Дін

Облыста жат ағымның жетегінде кеткен жандарды қалыпты өмірге оралту үшін қандай шаралар атқарылуда?

Облыста  жат ағымның жетегінде кеткен жандарды қалыпты өмірге оралту үшін қандай шаралар атқарылуда?


Еліміздегі діни ахуалды тұрақты ұстау үшін мемлекет тарапынан аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Дәстүрлі емес діни ағымдардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылып, деструктивті діни ұйым өкілдерінің шырмауында кеткен адамдарды қоғам қатарына қайта қосу үшін әртүрлі шаралар қолға алынған. Нәтижесінде жат ағымның жетегіне еріп, сергелдеңге түскен жандар түзу жолға түсіп, отбасымен, жақындарымен, туған-туысқандарымен қайта қауышуда. Бұл орайда Шығыс Қазақстан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары көмек көрсетіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеді. Жақында осы орталықтың деструктивті діни ағымдардың қызметінен зардап шегушілерді оңалту бөлімінің меңгерушісі, психолог Ермек Құрманғалиевпен сұхбаттасып, осы мәселе жөнінде әңгіме өрбіткен едік.

– Өкінішке қарай, көпшілік арасында теріс діни ағымға бет бұрып кеткен жерлестеріміз кездесуде. Олар деструктивті діни ағымдардың қатарына қалай қосылып жатады?

– Кез келген адам тәуелділікпен өмір сүреді, себебі барлығымыз да, түптеп келгенде, өмір сүру дағдысында бір нәрсеге тәуелді боламыз. Оған еңбекке, білім алуға қызығушылықты, отбасы, Отанға деген сүйіспеншілікті, өнерді, спортты және тағы да басқа көптеген нәрселерді жатқызуға болады. Сонымен қатар, әрбір қалыпты адам тек бір нәрсеге ғана тәуелді болмайды. Адамның өмір сүру дағдысы бірнеше тәуелділіктен тұрады. Сол сияқты адамның Құдайға сенуі де тәуелділіктің бір түрі болып есептеледі. Осы ретте, бұл тәуелділіктердің біреуі басқаларынан қарағанда міндетті түрде басымырақ болып келеді. Мысалы, біріміздің спортқа деген ынтамыз жоғары болса, біріміздің музыка бағытындағы қызығушылық қабілетіміз бар. Дәл осылай жер басып жүрген әрбір пенденің санасында тәуелділіктердің диаграммасы қалыптасқан десе де болады. Бірақ қалыпты адамның бойында бұл тәуелділіктердің бірі басқаларын еш уақытта басып тастамау керек. Мысал ретінде алғанда, егер бір адамның кітап оқуға, білім алуға деген құлшынысы тым жоғары болса және бұл тәуелділік адамның еңбек етуге, спортпен айналысуға, туған-туысқандарымен қарым-қатынас жасау деген сияқты басқа да көптеген тәуелділіктерін шектеп тастайтын болса, онда тұлғаның бойында елеулі ауытқушылықтар пайда бола бастайды. Психологияда мұны «аддикция» деп атайды. Өмір ешқашан да бір нәрседен ғана тұрмайды. Сол сияқты діни наным-сенімде фанатизмге беріліп кету барынша қауіпті. Себебі сол сенімнің ішінде адамның мақсат-мүддесі, сезімі, дүниетанымы мен бар болмысы жатыр. Егер бір азамат теріс ағымның ақпаратын қабылдайтын болса, онда адамның діни аддикциясы жоғарылап, басқа қызығушылықтарды түгелдей басып тастайды. Өз тілдерінде мұны «иманым күшейді» деп түсіндіреді. Анығында, бұл эмоцияның шарықтау түрі болып саналады. Деструктивті діни ұйым өкілдері жұртшылықтың санасына «тозаққа бараcың» деген қорқыныш ұялату арқылы оларды жақын-туыстарымен қарым-қатынасын үзуге тырысады. Дінді ұстанбайтын адамдармен жақын араласуға тыйым салу арқылы және теледидар көруді «харам» деп санау арқылы дұрыс ақпаратты алу мүмкіндігін жойып, зайырлы білім алуға тыйым салып, ортағасырлық мәдениетке тартады. Ал діни аддикцияға ұшыраған адам тек қана діни білім алуға тырысады. Оның өзінде де мойындалған діни ғалымдардың мыңдаған жылдық тарихы бар жазбаларын емес, соңғы ғасырда жазылған радикалды адамдардың уағыз-насихаттарын тыңдайды.

– Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері тұрғындарды өз қатарына қалай тартады?

