«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ
Осындай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты тарамас үшін келген болатын, Алаш ардақтылары бұл өңірге.
Ондағы басты мақсаты:
«Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу; Босып барған елмен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.
Реті келгенде айта кететін тағы бір жайт, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Райымжан Мәрсековтің жоғарыда сөз болған Шәуешек қаласында өткізген жиналысына барар жолда Емілбайұлы Омарғали бастаған Лепсі уезінде жасақталған Алаш атты әскери жүздігі оларды Лепсі уезінің шекарасында күтіп алып, қызылдардан қорғап Шәуешекке алып барған болатын. Жиын біткен соң оларды қайтадан Семей жаққа шығарып салған да солар еді.
Жендеттердің желкесін үзген жетеу
Ұланнан шыққан Алаш азаматының ел қамы үшін барша саналы өмірін пида еткен жанкешті істерін ғана айта берсек, оқырман қауымның көкейінде «Апыр-ау, бұл шіркіннің пенде ретінде жеке басының жағдайы, отбасы жайлы неге сөз болмайды» деген сұрақтың қылаң берері даусыз.
Әлқиссасы, қолда бар деректерге жүгінсек, ол жағын төмендегідей сарында баяндауға болады екен. Райымжан Мәрсеков елде жүргенде Бекметова Гүлнәзи – Бұлбұл есімді татар қызына үйленеді де, одан Гүлғасыл, Гүлрауза атты екі қыз сүйеді.
Інісі Шериязданның қызы Тұрдыханның айтқан әңгімесіне құлақ түрсек, ол былай өрбиді: «Кеңес үкіметінен қысым көрген Райымжан бой жетіп қалған Гүлғасылды қасына ертіп, 1922 жылы Қытайдың Алтай өлкесіне екінші рет өтеді. Сол өңірді ертеден мекендеген қазақ байлары мен билері Райымжанның бұл жерге тұрақтап қалуы үшін қызын бір байға әйелдікке беруді талап етіп, шарт қояды. Бұған келіспеген Райымжан бір түннің ішінде қазақ жеріне кері өтпекші болады. Бірақ Ақсуат маңында ОГПУ-дың қарақшыларының қолына түсіп қалады. Енді құтылмасын білген соң ол, жол шетінде қой жайып жүрген жігітке қалтасындағы бар ақшасы мен тапаншасын беріп, оның Ұлан болысындағы Мұқан Жәкежанұлына, Мұзапар Әбдіұлына хабар беруін өтінеді. Жігіт оның өтінішін орындайды және бес қарулы орыс жендеттері арбамен Семей жаққа әкетіп бара жатқандығын жеткізеді. Хабар алған түні Ұланнан қос-қос атпен Мұқан Жәкежанұлы, Мұзапар мен әкесі Әбдінің інісі Ноғаспай, Райымжанның туған ағасы Әйіптің ұлы Мүлік, інісі Шерияздан, Базардың екі баласы Мұса мен Қабдолла хабаршы жігітті ертіп Ақсуатқа суыт жол тартады. ОГПУ-дың екі офицері үш солдатымен Қызылкесікке тоқтағандарын естіп, Ақсуатта Қабдолланың танысының үйіне түсіп, дем алып, тамақтанып, аттарын шалдырады. Таң қылаң берер шақта Қызылкесікте жергілікті кеңестің кеңсесінде мас күйінде ұйықтап жатқан екі офицер мен үш солдаттың, алдымен қаруларын сыпырып алып, соңынан көздерін жояды. Райымжанды Бақты (Көктұма) кезеңі маңына дейін шығарып салып, өздері елге қайтады.
Райымжанды жауыздардың қанды шеңгелінен құтқарушылардың басшысы болған Мұзапар Әбдіұлы, «Алаш» қозғалысы мен «Алаш» партиясы Семей қаласында алғаш құрыла бастағаннан оның белсенді мүшесі және партияның құпия қорын ұйымдастырушылардың бірі. Большевиктер үшін аса қатерлі Райымжан Мәрсековтің бұл жолы құтылып кетуінің өз алдына ең бір кереметі сол, оны тұтқындап келе жатқандардың түгелімен өлтірілуі жаңа үкіметті дереу құтқарушыларды ұстап, жазалауға жанталаса әрекеттендірген-ді.
