Журналистік зерттеу

Ұлыстың Ұлы күнін неге ұлықтай алмай келеміз?

Ұлыстың Ұлы күнін неге ұлықтай алмай келеміз?

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы жақындаған сайын, адам көңілі әлдебір жаңалықты, жақсылықты аңсайтыны белгілі. Бірақ жан-жағыңа қанша үмітпен қарағаныңмен, жым-жырт тыныштық. Бір таңғаларлығы, әншейінде жаңа жыл болмай жатып-ақ, бір ай бұрын алаңға жасыл шырша орнатып, қала көшелеріне қызыл-жасыл шамдар іліп әбігерге түсетін қала безендірушілері Наурызға келгенде тым құлықсыз-ақ. Бұған кім кінәлі? Тәуелсіздік алғанымызға жиырма төрт жыл болса да, Наурызды тойлаудың белгілі бір дәстүрін неге қалыптастыра алмай жүрміз? Бұл сұрақтың әркімді де мазалайтыны шындық.

Наурыздың Қазығұрттан басталатыны рас па?

Бастауын ерте заманнан алатын Наурыз мейрамы туралы халық аузында түрлі аңыз-әңгімелер бар. Солардың бірі – Нұқ пайғамбардың кемесінің Қазығұртқа келіп тоқтауына қатысты айтылатын аңыз. Кеменің Қазығұртқа келіп тоқтаған уағы – дәл күн мен түннің теңескен күні екен деседі. Топан судың кері қайтқанын көріп, табаны жерге тиген тіршілік иелері осы күні ұлан-асыр той жасаған екен. Оған кемедегі адам мен аң -құстың бәрі түгел қатысып, Нұқ пайғамбардың өзі шашу шашқан көрінеді. Сөйтіп, бұл күн – жаңа жылдың басы ретінде адамзат баласына мирас болып қалса керек.
Этнограф Жағда Бабалықұлы да мұны жоққа шығармайды. Көзі тірісінде жазған «Наурыз – мұқым ғаламның жыл басы мерекесі» атты мақаласында ол 1973 жылы Мәскеудегі Ленин кітапханасында отырып, ерте кезде араб қарпімен жазылған жырға ұшырасқанын, аңыз желісімен жазылған жырда Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа қайырлағанда күн мен түн теңелген уақыт екенін, сонда Нұқ пайғамбар мерейленіп: “Бұл табиғат мерекесі”, деп өзінің қолындағы бар асын кемедегілерге үлестіріп бергенін, бұл табиғат мерекесі “Наурыз” атын алғаны туралы айтыпты. Алайда, көп ғасырлардан кейін мереке халық жадынан шығады. Тек арада үш ғасыр өткеннен кейін Наурыз атты адам: “Күн мен түн теңелген ғажайып мерекені ұмытқанымыз қалай?” деп бастамашы болған деседі.
Десе де, Нұқ пайғамбардың кемесінің қайда тоқтағаны туралы талас әлі көп. Иудейлер Синай тауына, христиан дініндегілер Арарат тауына тоқтады десіп, әрқайсысы өз сөзіне дәлел іздеп келеді. Десе де, зерттеу жүргізген орыс ғалымдарының Қазығұрт маңынан топан су өткені жайында деректер тапқанын да атап айтқанымыз жөн.
Аңыз десек те, ақиқат десек те, Нұқ пайғамбар бастаған топан судан аман қалғандардың Қазығұрт тауындағы тойы – Наурыз тойының басы екені сөзсіз.
1926 жылы Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Советтік солақай саясаттың кесірінен халқымыз өзінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен тығыз байланысты осынау тамаша мейрамды жадынан шығарып ала жаздады. Тек, арада 63 жыл өткен соң ғана, 1989 жылы қайта тойлана бастады. 1991 жылдың 15-наурызында «Наурыз мейрамы – халықтық көктем мерекесі туралы» Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шыққаннан кейін ресми түрде мейрам болып бекітілді. Қазіргі күні Наурыз мемлекеттік мереке ретінде Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Иран секілді көптеген елдерде де тойланып келеді. 2010 жылдан бері Наурыз ұлттық мереке ретінде Грузияда да тойланып жүр.

Көне салт «Көрісуден» неге қашамыз?

