Әлихан Бөкейхановтың бес ұстанымы
(Соңы.) Кейіннен, яки, 1924 жылы Мәскеуде де, Қазақстанда да халықтың демографиялық ахуалы жөнінде білікті маман болмағандықтан, М.Дулатовтың өтінішімен Әлекең «Еңбекші қазақ» газетіне (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Қазақ қанша?» атты мақаласын жариялайды. Бұл мақалада қазақ халқының демографиялық жағдайын айта келе, 1914 жылғы санақ қорытындысы бойынша 6 470 000 адам санын құрағанын, он жыл өтсе де, әлі өсім болмағанын, оған елдегі сүзек, 1921 жылғы аштық себеп болғанын күйіне, ашық жазған екен (бұл ақиқат үшін алаш ардақтысының артынан тағы да шам алып түседі).
Орайы келген соң, айта кеткен жөн болар, 1937 жылы санақ қорытындысы қазақтың саны небәрі 2 181 250 адамды құрапты. Әрине, көрсеткіштегі он үш жылда қазақ халқының санының күрт кемуіне басты себеп 1931-33 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылық екені хақ. Осы нәубаттардың боларын жиырмасыншы жылдары болжаған Ә.Бөкейханов қазаққа бір ғана мал шаруашылығына арқа сүйемей, егін егуге, білім, ғылым жолында табыс көзін ойластыруға ақыл беріп, Кеңес үкіметінің жер реформасы ұлтқа кесапат әкелетінін халқына ескертіп кеткен жоқ па?
Ұлт мүддесі үшін саяси күрес жолында
Кезінде Шыңғыс ұрпақтарының өзара таққа таласқан алтыбақан алауыздығының кесірінен азаттықтан айырылып, бодандықтың бұғауына түскен халқының тағдырына күйінген Әлекеңнің «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өзі жазғандай, ұлты үшін саяси қызметін 1905 жылы бастап кетті.
1905 жылы бірінші орыс революциясын Әлекең Омбыда қарсы алған еді. Ол сол кездерде уақыт оздырмастан патша үкіметіне қарсы Конституциялық демократия партиясына өтеді. Оның төңірегіне Жақып Ақпаев, Міржақып Дулатов, Айдархан Тұрлыбаев сынды қазақ зиялылары топтасады. Дәл осы уақытты іс жүзінде Алаш қозғалысының іргетасы қаланған уақыт деп атаған жөн болар. Алаш қайраткерлері қазақ даласында белсенді түрде халық санасын оятып, жер-жерлерде митинг ұйымдастыруды бастап кетеді. Сол митингтердің бірін Қарқаралыдағы Коянды жәрмеңкесінде өткізген олар Патша үкіметіне қарсы петиция жариялайды. Бұл арызтілекте қазақ ұлтының мүддесіне байланысты жер мәселесі, шеттен толассыз келіп жатқан қара шекпенділердің көшін тоқтату, қазақ ұлтына Мемлекеттік Думаға депутат сайлануына құқық берілу сияқты өзекті мәселелерді көтереді. Нәтижесінде сол жылы Империя патшасының «Мемлекеттік Дума» атты манифесінде қазақ даласынан депутат сайлану құқығы беріледі. Арада біраз уақыт өткенде Ресей билігі Әлекеңді ұлт мүддесі жолында саяси белсенділігі үшін «қара тізімге» енгізеді. Өкінішке қарай, сол жылы депутаттыққа өткен ұлттың ұйытқысы Әлихан Бөкейхановты І Думадағы жұмысына кірістірместен, Павлодар абақтысында үш айға қамауға алады. Уақытын өтеп, бостандыққа шыққан ол өз қызметін бастаған кезінде Патша үкіметінің Думаны таратып жіберуіне байланысты жұмысын толық атқарып та үлгермейді. Тұлғаны замана ақ алмастай шыңдайды дегендей, сұрқия саясаттың ызғарлы өтінде жүріп шыныға бастаған Әлекең Думаны мәжбүрлі таратумен келіспеген көптеген саясаткерлерімен бірлесе Выборг қаласында бас қосып, Выборг үндеуіне қол қойып, мұның соңы үш ай Семей түрмесінде отыруына себеп болады. Кейіннен жұмысын Омбыдан шығатын кадеттік «Голос степи», «Омичъ» және «Иртышъ» газеттерінде жалғастырған Әлекең 1908 жылы орталық Ресейге жер аударылуына байланысты Петерборда жарық көрген меньшевиктік «Товарищъ», кадеттік «Речь», «Слово» газеттерінде редакторлық қызмет атқарады. Ресейдің белді газеттерінде жұмыс жасау арқылы газет шығарудың қыр-сырын меңгерген публицист Әлихан Бөкейханов А.Байтұрсынов, М.Дулатовпен бірлесе «Қазақ» газетінің шығуына жетекшілік жасайды. Бұл газет аз уақытта жалпыұлттық басылым деңгейіне көтерілуімен бірге, ұлт-азаттық қозғалыстың баспа үніне айналып үлгерді десек артық айтпаған болар едік. Қазақ газетімен қатар «Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті сияқты баспасөз құралдарының жарық көруі ел үшін елеулі уақиғалардың бірі боп қалды. Газет қазақ даласының айнасы іспеттес болды. Жалпы, бұл жылдарды қазақтың рухани жаңғыру кезеңдері деп атауымызға толық негіз бар.
