Ауылдың айтқыштары

Осыдан басқа білетін әнім жоқ

Осыдан басқа білетін әнім жоқ

Бас киімдерін шешіп отырсын

Бұрынғы Марқакөл ауданынан Өскеменге көшіп келген Шошан деген ерекше ақкөңіл, ара-кідік әзіл қыстыра отырып, әңгімені әдіптеп айтуға шебер көршім бар.
Бірде кеңшар орталығында аудан басшылары қатысқан үлкен жиналыс өтіпті. Тәртіп бойынша жиналыс төрағасы жиынды ашу-ашпау жөнінде кімде қандай ұсыныс барын сұрағанда, арт жақта отырған Шошан орнынан тұрып:
– Аудан басшылары қатысқандықтан, бұл өте жауапты жиналыс деп білемін. Сондықтан бәріміз жалаңбас отырмыз. Ал осында көпшілікті сыйламаған үш адам бас киіммен отыр. Солар бас киімдерін шешіп тастасын немесе залдан шығып кетсін, жиналыс содан соң ашылсын деген ұсынысым бар, – депті.
Сөйтсе, әлгілердің үшеуі де таз екен. Ауылдастары сырттарынан олардың екеуін «арлы таз», біреуін «арсыз таз» дейтін көрінеді. Мұны естіген үшеудің екеуі залдан шығып кетіпті де, арсызы міз бақпай отыра беріпті.

Осыдан басқа білетін әнім жоқ

Компартияның дәуірлеп тұрған кезінде айтулы жиналыстарды Одақтың Әнұранымен бастайтын дәстүр болған. Осындай жиналыстардың бірінде залдағылар үнтаспаға жазылған Әнұранға қосыла жөнелгенде, Шошан «Сенен сұлу ақтамақ жан өтпейді…» деп болар-болмас дауыспен ыңылдай беріпті. Ол қасындағылар бүйірінен түртсе де, сезбеген қалып танытады. Әнұран аяқталып, жұрт орындарына жайғасқаннан кейін жанындағылар:
– Әй, сенің жаңағың не? Ана жақтағылардың құлағы шалса, сорың қайнайды ғой, – десе:
– Енді қайтейін, осыдан басқа білетін әнім жоқ, – депті сабазың.

Ерлікпен өлді деңдер

Бір жылы қыс аяғы ұзаққа созылып, жемшөптен тарыққандықтан, кеңшарда мал шығыны көбейіп кетіпті. Озат шопан Шошанның отарынан да біраз өлім-жітім болса керек. Содан басшылар шығын болған малға қалай акт толтырарларын білмей, дал болып отырғанда үстеріне Шошан кіріп келген екен.
Сонда қиналып отырған мамандарға Шөкең:
– Әй, жігіттер, оған несіне бастарыңды қатырып отырсыңдар? «Аштықпен күресте ерлікпен өлді» деп жаза салыңдар, – деген екен.

Жинастырған – Мұрат Әміренов

Иір-қиыр «Ясинде» атаңның басы бар ма?

Ақын Бердіхан Абайұлы бірде Ыбырайым деген молда құрдасын ертіп, дүниеден өткен бір танысының туысқандарына көңіл айтуға барыпты.
Дастарқан жайылып, шай құйылған соң әлгі молда «Ясин» сүресін оқыпты. Қай шайтан түрткенін кім білсін, сүре аяқталғанша молдакең үш рет жаңылыпты. Дастарқан жиыларда қайта құран оқу керек болғандықтан, әлгі молда бұл жолы «Құлқуалла» сүресін оқиды. Бірақ, бұл жолы жатық әрі әдемі мақаммен оқып шықса керек. Мұның бәрін қалт жібермей байқап отырған Бекең ауылдан шыққан соң молда құрдасына қарап:
– Әй, сенің оқтай түзу «Құлқуалла» тұрғанда, иір-қиыр «Ясинде» атаңның басы бар ма? – деген екен.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button