Құрығы тым ұзын революциялық үкіметтің жендеттері Әбдінің Мұзапарын қашан өлтіргені туралы дерек жоқ. Ал Райымжанды құтқару жорығына қатысқан алты жанкешті түгелімен бірі айдауда, бірі түрмеде, бірі іш құсадан, бірі жат жұртта елі мен жерін көре алмай шерменде боп кеткендер еді. Базардың Қабдолласы сол өздері барған Ақсуатта қызметте жүргенде 1937 жылы баяғы Райымжанды құтқарудағы жан алыс-жан беріс алпарыста көріп қалған бір кісінің көрсетуімен 25 жылға сотталып, Оңтүстік Сахалинде айдауда жүргенде 1940 жылы атылады. Оның сүйегі жат жерде қалғандығына қайғырған Мұса бір айдан аспай ішқұсадан жүрегі тоқтайды. Мұзапардың әкесі, Әбдінің інісі Ноғаспай «Байдың баласысың, Алашордашыларды жақтадың, жасырдың, Кеңес үкіметінің жауысың» деген желеумен тұтқындалып, алғашында Өскеменнің, соңында Семейдің түрмесінде қамалып екі жылдан астам азап көріп, ақыры өкпе ауруына шалдығып, еліне жетіп көз жұмады. Шерияздан мен Мүлік Мәрсековтер Қытай түрмесінің қияметін көтере алмай жан тәсілім етіпті.
Енді қуғыншылардан құтылып кеткен Райымжан Мәрсековтің одан арғы тағдырына қайтып оралар болсақ, Қытай топырағын қайта басып, Алтай тауындағы 12 абақ керейді билеген Майлыдағы төре, демократ, ақын Мамырбекұлы Қызырдың ауылын паналайды. Қызыр төре Райымжаннан орыс тілін үйренеді. Райымжанды Керей Сары руынан шыққан Байбосын дегеннің қызы Нұржамалға үйлендіреді. Қызыр төренің Райымжанға істеген жақсылығы ұшан – теңіз: артынан бірнеше рет қуғыншылар келсе де, Райымжанды ешкімге ұстатып бермеген, басына үй, алдына мал салыпты. Қызыр Үкірдай қайтыс болып, соңынан қудалау басталғанша – 1932 жылға дейін сол ауылда болады. Шығыс Түркістанның Қытай губернаторы Ресей әкімшілігімен жүргізген келісім бойынша Алаш мүшелерін жаппай тұтқындай бастағанда, артынан аңдушылардың түскенін сезген Райымжан Құлжа маңына жылыстап, сол жақта тұрақтап қалған татар достарын паналайды. Біраздан кейін Толыда қалған отбасын алдырады.
1937 жылы тыңшылардың көрсетуімен Райымжанды Қытай үкіметі Үрімшінің түрмесіне қамайды. 1938 жылы Қытайға қашып барған ондаған Алаш азаматымен бірге Үрімшінің Саяпіл деген жерінде өлтіріледі. Ал Шәкәрім Әкірами деген адам «Райымжанды Зият Шәкәрімұлы, Ғазез Қалбанов қатарлы 108 адаммен бірге Саяпіл даласына апарып тірідей көміп өлтірген» – деген мәлімет келтіреді.
Алаштың арысы Райымжан Мәрсековтің өліміне байланысты тағы бір деректен төмендегідей жайларға қанық боламыз. Әжептәуір ұзақ әңгімені қысқартып баяндағанда тоқетері былай:
Бақыт құшағындағы он төрт жыл…
1937 жылы шілдеде Шығыс Түркістанның (Шынжан) губернаторы Шән Шицай Москваға барып КОКП қатарына өтеді. Сталинмен кездесіп, оның қолынан Қызыл жұлдыз орденін алады. Бес млн. сом күмістей қаржыны қарызға алады. Нәтижесінде қызыл империяның қолдауына ие болып, Шынжанды коммунизмге қарсылардан тазартуға белсене кірісе бастайды. Осы мақсатпен Мәскеуден Смирнов, Якуп, Ашым ажылардан құралған сот алқасы Шыңжанға жіберіледі.