Алаш сөзін айналымға енгізген Әлекең еді
1916 жылғы Патша жарлығына наразылық ретінде болған көтеріліс нәтижесінде қазақ жігіттерінің Батыс Майданға тыл жұмысына аттандырылуы себепті, солардың басы-қасында, бөлім бастығы болып қызмет атқарып жүрген алаштың көсемі ақпан төңкерісін Минскіде қарсы алады. Патшаның тақтан құлауын азаттыққа апарар жолдың жақындауы деп түсінген көреген көшбасшы ұлтының ұлтжанды ұлдарын бастай отырып, уақыт оздырмай Алаш партиясын құруға кірісіп кетеді. Айта кетер жайт, «Алаш» сөзін ең алғаш саяси айналымға «Қазақ» газеті арқылы енгізген Әлекең еді.
Алаштанушы Тұрсын Жұртбай Әлихан жетекшілік еткен Алаш қозғалысының бес ұстанымы болды деп есептейді. Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды (Бұл жерде айта кетер жайт, патша үкіметі жүргізген отарлау саясатының нәтижесінде тек 1895-1917 жыл аралығында ғана 1 млн-ға жуық адам Ресейдің ішкі өлкелерінен қазақ жеріне қоныстандырылып, барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынған еді).
Екінші ұстаным: жердің астын¬дағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша, «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейха¬новтың жобасы бойынша, «Қазақ¬тың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс».
Төртіншісі: Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Ресейдің сол кездегі қырықпышақ болып өзара қырқысқан түрлі саяси ұстанымдағы күштерімен бірде саяси ымыраға келіп, бірде азу көрсете арпалыса жүріп, азаттықтың ақ жолындағы жылдар бойғы күрес нәтижесінде 1917 жылдың соңына қарай қазақ тарихында алғаш рет дауыс беру арқылы Әлихан Бөкейхановты төрағалыққа сайлаған тұңғыш демократиялық бағыттағы Алаш Үкіметі дүниеге келеді.
Р.S Аз уақытта қазаққа азаттықтың дәмін сезіндіріп, ұлтық рухын асқақтатып үлгерген Алаш үкіметі күштеп таратылса да, ұлттың ұлтжанды ұлы халқы үшін қызметін жалғастыра берді. Алаш жұртына ғұлама ғалым, ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы әрі публицист ретінде Әлихан Бөкейханов қазақ халқының саяси-әле¬уметтік, мәдени, рухани тарихында өшпестей асыл мұра қалдырды. Өмірінің соңына дейін «Мен Кеңес өкіметін жақтырмадым, бірақ мойындаймын!» -деп өткен Ұлт көсемі түрлі тергеулер мен абақтылардағы азапты күндерден кейін ақыры Кеңес билігінің үкімімен 1937 жылы 27 қыркүйекте ату жазасына кесіледі. Ал туған халқы Алаштың арысымен тек 80 жылдардың соңына қарай, кезінде қатаң тыйым салған еңбектерін қайта жариялау арқылы айырылмастай боп мәңгілікке қауышты.
Азамат Құмарбекұлы,
Өскемен қаласы