Ауылдың айтқыштары

Маған ертең жұмыс

Маған ертең жұмыс

1937 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің алғашқы сайлауы өтеді. Жоғарғы кеңеске Шығыс Қазақстан облысы бойынша депутаттыққа кандидат болып көрнекті ғалым және қоғам қайраткері Ишанбай Қарақұлов ұсынылып, ауданға сайлаушылармен кездесуге келеді. Қонақтар Шанақ Ауғанбаев ұжымшар бастығы болып істейтін «Үш бұлақ» ауылына түстен кейін жетеді. Олар өндірістік учаскелерде, фермада, мектепте, дәрігерлік пунктте болып, еңбек адамдарымен емен-жарқын сөйлесіп, кездесу өткізеді.
Кешкі сағат тоғызда Шанақ қонақтарды қабылдап, сый-сияпат көрсетеді. Олармен бірге бухгалтері, партия ұйымының хатшысы, бригадирлер, басқарма мүшелері болады.
Шанақ әуелгіде спиртті ішімдіктен тартыныңқырап отырғанымен, бір кезде көңілденген ұжымшар мүшелерімен бірге депутаттыққа кандидат Ишекеңе ыстық ықыласын білдіріп, тост сайын алғанда, кемінде бір жарым литр арақ ішеді. Соңынан етке тойып, бір аяқ сорпаны және тастап жіберіп орнынан тұрыпты да: – Құрметті қонақтар! Сіздер күліп-ойнап отыра беріңіздер. Маған ертең жұмыс, – деп шығып кеткен екен.

Үлкен құпия жоқ

Аудандық партия комитетінің кезекті бір бюро мәжілісінде шаруашылықтардағы мал қыстату науқанының барысы туралы мәселе қаралады. Онда есеп берген ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы шаруашылықтардағы нақты жағдайды егжей-тегжейлі талдай келе, «қыс басынан бері қоғам малынан бірде-бір бас мал шығынына жол берген жоқ», – деп Шанақ ақсақал басқарған ұжымшарды жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Шәкең басқарған ұжымының жұмысына риза болған бірінші хатшы оны мінбеге шақырып, осы жетістіктерге қалай жеткендігі туралы әріптестеріне айтып беруді сұрағанда, ол алдындағы стақан толы суды тартып жіберіп:
– Жолдастар, менің бұл жетістігімде үлкен құпия жоқ. Суық түсісімен, түбінде осы өледі-ау деген малдардың барлығын сойғызып, етін қоймаға салғызып қойғанмын, – деген екен.

Есіме түсіре алмай тұрғаным…

Елуінші жылдардың басында Шанақ Ауғанбаев «Өрнек» ұжымшарына бастық болып тұрғанда ауылға үлкен клуб үйін салғызып, оның ішін әсемдеуге қаладан суретші шақырады.
Суретші Сталин бастаған СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросы мүшелерінің портреттерін салып отырып, ұжымшар бастығының суретін қоса салуды ұсынады. Идея Шәкеңе ұнап кетіп, өзінің портретін де салғызып, клуб төріндегі И.Сталин мен В.Молотовтың портреттерінің ортасына ілгізіп қойыпты. Көп ұзамай жаңадан келген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы «Өрнек» ұжымшарына келіп, шаруашылықпен, адамдармен танысып, барысын көре бастайды. Ұжымшар бастығы үйде жоқ, мал отарларын аралап кетеді. Жанындағылар хатшыға таныстықты клуб үйінен бастауды ұсынады. Аудан басшысына клубтың сыртқы түрі қатты ұнайды. Ішке кіргенде фойедегі Саяси Бюро мүшелерінің портретіне бірден көз тігеді. Оған ұзақ қарап тұрып, жанындағы партия ұйымының хатшысын сөзге тартады:
– Саяси Бюро мүшелерінің бәрі таныс, тек қана Сталин мен Молотовтың арасындағы адамды есіме түсіре алмай тұрғаным, – дейді өзі де сәл-пәл қысылып.
– Ол – біздің ұжымшардың бастығы Шанақ Ауғанбаев қой! – деген екен колхозшылар жан-жақтан жамырап.
Өзі де қатты сасып қалған аудан басшысы Шәкеңнің портретін дереу алдырып тастапты.
Сөйтіп, Шәкең Саяси Бюро мүшелерінің қатарынан осылай түсіп қалған екен.

Әзірлеген – М. Жанұзақова
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button