1938 жылдың күзінде тергеу қызметін аяқтап Смирнов пен Якуп айыптылардың мойындау мәлімдемелерін алып Кеңес Одағына қайтып кетеді. Сол жылы қыста Ашым ажы Кеңес үкіметінің «108 күнәһарға өлім жазасын берсе болады» деп шығарған үкімін Шән Шицайдың қайта барып бекітуі арқылы сол жылдың желтоқсанында құпиясын Ашым ажының бақылауымен қатарында Райымжан Мәрсеков, Ғазиз Қалкенов, Мырзахмет, Мырзалық тектес 20 қазақ бар, жиынтығы 108 адам Үрімшідегі Сай-У-Фу (қазақтар Саяпіл деп атаған – М.М) көлінің бас жағындағы Боғда тауының күнгейіне тірідей көміледі.
Жоғарыда Райымжанды Керей Сары руынан шыққан Байбосын дегеннің қызы Нұржамалға үйленді дедік. Бұл 1923 жыл екен. 1937 жылы Қытайда ұсталып, сол бойы хабарсыз кеткенге дейін 14 жылдан аса уақыт Нұржамалмен бір шаңырақта тату-тәтті, бақытты отбасылық өмір сүріпті.
Райымжанның артында бір ұл, үш қыз қалады. Үш-төрт жыл күткен соң Нұржамал лажсыз, сүйегі Мыржас-Жауар Молдахан деген адамға тұрмысқа шыққан. 1962 жылы Қытайдағы ел бері өткенде Молдахан мен Нұржамал да өткен. Молдаханның ағайындары Қызылкесікке біржола қоныс тебеді. Ұзамай Молдахан қайтыс болады. Үш қыздың біреуі Қытайда қайтыс болып, тұрмыс құрған балалы-шағалы екі қызы да Қытайда қалған. Жалғыз ұлы Жікенді Молдаханның атына жаздырып, елге ертіп келеді. Ол жақта туыстары Жікеннің Райымжан баласы екенін сездірмеуді қатты ескерткен екен. «Семей таңы» газетінің 1991 жылы 13 қаңтарындағы санында редакцияның атына «Сұрау саламыз!» атты айдармен жарияланған Қазан төңкерісінен бұрын білім шыңына қол созып, Ресейдің үлкен оқу орындарында, шетелдерде оқыған семейлік бір топ жастардың тізімінде бірінші болып Райымжан Мәрсеков аталыпты. Онда: «Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1902 жылы бітірген», -делінген.
Семейлік қаламгер Қарпық Егізбаев «Тағылым» атты естеліктерінде Райымжанның жұбайы Нұржамалмен 1990 жылы Семейде кездесіп, әңгімелескендігі туралы жазыпты. Сондағы 84 жастағы Нұржамал әжейдің әңгімесінен төмендегідей үзінді келтірейік.
Өмірімнің ең бақытты шағы – Райымжанмен өткізген 14 жыл болды. Ол кісінің ақылға, білімге, мінезге байлығы мені тәнті ететін. 17 жасымда қосылдым. Райымжан 40 жаста екен. Жас айырмашылығымыз алшақ болса да, аса сыйласымды болдық. Қызыр Үкіртай бас қосқан кезде маған: «Қарындасым, асылды бағалай біл, сыйлай біл», – деген еді. Қызыр төреден бастап қайда жүрсе де, Райымжанды ел құрметпен қарсы алатын. Қасына ақын, әнші, күйшілерді топтап ертіп жүретін. Өзі де шебер домбырашы, гармоншы, әнші еді», – дейді кейуана.
Бұл ісі, «Өнердің әлеуметтік мәнін ғылыми терең түсінген Райымжан, халықтың көңілін ашып, ой-санасын оятуға әнші-күйші, ақындардың өнерін пайдаланғандығы шығар» деп топшылаймыз. Алаш асылдарының басты бір мақсаты – білімге елді жетелеу еді ғой. Олай болса, Райымжан 1937 жылы ұсталып кеткенге дейін үзбей бала оқытумен болыпты.
– Елін Райымжан қатты сағынатын, – деп еске алыпты Нұржамал әжей.
– Жасымнан оқу соңына түстім. Таң атса, күн батпайтын, күн батса, таң атпайтын жерге де барып оқыдым. Сондағым – халыққа пайдамды тигізу еді. Ешқандай пайда таппадым. Ең ауыры – елімнен кеттім. Одан да оқымай-ақ, бір байдың қойшысы болсамшы, – деп бір сәтке налығандай күй кешетін асыл азамат.
