Қолтығына бір балықты қыстырып алыпты…
Қалибектің қалақшасы
Қалибек таза қазақ ауылында өскен жігіт. Басқа ұлттардың өкілін кейін мектеп бітіріп, қалаға келгесін көрген. Сондықтан болар орысшасы да анша-мұнша жорғалап тұрған жоқ. Әйтеуір, өзі өжет болғасын, «басын жарып, көзін шығарып» дегендей «белден басып» сөйлей беретін. Қалада пәтер жалдап тұрып жатқан ол дүкенге үйдегі пештің күлін шығаратын қалақша алуға келеді. Құдай ұрғанда, сол құрғырдың орысшасын таба алмай, сатушы келіншектің алдында қара тер болады. Алдымен ары-бері жүріп алған жас жігітке сатушы да көңіл аударып:
– Молодой человек, вам что-то надо? – десе:
– Дайте, пожалуйста, лопатенок, – депті.
Өзіңдей Брежневті неге көрмейсің?!
Қай кезде де кейінгі ұрпақтың аға ұрпақ көңілінен шыға бермейтіні рас. Сәндібек үлкен ұлы Жарастың әр қылығын жақтырмай үнемі қыжыртып, «отырса – опақ, тұрса – сопақ» дегендей ұрса беретін көрінеді:
– Анау өзіңдей Бәзілдің ұлын қарашы. Әке-шешесін асырап, өзінен кейінгі бауырларына қарасып тұрады. Сайлау ше!? Бір ауылдың білдей әкімі! Сенің жүрісің мынау, май-май болып… – деп айта бергесін Жарас та бірде шыдай алмай:
– Ой, әке, өзіңдей ана Брежневті қарасаңшы, үлкен мемлекетті басқарып отырған жоқ па!? Сіз де сондай неге болмайсыз? – деген екен.
Қолтығына бір балықты қыстырып алыпты…
Аңшылардың әңгімесінің қыза-қыза келіп шектен шығатын кездері аз емес қой. Үш-төртеуінің басы қосыла қалса, өздерінің аңшылық кезінде ұстаған, болмаса, атып алған олжалары туралы асыра сілтеңкіреп жіберетіні рас. Қанафия да сондай жігіттердің бірі. Жеме-жемге келгенде қызылөңештеніп бой бермей кететіні бар.
– Сасықкөлдің жағасында бірде бір үйрек аттым, – деп бастады ол өзінің кезекті әңгімесін. – Көлдің ортасына түскен әлгі олжамды алып келуге жанымдағы итім Тұйғын сүңгіп кеткен. Біршама уақыт өтті. Итім де, үйрек те жоқ. Тағы бірқанша уақыт тостым да, жоқ болғасын, «Қайран, алғыр тазым-ай, су түбіне кетті ғой!» деген өкінішпен орнымнан тұра бергенім сол еді, жағадан сопаң етіп жан серігім – Тұйғыным шыға келді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, аузына тістегені үйрек, қолтығына бір балықты қыстырып алыпты, – деп жан-жағына масаттана қараушы еді Кәкең.
Сіздің қолыңыздағы балшық па?
Сонау бір жылдары Кеңес одағы ыдырамай тұрған кезеңде үлкен қалаларда «бағытты такси» («маршрутное такси») деген болды. Ол арнайы өзінің аялдамаларында ғана тоқтап, жолаушыларды бағытының бойында түсіріп отырады. Құны арзан болғандықтан, мұндай таксилермен жүруді қалайтындар аз болмайды. Кезекті бұған да күтуге тура келуші еді. Ауылдан келіп, қалада жұмыс істеп жүрген қарақолдық Құмархан деген жас жігіт аялдамада кезегін күтіп тұрса, өзінің алдындағы бір бала көтерген еркек қазақ жігіті кезегін біресе кәрі кемпірге, біресе ерлі-зайыпты басқа ұлттың өкілдеріне беріп, мұның зықысын шығарады. Барар жеріне асығып тұрған Құмархан:
– Кезегіңізді мыналарға неге бердіңіз енді? – деп күйінсе, әлгі жігіт:
– Қолдарында баласы бар ғой,- деп қипыжықтайды. Сонда шыдай алмаған Құмархан:
– Олардың қолындағы бала болғанда, сіздің қолыңыздағы не, балшық па? – дейтін көрінеді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.