Ауылдың айтқыштары

О дүниедегі әкесімен сөйлесіп жатыр

О дүниедегі әкесімен сөйлесіп жатыр

О дүниедегі әкесімен сөйлесіп жатыр

Қойтастың тумасы, бүгінде Өскемен қаласында тұратын Қадылбек Ахметқалиев деген ағамыздың айтқандары да бір кітапқа жүк боларына дау жоқ. Бір өкініштісі, оның әзілдерінің көпшілігі айтылған жерде қалып жатады.
Осы жақында ауылдас бір азамат шетелдік көлігіне ауыл молдасын, Қадылбек пен мені отырғызып, үлкен қорымда жатқан әкесінің басына құран оқытуға алып барды. Молда марқұмға құран бағыштап болған соң, үшеуіміз мәшинедегі орнымызға жайғастық. Ал анау болса қалта телефонын құлағына қойған қалпы әлдекімге айқайлап, бірқауым уақыт тұрып алды.
– Кіммен сөйлесіп жатыр? – дедім мен шыдамым таусылып.
– О дүниедегі әкесімен, – деді сонда Қадылбек. – Әлгі дұға жетті ме, жеткен жоқ па, соны біліп жатыр…

Қозыны өлтіру керек

Ауылдас Серікхан деген ағамыз жас кезінде нағыз әртіс болған-ды. Ол түрлі аспаптарда ойнады, спектакльдерге қатысты, қысқасы, өнердің қайнаған ортасында жүрді. Бір ғана айыбы – молырақ «ұрттап» қоятыны еді.
Секең бірде ауыл клубының сахнасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» Қодардың рөлін сомдап жатады. Пьесаның алдында өзі сияқты талапкер әртістермен бірге жүрек тоқтату үшін «жүз грамм» жұтып, соңынан ол молайып кетіп, қызыңқырап тұрса керек. Дәл сол кезде айтатын сөзін ұмытып қалған оған суфлер: – Қозыны өлтіру керек!, – деп дыбыстайды. Анау ұқпай, жалтақтап қарай береді. Бір уақытта қажетті тіркес құлағына жеткен «Қодар» қанжарын суырып алып:
– Так, вообще-то Қозыны өлтіру керек! – деген екен.

Сүйегім – суқұйғыш

Біздің таза қазақ тұратын Қойтас ауылының бір жігіті келіншек алып келіп, ата-анасы мәре-сәре болып жатса керек. Алғашқы дырдулар саябырлаған соң үлкендер жас келінді ортаға алып, жөн-жосық сұрай бастапты. Бойжеткен Зырян өңірінің тумасы, соған орай орысша тәрбиеленген, қазақша сөйлеуге де, салт-дәстүрге де дүмбілездеу жан болып шығады.
– Иә, балам, сүйегің қай ел? – деп сұрайды атасы. Анау күйеуіне қарап:
– Причем мои кости? – деп таңырқайды.
– Руыңды сұрап тұр, руыңды, – дейді енесі қабаттасып. Келін біраз ойланып отырып қалады да, бір кезде:
– А-а, поняла, я – водолей! – деп салған екен.

Жинастырған – Хасен Зәкәрия.

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button