Дін

Ұлық мереке қайырымдылық жасаудан басталады

Ұлық мереке қайырымдылық жасаудан басталады
Мұсылман қауымының ұлық мерекесінің бірі – Құрбан айт биыл да әдеттегідей үш күн бойы тамыздың 21-23 аралығында аталып өтіледі. Өңірдегі барша мұсылманның есіне салар бір жайт, барлық құрбан шалу тек Айт намазы оқылған соң барып қана жүзеге асырылады. Бұдан ертерек шалынса, құрбандық шалған болып есептелмейді. Шығыс Қазақстан бойынша барлық жерде айт намазы бірдей таңғы сағат жетіде оқылады.
Бұл жөнінде баспасөз мәслихатында облыстық Халифа Алтай мешітінің наиб имамы Дәулет Қабиболдин айтып берді.
Наиб имам Дәулет Тілеуханұлының айтуынша, айт намазынан соң құрбандық шалу Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында орналасқан арнайы орында атқарылады, ал облыстық мешіттің ауласында түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Биыл облыстық мешіттің ауласына арнайы үш киіз үй тігіледі. Оларда бауырсақ тегін таратылады, түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізіледі. Биыл біз Құрбан айт мерекесін тойлауды қайырымдылық жасаудан бастадық. Ең алдымен мереке алдында «Көктауда» «Үміт» балалар үйіндегі 200-ден астам балаға қайырымдылық көрсетіп, дастарқан жайдық, түрлі тәтті-дәмділерді сыйға тарттық. Себебі, қазақ қашан да жетімін жылатпаған халық қой. Бұл шара ары қарай да жалғасын табады. Құрбандық шалу орнында арнайы ет жинайтын орнымыз болады. Сол жерде мерекенің үшінші күнінде бұйыртса, үш жүздей адамға құрбандық етін таратуды жоспарлап отырмыз. Мүмкін одан да көп болуы мүмкін. Былтыр үш жүзден асып кеткен. Ет тарату ұлтына, дініне шек қойылмастан жүргізіледі. Құрбан айт мерекесінен соң «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, 200 балаға көмек көрсетуді де ойластырып отырмыз. Ең бастысы, жұртшылық мереке екенін сезінулері, келесі жылы да бұл күнді сағына тосып жүргені маңызды, – дейді Дәулет Тілеуханұлы.
Наиб имам айтып өткендей, құрбан шалу кезінде мейлінше тазалыққа мән берілмек. Үйде шалынса таза жерге шалып, басын құбылаға қарату керек, пышақ мейлінше өткір болғаны, малдың қиналмағаны дұрыс. Арнайы қасапшылар қызметі де болады. Құқық қорғау саласының өкілдері де ол жерде үш күн бойын кезекшілік етеді. Оның үстіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай өңірдегі мал өсіретін шаруашылық иелеріне құрбандыққа сойылатын малдың бағасын тым қымбаттатпай, орташа бағада саудалауға үндеу тастаған.
– Құрбандық шалудың мәні – Аллаға жақындау дегенді білдіреді. Алла тағалаға біздің малымыздың еті, қаны қажет емес, біздің шынайы ниетіміз қажет. Құрбандық құбылаға қаратып шалынады. Ең бастысы, ысырапшылдыққа жол берілмеу керек. Етін алып, бас-сирағын, терісін, ішек-қарнын тастап кетпеу керек. Терісін өткізіп, ақшасын қайырымдылыққа жұмсаса, ол да дұрыс болады. Сондай-ақ қарызға мал алып шалған да дұрыс болмайды, одан да келесі жылы ақша жинап, өз ниетіңмен құрбандық шалған дұрыс. Құрбандыққа екі жастан асқан қой, ірі қара мал, бес жастан асқан түйе сойылады. Сиыр мен түйені жеті отбасыға дейін бірігіп шалуға болады, еттің үштен бірін таратқан дұрыс, – дейді наиб имам.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Өскемен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гауһар Темекованың айтуынша, ол жерде мереке күндері жылжымалы зертхана жұмыс істеп, ветеринар мамандар кезекшілік қызмет атқарады. Әкелінген малдарды тиісті сараптамадан өткізеді, ветеринарлық талаптарға сай бақылау жүргізіліп, барлық санитарлық нормалар қатаң сақталатын болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button