Дін

Мемлекеттік қызметтердің бес түрін көрсетеді

Облыстық Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Асқар Исабаев “Шығыс Қазақстанда дін саласында мемлекеттік қызмет көрсету” тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізіп, онда жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің түрлері, ережелері мен стандарттары, олардың тәртібі жөнінде түсіндірді және аталған басқарманың есептік кезеңде көрсеткен қызметтерінің санына тоқталды.

Асқар Мұратұлының мәлімдеуінше, Шығыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы №97 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтердің 5 түрін көрсетеді. Олар:

  • “Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу”;
  • “Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекіту туралы шешім беру”;
  • Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру”;
  • “Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру”;
  • “Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру”.

– 2021 жылы көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны – 18. Оның ішінде миссионерлерді тіркеу және қайта тіркеу – 3, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу – 1, ғибадат үйлерін салу туралы шешімдер – 13, ғимараттарды діни ғимараттарға қайта бейіндеу туралы шешімдер –1. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында миссионерлерді тіркеу және қайта тіркеу бойынша бір Мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деді Асқар Исабаев баспасөз мәслихатында.

Барлық 5 мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінеді немесе құжаттарды “электрондық үкімет” порталы арқылы тапсырады www.egov.kz, www.elicense.kz. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі.

Дәурен Аллабергенұлы

(Мақала облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді)

Осы айдарда

Back to top button