Дін

Мейірім мерекесі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Өскемен аймағы өкілдігінің ұйытқы болуымен облыстық драма театрда «Мейірім нұры» атты рухани-танымдық кеш  өтті. Кеш  адамзаттың асылы,  пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің/с.ғ.с./ дүниеге келуіне байланысты тойланатын Мәуліт мерекесіне арналды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.

Күллі мұсылман қауымы асыға күткен, Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып, мол сауапқа кенелетін Мәуліт мерекесі де келіп жетті. Жалпы, «Мәуліт» деген сөздің мағынасы «туған күн» дегенді білдіреді екен. Бұл  Мұхаммед/с.ғ.с./  пайғамбардың дүниеге келуіне орай тойланатын мейрам. Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдары Мәуліт мерекесі кең-байтақ еліміздің кейбір өңірлерінде ғана тойланатын болса, 2000 жылдардан бастап республикалық деңгейде мерекеленіп жүр. Бір қуанарлығы,  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Өскемен аймағы өкілдігінің ұйытқы болуымен біздің өңірде де Мәуліт мерекесін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналып келеді.

Мәуліт мерекесіне арналған рухани-танымдық кеш құранның әуезді әуенімен басталып,   пайғамбар рухына салауат айтуға жалғасты. Жалпы, салауат айтудың сауабы мол деседі. Бұл – Алла елшісіне деген ақ көңілдің, құрмет пен сүйіспеншіліктің, махаббат пен адалдықтың  белгісі.  Қасиетті хадис-шарифте де «Қашан мені бала-шаға, ата-ана және барлық адамдардан артық жақсы көрмейінше, имандарың кәміл болмайды» делінген.  Сондай-ақ жиналған қауым пайғамбар падишасына арналған «Шөлге түскен нұрдың сәулесі» атты фильмді  тамашалады.

Бұдан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Батыржан Мағзұмов сөз алып, мәуліт кешіне алтын уақыттарын  қиып келген жамағатқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Серікбай қажы  Ораз хазіреттің ыстық сәлемін  жеткізді.

-Әрине, біз, мұсылман баласы Алланың құлы, пайғамбардың үмбетіміз.  Міне, бүгін осындай  Мәуліт айында сіздер мен біздердің осындай зәулім сарайда емін-еркін пайғамбарымыздың атын атап, Аллаға мадақ айтуымыз егемендігіміздің арқасы. Бұл күн расында да, бабалардың арманы болды. Кезінде терезені қараңғылап  та намаз оқыған кездер басымыздан өтті. Енді міне, Аллаға шүкір,   мемлекеттің қолдауымен үлкен сахнада пайғамбарымызды ардақтау бақытына ие болдық, – деді Батыржан Мағзұмов.

Осынау шара барысында Өскемен аймағының және «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай «Ел үлесі – пәтерге» акциясы бойынша Ұлан ауданы, Бозанбай ауылының тұрғынына пәтер кілтін табыс етті.

-«Ел үлесі – пәтерге» акциясы жыл басында Бас муфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің бастамасымен қолға алынған болатын.  Міне, қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен республика бойынша 150-ші баспананы тарту етпекпіз, -деген Ермек қажы  Ұлан ауданы, Бозанбай ауылында тұратын көпбалалы отбасына пәтер кілтін табыс етті. Айтуынша, аталған акция аясында пәтерге ие болып отырған бұл  Шығыстағы екінші отбасы көрінеді. Бұған дейін  Ұлан ауданы, Асубұлақ кентінде тұратын жалғызбасты ана А.Қалиеваға да төрт бөлмелі үйдің кілті табыс етілген болатын.

Мәуліт мерекесіне арналған рухани-танымдық кеште  республикаға есімі кеңінен танымал айтыскер ақындар Балғынбек  Имашев,  Аслан Ғафуров,  Еркін Қуаныш, дәстүрлі әншілер Әділ Тұрғанбаев, Хадхан Манай, Байжігіт атындағы халық  аспаптары ансамблі мен «Шабыт» студенттер театрының өнерпаздары өнер көрсетті.

Осылайша,  жиналған қауым Алла елшісіне арналған әдемі кештен үлкен рухани азық алып тарасты.

Осы айдарда

Back to top button