Волонтер жылы

Өнегелі істерімен үлгі көрсетеді

Аудандық жастар орталығы 2013 жылдан белсенді қызмет атқарып келеді. Жастар жылы көп жобалар іске асырылды. Волонтер жылына орай да атқарылып жатқан жобалар баршылық.

– Президент іскер жастардың беделін көтеру, оларға қолдау көрсету қажеттігін айтты. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, нәтижесін беруде. Атап айтсақ, «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары ауданда табысты жүруде, – дейді жастар орталығының жетекшісі Фархат Сүлейменов.

Ауданда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Өңірде 75 мыңдай тұрғын болса, оның 14304-і, яғни 19,2%-ы – 14 пен 29 аралығындағы жастар.

Орталық жастардың мүмкіндіктерін анықтап, кешенді жоспар құрып, іс-шаралар өткізіп келеді. Мысалы, былтыр 40-тан астам түрлі іс-шара өтіп, оған 4 мыңнан астам жас қатысты. Жастармен бірге жеті қайырымдылық көмек, алты мерекелік концерт, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жеті кездесу, екі танымдық кеш, төрт флеш-моб, бес караоке-би кеші өтті.

Былтыр Мемлекет басшысының Жолдауында жастардың мамандық бойынша жұмысқа тұруы қоғам дамуын анықтайтын фактор екені айтылды. Өткен бір-екі жылда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен жас мамандарға үй алу үшін 61 328 мың теңге, көтермеақы төлеу үшін 2 526 мың теңге жұмсалды.

Округтерде іске асып жатқан «Туған жерге –тағзым» бағдарламасы аясында 62 жоба облыстық жобалық кеңсеге жолданды. Ауданда мемлекеттік саясатты түсіндіретін 150-ден аса баннер орналастырылды.

Аудандық «Жас Отан» жастар қанатында 1589 мүше бар. 27 округте жастар саясатымен айналысатын мамандар қызмет атқарады. Былтыр жастар ресурстық орталығы ашылып, округтерде жастар саясаты мамандары пайда болды, 118 іс-шара ұйымдастырылды. Олар жастар бастамаларын, жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдауға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сай жастар ресурстық орталығының штаты екі маманға көбейді. Сонымен бірге, өткен жылы әлеуметтік медиа кеңістікпен жүйелі жұмыс істеу үшін SMM бөлімі ашылды.

Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Елдос Бейсеновтің айтуынша, еріктілер жылында өскелең ұрпаққа елдегі реформалардың мәнін «Рухани жаңғыру» аясында нақты іс-әрекеттермен үйлестіре түсіндірген абзал. Өйткені кей замандастарымыз тоғышарлық түсініктен, немқұрайлылық пен жайбасарлықтан арыла алмай жүр. Бұлар ұлттық мәдени құндылықтардың, қоғамдық пайдалы істің қадір-қасиетін түсіне бермейтіндіктен, күнделікті өмірде нарық, жаһандану талап етіп отырған өзгерістерге дайын болмай жатады.

– Қазір «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасына ауданнан 30 әлеуметтік жоба ұсынылды. Оның ішінде 12 жоба барлық кезеңнен өтіп, әр топ 1 миллион теңге грантқа және 40-60 мың теңге көлеміндегі шәкіртақыға ие болды, – дейді бөлім жетекшісі.

Бейсенғазы Ұлықбек

 Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button