Жар қосағы Нұржамалдың осы айтқандарына қарағанда, Мәрсеков Қытайда шамалы уақыт бейбіт, тыныш өмір сүрген тәрізді. Алайда үлкен қайраткердің ол жақтағы жүріс-тұрысы, іс-әрекеті ерекше бақылауға алынғанын қызылдың барлау органдарының, Қазақстан Республикасы Мемлекет Қауіпсіздігі комитеті мұрағатынан алынған 1932 жылғы («Ақиқат» журналы, 1992 ж, №9, 42-бет) мына бір дерегі басқаша ойға жетелейді: «Қытайдағы қазақтың ұлтшыл контрреволюциялық орталығының қызметі туралы», «Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша, шекараның арғы бетіндегі ұлтшыл қазақ контрреволюциялық орталығының жетекшісі Мәрсеков, өткен жылдың соңғы күндерінде Джанрдан Шара-Сумэ қаласы ауданына келген: жолшыбай Мәрсеков Қобықтағы бай Ақаш Шерединовқа тоқтаған. Мәрсеков кейбір қазақтарға Алтайдағы моңғол байларымен бірігуді ұсынған. Мәрсековтің ізінше, қаңтардың алғашқы күндерінде, Қобық арқылы үш линиялы винтовкамен қаруланған, саны 30 адамдық Алаш отряды жүріп өткен. Дам елді мекенінде отряд Қонысбаев Хасенге тоқтаған. Отряд Алтайға кетіп барады екен. Сапарларының мақсаты анықталмаған», – делінген де, аяғында «Мәлімет тексеруді қажет етеді. 50-ші шекара отрядына Алаш отрядының Алтайға аттану мақсатын анықтау тапсырылды» – деп жазылған. (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздігі комитеті мұрағаты, 569 – папка).
Бұдан басқа да он шақты құжатты мұрағат қорынан тауып, түсініктемелер жазып, әрі қазақшаға аударып, «Ақиқат» журналы арқылы оқырманға ұсынған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтің: «Райымжан Мәрсеков – «Алаш» партиясының және Алашорда мемлекеттік құрылымының белді қайраткерлерінің бірі. Алаш зиялыларынан алғашқылардың бірі болып шетелге қоныс аударған және ондағы қазақтарды Алаш қозғалысына тарту үшін зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген» деген тұжырымын жоғарғы аталған құжат толық дәлелдеп тұр. Қытайда Райымжан Мәрсеков қазақтың ұлттық Алаш орталығының жетекшісі ретінде «Алаш» отрядын құрған. Мұндай құпия жүргізілген аса зор саяси-әлеуметтік істі үй ішіне сездірмеуі де мүмкін ғой.
Райымжанның ұрпақтары жайлы айтар болсақ, Нұржамалдан туған, әкесінен бес жаста қалған (1932 жылы туған) жалғыз ұлы Жікеннен 11 немере: Мұратбек, Ережепбай, Тілеубай, Төлбай, Ораз, Бейсенбай, Қанат есімді жеті ұл, Төлеухан, Жұмағұл, Сәбетхан, Нұргүл атты төрт қыз бар. Қыздары Күлсипат, Күлихан Шығыс Түркістанда тұрып жатқан деген дерек жеткен болатын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында Нұржамал әжей де, Жікен де өмір жолдарын аяқтапты.