Жалпы, халқымыз Наурыз мейрамын қалай тойлаған? Ал қазіргі күні қалай мерекелеп жүрміз? Осы мәселеге келгенде, тұсаулы аттай кібіртіктеп қалатынымыз да шындық. Еліміздің батыс аймақтарында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы «Көрісу» дәстүрінен басталады. Кейбір жерлерде мұны «Амал» деп атайтын көрінеді. Күн мен түннің теңелуіне бір апта қалғанда ағайын-туыс аман-есен наурызға жеткеніне қуанып, қол алысып, төс қағыстырады. Жасы кішілер үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Десе де көнеден келе жатқан осынау дәстүрдің тек еліміздің батыс аймағында ғана сақталып қалғаны қалай? Сөйтсе, ертеде «Көрісу» дәстүрі біздің Шығыс өңірінде де болғанға ұқсайды. Тіпті Шәкерімнің ұлы Ахаттың жазбаларында да «Көрісу» дәстүрі жайында деректер бар көрінеді.
– «Көрісу» – о баста барша қазаққа ортақ дәстүр болған. Бала кезімізде ақ жаулықты аналарымыздан ол туралы талай рет естіп өстік. 1926 жылы наурызды тойлауға тыйым салынғаннан кейін бұл дәстүр ұмыт қалған, халық жадынан шығып кеткен. Оның үстіне еліміздің батыс аймағына қарағанда, біздің шығыс өңірі ерекше орыстанып кетті ғой, – дейді есімі елге кеңінен таныс айтыс ақыны, журналист, пелагог, газетіміздің белсенді авторларының бірі Мәуітқазы Зүкенов.
Ал жерлесіміз, ақын, көп жылдар Семейдегі Абай атындағы мұражайда қызмет істеген, бүгінде Астанадағы Инновациялық технологиялар ккадемиясындағы «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығын басқарып отырған Алмахан Мұхаметқалиқызы «Абай. кз» сайтында жарияланған «Наурызды қалай қарсы алып жүрміз?» атты мақаласында:
– Наурыздың 14-інен бастап батыс жақта «Көрісу», «Жүздесу» деген жақсы дәстүр сақталған. Сырттан келген текті-тексіз мәдениеттің салқынына ұрынбаған бабаларымыз осы 14-21 наурыз аралығындағы бір жетіні өлара деп атаған. Оның сыры мынада – бір жылда 365-366 күн бар. Осы күнді бір айдағы 30 күнге бөлгенде 6 күн артық қалады. Осы алты күн наурыздың 13-і мен 21-і аралығына келеді. Осы күндерді қазақ \”Өліара\” деп атайды. Өліарада табиғат құбылыстары, күтпеген оқиғалар, қыстың қаһарынан қалған ауру-сырқау, табиғат апаттары болады деп күтеді. Осы күндері қыстан аман шығып, көктемнің шуақты күнінен үмітті жұрт бірін-бірі құшақтап көрісіп, құрбандыққа мал айтып сойып, «Мал-жанымызды өліарадағы табиғат апаттары мен жайсыз құбылыстарынан сақта» деп, бірін-бірі құрметтеп қонаққа шақырады. \”Көрісу\”, \”Жүздесу\” деп жүргеніміз осы, – деп жазады.
Көрісудің өзі сағыныш көрісуі, жұбаныш көрісуі, амандасу көрісуі деп бөлінетін көрінеді.
Бір қуанатынымыз, адамдар арасындағы бауырмалдық пен туысқандықтың жібін жалғап, ізгі қарым-қатынасты паш ететін «Көрісу» дәстүрін қазіргі күні өзге өңірлер де атап өтетін болып жүр. Ендеше, халқымыздың озық дәстүрін өз өңірімізде кеңінен насихаттап, неге жандандырмасқа? «Көрісуді» Шығыста да атап өтетін болсақ, дәстүрімізді ұрлап алдың деп батыстықтардың базына айтпасы анық.

Жақсы дәстүр жалғасын тапқаны жөн

Сонау 1988 жылдан Наурыз мейрамының өңірімізде қайта тіріліп, түлеуіне ерекше үлес қосып келе жатқан азаматтарымыздың бірі – Абай, Ақсуат аудандарының Құрметті азаматы, ҚР оқу-ағарту ісінің озаты, шежіреші, этнограф Молдабек Жанболатұлы. Ол кісі әр жылды қарсы алып, өткізудің ұлттық бағыттағы бағдарламасына байқау жариялануы қажет деп санайды. Сөйтіп, жеңімпаз болып шыққандар ғана бағдарлама бойынша мереке өткізу құқына ие болуы тиіс. Мысалы, наурызды тойлар алдында қой жылының рәмізіне, әніне, «Қой жылының Қызыр бабасына», «Қызыр баба» мініп келетін күміс арбаға, наурыз күні жағылатын қос алау тағандарына байқау жариялануы қажет екенін айтады Молдабек Жанболатұлы. Наурыз мерекесіне орай арнайы құттықтау плакат, банер, тағы басқа түрлі түсті безендіру үлгілерінің көрмесін өткізіп, жеңімпаз үлгілер мерекелік алаңды көркемдеу, безендіру, жарықтандыру ісіне пайдаланылғаны жөн. Сондай-ақ, «Наурыз көжеге», «Наурыз батаға», Наурыз мерекесінде айтылатын халықтың аңыз, ертегі әңгімелеріндегі басты бейнелер кейпінде шығатын адамдар мен ұжымдардың өнеріне байқау жарияланса, нұр үстіне нұр болар еді дейді.
– Қой, қой жылы туралы айтыс өткізсек те артық болмас еді-ау. «Бел көтеру», «Шүлен тарату» секілді қайырымдылық шараларын өткізудің бағдарламасы да назардан тыс қалмағаны жақсы. Сонда ғана Наурыз мерекесінің мәнін ұрпақтарымыз ұғып, жаңажылдық мерекені өткізудің батыстық үлгісінен бой тартады, – дейді.
Қалай десек те, аймағымызда наурызды өткізудің өзіндік үлгісін қалыптастырып, орнықтыру маңызды.
Рас, өткен жылы өңірімізде Ұлыстың ұлы күнін тойлауға ерекше мән берілгендей болды. Наурыздың 16-сы мен 22-сіне дейінгі жеті күннің әрқайсысына атау берілуінің өзі талай жанның көкірегіндегі үміт отын үрлеп оятқандай еді. Мысалы, бірінші күннің «Өніс» деп аталуының өзі тегін емес болатын. Өніс cөзінің өзінің түпкі мағынасы өсу, өну екені белгілі ғой. Сондай-ақ, «Қамқорлық», «Тазалық», «Ынтымақ», «Ырыс», «Шаттық» күндері де тұрғындар көңілінен шығып, олардың Наурыз мейрамының қадір-қасиетін терең сезінулеріне себеп болғандай еді. Бір өкініштісі, осынау бастама үстіміздегі жылы жалғасын тапқан жоқ.
Наурыз – өзгеге емес, ең алдымен, өзімізге керек. Наурыз мейрамын тасада қалдыру да, салтанатын асыру да өзіміздің қолымызда. Ендеше, Ұлыстың Ұлы күнін бар бояуымен лайықты қарсы алғанға не жетсін!

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button