Саясат

Лионмен байланысымыз беки түседі

Лионмен байланысымыз беки түседі

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Француз Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Патрик Ренарды қабылдады. Кездесуде Шығыс Қазақстан облысы мен Лион қаласы арасында әріптестік байланыс орнату жөнінде әңгіме қозғалды.
Екіжақты келіссөздерге Лион қаласы мэриясының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Шығыс Қазақстан мен Лион қаласы арасындағы қарым-қатынас қос тарапқа да тиімді болатынын айтып, Франциядан келген қонақтарды облыстың әлеуетімен мұқият танысып шығуға шақырды.
– Шығыс Қазақстан – еліміздегі ірі өнеркәсіптік аймақтардың бірі. Мұнда әсіресе, металлургия саласы жақсы дамыған. Әлем бойынша титан өндірісінің 17 пайызы біздің облысқа тиесілі. Сонымен қатар, аймақта атом өнеркәсібінің бірнеше нысаны да бар. Және бұларды әлеуеті жағынан дүние жүзіндегі ең ірі нысандардың қатарына жатқызуға болады. Облысымызда сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын дамытуға да мол мүмкіндік қарастырылған, – деген аймақ басшысы Лион қаласы мен аталмыш шаһар орналасқан Рона-Альпы аймағы арасында әріптестік байланыс орнатуға ешқандай кедергі жоқ екенін атап өтті. Себебі, бұл аймақ та Шығыс Қазақстан сияқты өнеркәсіптік өңір болып табылады екен.
Осы орайда, Лионда медицина, атап айтқанда, онкология саласы жақсы дамығанын ерекше атап өткен абзал.
Өз кезегінде шетелдік делегацияны бастап келген Патрик Ренар облысымызға осымен екінші мәрте келіп тұрғанын айтып, Франция Шығыс Қазақстанмен байланыс орнатып, нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесуге Лион қаласы мэриясының өкілі Фредерик Силия қатысты. Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз бұрын Лионға Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов барып қайтқан болатын.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ алдағы уақытта Лион қаласына тағы бір шығысқазақстандық делегация баратынын жеткізді. Бұл жолғы сапардың мақсаты француздардың инновациялық технологияларымен, сондай-ақ, медицина саласындағы жетістіктерімен танысу болмақ.
Шығыс Қазақстанға сапары барысында франциялық делегация Өскемендегі бірнеше нысанда болып қайтты. Атап айтқанда, меймандар Пушкин атындағы облыстық кітапханада болып, мұндағы француз оқу залының оқырмандарымен жүздесті.
Сонымен қатар, Патрик Ренар бастаған делегация Риддер қаласы мен Глубокое ауданында болып, туризм саласындағы әріптестікті дамыту жөнінде кездесулер өткізді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button