мәдениеті шарттары бойынша бағалады.
Қорытындысында облыстық турнирдің үздік спикері болып Нұрбақыт Исахан (Семей медицина университеті) танылды. «Үздік талпыныс» аталымында Аяулым Тұрсынбаева (Семейдегі Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжі) жеңімпаз болды. Бірінші орын да семейліктердің қанжығасында кетті. Оны Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері Елдос Оразханов пен Мират Рүстемұлы бөлісті.
Ал екінші орынды С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері Арай Панабек пен Нұржау Ақбар жеңіп алса, үшінші орын Семей медицина университетінің студенттері Елдар Азамат пен Нұрбақыт Исаханға бұйырды.
Дәурен Аллабергенұлы