–Теріс діни ағымдардың ықпалына өте аз ғана уақытта кетіп қалатындар да болады. Ондай адамдар – көп жағдайда дін туралы алғашқы түсінікті қабылдаған кезде жат ағымның ақпаратын қабылдағандар. Олар деструктивті діни ұйымның ықпалында жүрген жақын досымен немесе туысымен қарым-қатынас барысында дінге қызығушылығы оянып, «қармаққа» тез ілінеді. Сондай-ақ, дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері әлеуметтік желілерде өте белсенді жұмыс істейді. Мысалы, «Вконтакте» желісінде теріс ағымды насихаттайтын әртүрлі топтар бар. Ал олардың барлығын бірдей жауып тастау мүмкін емес. Тек әлеуметтік желілерде қарулы қақтығысқа шақыратын, радикалды уағыз жүргізетін экстремистік бағыттағы топтарға құзырлы органдар тарапынан шектеу қойылған. Осы ретте айта кету керек, кезінде Шам еліне қарай жол тартып, теріс ағымның шырмауына түсіп кеткендердің көпшілігі салафизм бағытындағы азаматтар болатын. Егер сізге біреу келіп «Сирияға аттанайық» десе, бірден соңынан еріп кетіп қалмайсыз ғой. Ол үшін жат дінді ұстанушылар бірінші діни ақпарат береді. Одан соң үгіт-насихат пен теріс уағызды ары қарай күшейтіп, тура жолдан тайдыруға ықпал жасайды. Тіпті ел арасында Ханафи мәзхабындағы дәстүрлі Ислам діні жолына дұрыс келіп, 5-6 жыл бойы ораза ұстап, намаз оқып жүрген ерлі-зайыптылар теріс дін өкілдерімен араласу арқылы «бұрынғы біздің жасап жүргендеріміз қате екен» деп бір-ақ күнде адасып кетіп жатады. Негізі, теріс діни ағымға жақынынан айырылып немесе оқудан, жұмыстан шығып қалып, бар жинаған дүние-мүлкін жоғалтқан жаны жаралы, күйзеліске түскен жандар кіріп жатады. Олар көбінесе 22-35 жас аралығындағы адамдар. Осылайша, рухани дағдарысқа түскен адам көмекті Құдайдан, мешіттен іздейді. Адамның психологиялық әлсіз жағдайын жат ағымдағы ұйымның өкілдері өз мүдделеріне пайдаланады.

– Сонда теріс діни ағымның өкілдеріне қалай қарсы тұру керек?

– Әрбір адамның бойында теріс діни ағымдарға қарсы тұра алатындай иммунитет қалыптастыру қажет. Жалпақ жұртқа, әсіресе жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, жастардың діни сауаттылығына баса мән беруіміз қажет. Адамға ең бірінші патриоттық тәрбие берілсе, ол ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін құрметтеп, Отанын шынайы сүйіп, халқына адал қызмет ете алады. Халықтың діни сауаттылығының болуы да көп мәселенің алдын алады. Көбіне діни сауаты төмен адамдар теріс ұйымдардың қатарына қосылып жатады. Ғаламтор арқылы уағыз тыңдағандықтан, теріс діни ағымдардың өкілдері оларға «Егер мешіттердегі имамдарды тыңдайтын болсаңдар, онда жүректеріңе шүбә (күмән) кіреді де, діннен шығып кетулерің мүмкін» деп қорқытып тастаған. Осының салдарынан адасып жүрген кейбір бауырларымыз мешіттердегі білікті имамдардың уағыздарын тыңдауға құлықты емес. Сонымен қатар, олардың құқық қорғау органдарына деген белгілі бір теріс көзқарастары байқалып жатады.

– Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп айттыңыз. Осы бағытта сіздердің тараптан қандай да бір шаралар атқарылып жатыр ма?

– Иә, облыс аудандарының ішкі саясат бөлімдерінде дін мәселелерімен айналысатын мамандармен бірлесе отырып тұрақты түрде жергілікті халықпен ақпараттық-түсіндіру жүмыстарын жүргізіп отырамыз. Биылғы жылы мектеп бітіруші түлектерге арнап «Сақ бол, жас түлек» атты психологиялық тренинг сағаттарын өткіздік. Сонымен қатар, түзету мекемелерінде терроризм мен экстремизм бабы бойынша жазаларын өтеп жатқан сотталушыларды да оңалту шараларымен айналысудамыз.

– Теріс діннің жетегінде кеткен адамдарды қайта қатарға қосу қаншалықты қиын?

– Ол адамдарды дұрыс жолға түсіру бір күндік шаруа емес. Кейде тіпті бірнеше жыл уақыт қажет болуы да мүмкін. Адамның қалыптасқан көзқарасын бір сәтте өзгертуге болатындай, ол компьютерлік бағдарлама емес қой. Аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынындай, бұл «вирусты» да адамның санасынан бірден алып тастай алмайсыз. Психологтар мен теологтар бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізу нәтижесінде ғана жүзеге асады. Бұл орайда, зардап шеккен адамның жанұясы, туған-туысқандары, дос-жарандары да өте маңызды рөл атқарады, себебі адамның ең жақын жандарының моральдық қолдауы, шынайы махаббаты, психологиялық көмегі ауадай қажет. Құдайға шүкір, қазір адасқан адамдардың көпшілігі өз ортасына қайта оралуда. Бұл орайда ауылдық жерлердегі білікті имамдардың сіңірген еңбектері ұшан-теңіз.

Айбын Амангелдіұлы
ШҚО дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button