Көліктеріміздің бағасы қашан қолжетімді болады?
Елімізде көлік құны арзандайды биыл. Мұның себебін Ресейдегі рубльдің девальвацияға ұшырауымен, соның салдарынан бұл елден Қазақстанға әкелінетін автокөліктер санының еселеп артқанымен түсіндіруге болады. Мәселен, соңғы үш-төрт ай ішінде ел аумағына бір ғана Ресейдің өзінен 50 мыңнан астам автомобиль енгізіліпті. Бұл ретте жыл басынан Ресейден кіретін көліктерге төленетін 12 пайыздық қосымша құн салығының алынып тасталуы да сырттан темір тұлпар әкелуге бел буғандардың санын көбейтті.
Базар қаңырап тұр
Өскемендегі көлік базарында қазір бұрынғыдай қайнаған тіршілік жоқ. Темір тұлпарлар сол баяғыдай қаз-қатар тізіліп тұрғанымен, оны сатып алушы адамдардың қарасы күрт кеміген. Өзін Ермек деп таныстырған көлік сатумен айналысатын жігіт мұндай жағдайдың 2008 жылғы дағдарыс кезінде де болмағанын айтады.
– Алматы мен Астанадан көлік әкеліп, осы жерде сатамын. Бәлендей болмаса да, нәпақамды тауып келгенмін. Ал бүгінде жағдай өзгерді. Жұрт енді көлікті Ресейден әкелуге тырысады. Қараңыз, қазір базарда сатып алушылардан сатушылар көп. Енді жағдай өзгермесе, бізге бағаны тағы төмендетуге тура келеді. Онсыз да соңғы кездері көліктердің құнын біршама арзандатқан едік, – дейді ол.
Расымен де, сатылымға шығарылған көліктердің дені бұл жерде біраз уақыт тұрғаны көрініп тұр. Әдетте, мәшиненің маңдай терезесіне жабыстырылып қоятын автокөліктің құны, шығарылған жылы, қозғалтқышының күші және иесінің телефон нөмірі туралы ақпарат беретін бір жапырақ қағаздың өзін табу қиын. Көліктердің үстін қалың қар басқан.
– Қазір халық мәшінді Ресейден тасуға көшкен. Ол елде әлдеқайда арзан ғой. Мен өзім де со жаққа барып, көлік алып келейін деп жүрмін. Интернет сайттардан біраз нұсқаны қарастырып та қойдым. Бүгін сенбі болғандықтан базардағы ұсыныстарды көріп қайтуға келгем. Бағалар қымбат екен. Сондықтан ұлым екеуіміз Барнаул не Новосібір қалаларына баратын шығармыз, енді аяқастынан біздегі бағалар түсіп кетпесе, әрине, – деп күледі атын жазбауды өтінген азамат.
Осылайша, «былай тартса арба сынады, былай тартса, өгіз өледінің» кебін киіп тұрған жайымыз бар бүгінде. Бір жағынан, Ресейде, ал соның әсерінен Қазақстанда да «темір тұлпар» құнының арзандауы сөзсіз тиімді, өйткені, отандастарымыздың енді көлік атаулыны таңдап, талғап мінуге мүмкіндіктері артады. Ал екінші жағынан, кезінде осы көлікті сатып алу үшін қомақты несие алып, біраз шығынданған жерлестеріміз машинасын сатуға келгенде кәдімгідей ұтылайын деп тұр.
Екі елдегі «Темір тұлпар» құнының
айырмасы жер мен көктей
Әрине, нарық заманында адамға «өзіміздікін ал» деу ауызды қу шөппен сүртумен бірдей. Қазір халық қалтасы көтеретін, көңілі толатын өнімге қарай ұмтылады. Бұл орайда ресейлік көлік сатушылардың айы оңынан туып тұр. Мәселен, халықтың зор сұранысына ие Toyota Camry XV40 (ел арасында «сороковка» деген атпен танымал) көлігін алып қарайық. 2007 жылғы шығарылған аталмыш көліктің қазақстандық Колеса.kz сайтындағы бағасы 11 500 және 19 500 АҚШ доллары аралығында ауытқиды. Ал дәл осы көліктің ресейлік Drom.ru сайтындағы ең арзан құны 7 600 доллар болса, қымбат дегені 15 500 доллардан аспайды. Сонда бүгінде екі елдегі баға айырмашылығы шамамен төрт мың АҚШ долларына пара-пар келеді.
Су жаңа көліктер саудасында да жағдай мәз емес. Мысалы, еліміздің тұрғындары жиі сатып алатын Renault Duster, Lada Priora, Hyundai Accent (Ресейде бұл көлік Hyundai Solaris деген атпен белгілі) және Toyota Land Cruiser Prado көліктерінің екі ел нарығындағы бағаларын салыстырып көрелік.
Ресейлік АвтоВАЗ компаниясы ұсынған Lada Priora көлігінің ең қарапайым құрастырылымының құны 6 479 АҚШ долларын құраса, отандық БИПЭК АВТО саудалайтын дәл осындай көлік 7 430 долларға бағалануда. Renault Duster автокөлігі Ресейде 9 148 доллардан 14 196 долларға дейін тұрса, француз автоконцернінің Қазақстандағы ресми дилері бұл машинаны 14 320 және 23 188 доллардан саудалап отыр.
