Орманшылар керекті құралдармен жабдықталуы тиіс – ШҚО әкімі
ШҚО орманшыларының жабдықтары мен байланыс құралдарының тозығы жеткен.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев орман шаруашылығын материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру керектігі туралы айтты, деп хабарлайды Didar ақпарат.
17 маусымда Батыс Алтай қорығы мен Катонқарағай ұлттық табиғи паркінде бірден екі өрт шыққан болатын. Қазір екі қызыл жалын да толықтай сөндірілген.
Батыс Алтай қорығына ТЖД басшылығымен бірге жағдайды бақылау үшін Ермек Көшербаев та барып, Риддер мен Черемшанка орман шаруашылықтарының қызметкерлерімен кездесті.
-Өкінішке орай, орманшларды материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі тез арада шешуді талап етеді. Орманшыларда отты сөндіруге арналған жабдықтар, байланыс құралдары және өрт ошақтарын анықтауға арналған жабдықтар жоқ. Сапар барысында орманшылармен жақсы диалог өтті. Біз орман шаруашылығы мамандарының барлық ұсыныстарын жүйелеп, Үкіметке ұсынамыз. ШҚО-да еліміздің орман ресурстарының жартысынан көбі шоғырланған, сондықтан бүгінде орман шаруашылығын, бірінші кезекте орман өрттерін анықтау және алдын алу, браконьерлермен және заңсыз ағаш кесумен күресу үшін оларды жарақтандыру және ең бастысы, ауыл тұрғындарын өрттен қорғау үшін бәрін жасау қажет. Ең бастысы, орманшы мамандығының беделін көтеру керек, – деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ынтымақ Толқын