Алаш қозғалысының рухани көсемі
Ұланнан шыққан Алаш арысының рухын асқақтатып, отбасылық әулетінің сабақтастығын мәлім ететін жағдай – ақылды Нұржамалдың осы жаққа өтісімен, Райымжанның ата жұртта қалған Гүлғасыл атты үлкен қызын іздеп, Семейден тапқандығы. Жасы сол кезде тоқсанға таяған Гүлғасыл екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген шағына жеткен ұлағатты әулеттің тірегі болатын. Олардан өрбіген ондаған немере-шөберелері бар асыл әжейге айналған жан екен. Әкесінің шаңырағы ретінде танылған Гүлғасыл Нұржамалмен, Жікенмен көрген адам сүйсінерліктей жақсы қатынаста болыпты. Нұржамал Гүлғасылдан туған жиендерін мақтанышпен ауызға алатын. Жиендерінің бірі Қайырбеков Марат өмірінің ақырына дейін 20 жылдай Аягөз ет комбинатының директоры, облысқа танымал абыройлы азамат болған. Марқұм Рәуілі – Алматыда ұшқыш болды, Софиясы ұзақ жылдар Семей педучилищесінде оқытушылық қызмет істеп зейнеткерлікке шыққан, Сарасы қазір Семейде, жоғары санатты адам дәрігері. Нағашы жұртының соңғы тұяғы Нұржамалдың да, Жікеннің де азасын осы аталған жиендері көтеріпті. Райымжан Мәрсеков әулетінің бұрынғы ұрпақтарына қамқор болып жүргендер де солар. Алаш ардақтысының есімі ұрпақтар жадында әрдайым сақталады деген осы емес пе?
Алаш қозғалысының аймақтық басшыларының бәрі Семейге бағынды. Оның үстіне Семейде Райымжан Мәрсеков болды. Әлихан Бөкейхановты Семейге шақырып алған да осы Райымжан еді. Жалпы Семейдегі Алаш қозғалысының рухани көсемі болған да осы Райымжан Мәрсеков.
Алайда Алаш қозғалысы өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты жағынан қазақ тарихындағы қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны еді. Ол отарлық саясаттың езгісіне, соның салдарынан туындаған қоғамдағы өктемдік пен әділетсіздікке қарсы шыққан қазақ халқының жаңаша түрдегі ұйымдасқан іс-әрекеті, кезеңге сай ұлттық санасының оянуының қоғамдық көрінісі болатын.
Алаш қозғалысының бұрын-соңды болған басқа ұлт-азаттық қозғалыстардан басты айырмашылығы – жер және билік мәселесімен қатар, ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеуді көздеуінде болды. Ол күрес жолында саяси демократиялық партия мен ұлттық дербес мемлекет құру деңгейіне шейін көтерілді.
Алаш қозғалысының күшті де, осал жерлері де болды. Ұлттық бағдарлама жасау, отаршылдыққа қарсы күрес, қоғамды демократиялау, оны өркениетті жолға салу, ұлттың санасын көтеруді күн тәртібіне қойды, жалпыхалықтық бірлікті талап етті. Жалпыхалықтық әлеуметтік негізі бар қозғалыстың болашағы мол еді. Алайда көпғасырлық шапқыншылықпен күрес, ұлт-азаттық қозғалысы халықтың генофондысын, бодандық психология оның рухын әлсіретті, ұлттың қарекетін, болмысын төмендетті. Жауға ғасырлар бойы жалаң қылыш, найзамен күресіп әдеттенген ол жаңа техникалы заманда еуропалық күрес әдісіне немқұрайды қарады, оның сырын түсінбеді.
Алаш қозғалысы халықтың қалың тобынан озық туған қозғалыс еді. Ол халықтың қаймағы болатын ат төбеліндей зиялыларды қамтыды. Алаш қозғалысының трагедиясы осында еді. Алдыңғы авангардқа артындағы қалың қауым арасындағы алшақтықты жою үшін жылдар керек еді.
Ұлт көсемі Әлихан, ұлт ұстазы Ахмет, ұлт жаңашыры Міржақыптар бастаған, Райымжан сияқты ұлт қайраткерлері Алаш жолы, Алаш идеясы, Алаш мұраты үшін ғазиз бастарын бәйгеге тікті. Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысаннан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгінде өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымыздағы сұрақ болып шығып отыр.
Ол идеялар мыналар:
Бірінші ұстаным: Жер, Жер және Жер! Жерсіз – Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұғымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді.»
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Әлихан Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші ұстаным: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Бұл бес идея өзінің азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен дін үшін, діл үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыратын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды.
Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Ғаламдастыру дәуіріндегі рухани тәуелсіздіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық бағдарлама, біздің пайымдауымызша, осы болып табылады.
Сонымен қатар Алаш қайраткерлері қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді.
Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деуінен, жоғарыдағы алашшылардың бір ғасырдан кейін іске асқан арман-аңсары екенін бағамдай аламыз.
Марат Мағзұмов,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың құрметті профессоры.