Сол сияқты Hyundai Accent көлігінің екі елдегі ресми бағасында айтарлықтай ауытқушылық бар. Мысалы, «Акценттің» ең қарапайым, базалық моделі елімізде 14 320 доллардан, ал ең қымбаты 23 188 доллардан сатылуда. Ресейлік дилер болса, бұл көлікті 9 148 және 14 196 долларға ұсынып отыр.
Ал ең үлкен айырмашылықты біз Қазақстан мен Ресейдегі Toyota Land Cruiser Prado көліктерінің бағасын салыстырудан байқадық. Мысалы, көрші елде қозғалқышының күші 2,7 литр болатын су жаңа «Прадолар» 33 741 доллар тұрады екен. Ал осы джиптің төрт литрлік ең қымбат нұсқасын 52 174 долларға алуға болады. Қазақстанда дәл осы автомобильдің бағасы 48 400 доллардан басталып, 81 400 долларға дейін барады. Қарап отырсаңыз, бағалардағы айырмашылық айқын. Нысанаға алынған көліктердің әрқайсысы көрші елде кем дегенде мың долларға арзан келеді. Ал Ресейден Toyota Land Cruiser Prado машинасын сатып алатын отандасымыз тіптен 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржысын үнемдеп қалмақ. Бұл айырмаға тағы бір немесе бірнеше көлік сатып алуға әбден болады.
Қазақстандық тәуелсіз сарапшы Диас Уәлихан бүгінде отандастарымыздың зор сұранысына ие көліктерді сатумен айналысатын ресейлік автосалондар босап қалғанын айтады.
– Қазір шекараға жақын орналасқан Омбы қаласындағы автосалондарда қазақстандықтардан көп адам жоқ. Оны қойып, Мәскеудің өзінде «арзан» автокөлік алуға келген қазақстандықтар мен беларусьтерді жиі кездестіруге болады. Ресей астанасындағы көлік сатумен айналысатын бір танысым өткен аптада Қазақстанға 40-тан астам көлік жібергенін айтады. Бұл бір ғана сатушының дерегі. Ал өзге автосалондардан елімізге жөнелтілген темір тұлпарлардың саны қанша екенін кім білсін? – дейді Д.Уәлихан.
Дегенмен, тағы бір отандық сарапшымыз Эдуард Эдоков бұл Қазақстанның көлік нарығына бәлендей әсер етпейтін, уақытша дүрлігу екенін айтады. Оның сөзіне сенсек, ресейлік дилерлер алдағы уақытта баға саясаты тұрақтанатыны туралы мәлімдеме жасап та қойыпты.
Маманның айтуынша, бүгінде жұртшылықты басқа бір нәрсе алаңдатады екен. Атап айтқанда, Ресей жолдарында көлік сатып алуға барған отандастарымызға қарақшылық топтар шабуыл жасап, темір тұлпарларын тартып алып жатқанға ұқсайды. Тіптен, көрші елге машина іздеп барған қазақстандықтар арасында із-түссіз жоғалып кеткендері де бар көрінеді…
Отандық автозауыттар өзгелермен бәсекелесе ала ма?
Автокөлік бағасының арзандауы кімге тиімді? Әрине, бірінші кезекте қарапайым халыққа пайдалы болары анық. Жоғарыда айтқанымыздай тұрғындардың бұрын қалтасы көтере бермейтін көліктерге қолдары жетеді енді. Алайда, аяғынан енді ғана тұрып келе жатқан отандық автозауыттар мен көптеген дилерлік орталықтар біраз пайдадан қағылып отыр. Осының салдарынан кәсіпорындардағы жұмысшылар саны қысқарып, мемлекет қазынасына түсетін салық азаюда. Бұл – нарық заманының бұлжымас қағидасы. Яғни, бәсекеге қабілеттілер ғана өрге басып, алғы шептен көріне алады.
Иә, бүгінгі нарық заманы бізге жаңа талаптар қойып отыр. Елбасымыз айтқандай, кәсіпорындарымыз тұралап қалмауы үшін жаңа нарық іздеп, өнімділікті арттырулары қажет. Әрине, бұл ретте сапа мен бағаны да ұмыт қалдыруға болмайды. Яғни, отандық өндірушілер тауарларының сапасы жоғары, ал бағасы қолжетімді болғанда ғана өзгелермен бәсекелесе алмақ. Ендеше оларға ең алдымен осы жайттарға көңіл бөлген жөн. Оның үстіне автомобиль құрастыру зауыттарына мемлекет тарапынан үлкен қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Бұған бүгінде Өскеменнің іргесінде бой көтеріп жатқан 12 мың адамды жұмыспен қамтитын жаңа автозауытты мысал ретінде келтірген де артық болмас.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті:
– …Бір жағынан қазақстандықтардың ұтары көп. Арзан темір тұлпар, тұрмыстық техника және тағы басқасын сатып алды. Ортақ экономикалық кеңістік әрқашан адамдардың игілігі үшін қызмет етеді. Халық риза болса, біз де риза болуымыз қажет, яғни, бұл практикалық мәселе. Біз бір қорытындыға келіп, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек. Өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істеп, өнімділікпен айналысқандар қазір пайда көреді.
Керек дерек:
Былтыр облысымызға сырттан 1100-ден астам көлік енгізілген. Әкелінген көліктердің ішінде «Тойота», «Лексус», «Хюндай», «Мерседес» және «Хонда» сынды маркалардың үлесі басым.
Нұржан Кенжеұлы