Мәселенің мәнісі

Олимпиада жүлдегері жалақысын ала алмай жүр

Ауыр атлетикадан ел құрамасының бірнеше мүшесі Instagram әлеуметтік желісі арқылы көпшілікке үндеу жолдап, онда жарты жылдан бері еңбекақыларын ала алмай отырғанын жеткізді. Шағымданушылардың арасында жерлесіміз Денис Уланов та бар.
Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Уланов әріптестерімен бірге белгісіз себептерге байланысты республикалық ауыр атлетика федерациясы спортшылардың айлықтарын төлемей отырғанын хабарлады.
– Ұлттық құрама мүшелерінің айлықтарын ала алмай отырғандарына жарты жылдай уақыт болып қалды. Федерация тарапы болса, бұл жөнінде мардымды ақпарат бермей, тек белгісіз қиындықтарды алға тартуда, – дейді белгілі зілтемірші.
Айта кетейік, видеоүндеу жолдағандар арасында Алтай ауданының тумасынан бөлек, әлемдік аламандарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген өзге де зілтеміршілеріміз бар. Дәлірек айтсақ, жалақыларының төленуін талап еткендердің қатарында Карина Горичева, Ибрагим Берсанов, Рүстем Сыбай, Айдар Қазов пен Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов сынды саңлақтар болды.
Басқа емес, Уланов пен Рахимов сияқты Олимпиада жүлдегерлерінің шағым түсіріп жатқанына қарағанда, федерация ішінде, шынымен де, белгілі бір қиындықтардың туындағаны рас секілді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button