Журналистік зерттеу

Көліктерді көгілдір газға көшірудің тиімділігі неде?

Көліктерді көгілдір газға көшірудің тиімділігі неде?

Облыс орталығында көлік нөпірі жыл сайын көбейіп барады. Көбейген сайын Өскеменнің онсыз да лас ауасы үсті-үстіне газданып, экологиялық жағдай күрделене түсуде. Ай сайын бағасы өсіп бара жатқан жанармайға тәуелді болып, шулап отырғанша, таза ауамен тыныстап, қаржыны да үнемдеп, көліктерді неге тездетіп газға көшірмеске деп ойлайсың осындайда.
Біреулер темір тұлпарларды газға көшіру қауіпті, алда- жалда атылып кетуі әбден мүмкін дейді. Енді біреулер «атамаңыз» деп, жанармаймен жүріп келген көліктерін тіптен газға ауыстырғысы жоқ. Газбен жабдықталатын баллонды орнату ақысының қымбат екенін, қыста газдың қатып қалып, көлікті от алдыру қиын болатынын алдыға тартып жүрген жұрт та жетеді.

Мұндай жабдықты орнату қанша тұрады?

Көлікті газ баллон жабдығына қалай ауыстырады? Мұндай жабдықты орнату қанша тұрады? Қысқасы, көптің көкейінде жүрген темір тұлпарларды көгілдір отынға көшіруге қатысты сан сауалымызға жауап табу үшін Глубокое ауданының Белаусовка кентіндегі «Облгазпром» ЖШС-нің «Көліктерге газ баллон жабдығын орнату және сервистік қызмет көрсету» орталығына арнайы бардық.
Орталық мамандары біз барған сәтте «Ланд Крузер-250» автокөлігіне газ баллон жабдығын орнатып жатыр екен. Бұрын осы жерге жанармаймен жүріп келген бұл джип енді газбен жүріп қайтпақ.
Газ баллоны артқы салонның астына (көлік қорабының сыртқы жағынан) орнатылыпты.
– Газ баллонын жеңіл көліктердің жүк қорабына (багажнигіне) орнатамыз. Мына джипке бұрын қосымша дөңгелегі тұрған жеріне орнаттық, – деген автомеханик Дмитрий Белов газ баллонын іске қосу, ажырату тетіктерін көрсетіп, орнатылып жатқан жабдықтардың бәрі де итальяндық заманауи газ баллон жабдықтары екендігін айтты.
– Жүргізушілердің біразы газбен жүретін көлік жанармаймен жүретін көлікке қарағанда қауіпті екендігін айтады. Көлікті газға көшіру қауіпті ме?
– Егер жабдықтар арнайы мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарында орнатылса, ешқандай да қауіпті емес. Газбен жүретін көліктер кеңестік заманда да болды. Бірақ бүгінгідей озық, заманауи нұсқада емес, қарабайыр әдіс, тәсілмен жұмыс істеді. Ал біздің орнатып жатқан жабдықтарымыз – әлемдік нарықта алдыңғы қатарлы, сенімді газ баллон жабдықтарымен танылып отырған белгілі ITAL CAS компаниясының өнімдері. Газ баллонының шағын қалпақшасы тесілу, ағытылып кету сияқты апаттық жағдай болып жатса, өздігінен жабылып қалатындай етіп жасалған. Баллондар қатты соққыға төзімді жаңа технологиялармен өндірілген материалдардан жасалған. Дұрыс орнатылып, дұрыс сервистік қызмет көрсетіліп отырса, көліктен газ иісі шықпайды, кейбіреулердің айтып жүргеніндей. Жазда осы компанияның үйретуші маманы біздің орталыққа келіп бір ай бойы құралдарды орнатып, іске қосудың қыр-сырын үйретіп, оқытып кетті, – дейді сервистік орталықтың маманы Дмитрий Белов.
Осы орталыққа келгенге дейін газға көшкен көліктердің жанармай құятын багі алынып тасталып, тек қана газбен жүреді деп ойлағанмын. Олай емес. Жүргізушінің қалауына қарай көлікті жанармаймен де, газбен де жүргізуге болады. Автоматты қорапты көліктерде отынның бір түрінен екіншісіне ауысу автоматты түрде, механикалықта қолмен жүзеге асырылады.
Джипін көгілдір отынға көшіріп, бір шаруасын тындырып тұрған Сергейден өз көлігіне газ баллон жабдығын орнату қанша теңгеге түскенін сұрадық.
– Қозғалтқыш көлемі 5,7 текше сантиметр болатын менің көлігіме газбен жүргізу жабдықтарын орнату 270 мың теңгеге түсті. Көлемі үлкен болғандықтан, жанармайды өте көп жейді. Ұзақ жолға да жиі шығамын. Сондықтан газға көшуді көптен бері ойластырып жүрген болатынмын. Соның сәті енді түсті. Әрине, жанармайдың бағасы 128 теңге тұрса, газдың литрі 70 теңге тұрады. Егер бұрын менің көлігіме 100 шақырымға 20 литр жанармай кетсе, енді 22 литр газ кетеді, бір-екі литрге көп. Есесіне, газдың бағасы екі есеге жуық арзан. Газбен жүрген көлік майды да көп жемейді. Бір ғана кемшін тұсы – жанармаймен жүретін көліктегідей газдың қанша көлемі жұмсалғанын, қалғанын көрсетіп тұратын беріліс жоқ. Тек мөлшермен шамалауға тура келеді, – деп көлік иесі газ жабдығына жұмсаған шығынын үш-төрт айдың ішінде ақтап алатынын айтты.
Газ баллон жабдығын орнату бағасына көліктің қозғалтқыш көлемімен бірге от алу жүйесі (карбюратор не инжектор) де әсер етеді. Сонымен орнату бағасы 90 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін барады.

Сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қолға алынды

Көліктерді көгілдір газға көшірудің тиімділігі неде?

Сервистік қызмет орталығының басшысы Виктор Леонтьевтің айтуынша, джип иесі газ жабдығын қою кезегіне осыдан екі ай бұрын кезекке тұрған көрінеді. Кезегі кеше ғана келіпті. Кеше кешкісін тапсырып кеткен көлігі бүгін түстен кейін дайын болған. Бір көлікті газға көшіруге бір күн уақыт кетеді.
– Біздің Зайсанның газын пайдаланып отырған Қытайдың Үрімжі қаласында көліктердің басым бөлігі газбен жүреді. Үрімжіге бара жатқан жол бойында газ құятын стансалар да көп. Облыс әкімі БЕРДІБЕК Сапарбаев жуықта өткен газ мәселесіне байланысты жиында қаладан мүмкіндігінше бірнеше газ құю стансасын, осындай сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашуды тапсырған болатын. Сол тапсырмадан кейін сең қозғалып, қала әкімдігі осындай орындарды ашу мақсатында кәсіпкерлерге аукцион арқылы берілетін алты жер үлескісін бөліп отыр. Бүгін Глубокое ауданы әкімдігінің балансындағы 39 автокөлікті газ баллон жабдығымен жабдықтауға тапсырыс алдық. Риддер, Өскемен қалаларындағы «Казцветметремонт», «Комбинат нерудных материалов» сияқты ірі кәсіпорындар да өз көліктерін газға ауыстыруға тапсырыс берді. Риддер қаласы әкімдігі қаладан газға көшіру, газбен жабдықтау сервистік қызмет көрсету орталығын ашуға ұсыныс түсірді. Егер облыста, елімізде газ жабдықтарын орнату орталықтарының, газ құю бекеттерінің саны көп болып, барлық инфрақұрылымдары салынса, газға көшуге деген бүгінгі көзқарас бірден өзгерер еді. Беларуссиядан газ баллондарын сәйкестендіретін, сертификаттайтын зертханалық құралдар сатып алып, орнаттық. Қызметіміздің барлық түрі ұлттық стандарттау және сертификаттау талаптарына сай сертификаттарына ие. Облыс бойынша әзірге мұндай сертификат бізде ғана. Газбен жабдықтауға көшу құралдарын орнату бұдан да басқа түрлі техникалық рәсімдеуді қажет етеді. Орнатылған жабдықтарға бір жылға дейін тегін сервистік қызмет көрсетуге кепілдік, – дейді орталық басшысы.
Бұл сервистік орталықтың көліктерге сұйылтылған газбен ғана емес, Зайсанның табиғи газымен жүретін газ баллон жабдықтарын да орнатуға мүмкіндігі бар. Ол үшін қазіргі жабдықтарға ішінара қосымша құрылғылар орнатылатын көрінеді. Орталық Хоум кредит банкі арқылы 5-6 пайыздық жылдық өсіммен жабдықты несиеге де орнатады.
Тағы бір айта кететін жәйт, газбен жаңа үлгідегі Ниссан Патрол сынды құрылғылары өзгеше көліктер газбен жүруге бейімдеуге келмейді.
Елімізде, шамамен алғанда, бүгінде 15 мыңға жетер-жетпес көлік газбен жүреді екен. Біздің облыста отынның осындай баламалы түріне көшірілген көлік 500-ден асады делініп жүр.
Аса бай мемлекеттің бірі Швейцарияда трамвайды көне көлік деп қарамай, экологиялық жағынан ең таза көлік деп көп пайдаланады екен. Ал осыдан отыз жыл бұрын ауасы қатты ластанып кеткен Лондон бұл мәселені тек сапасы ең жоғары 95 маркілі жанармайды пайдалануға рұқсат беру, көліктерге жаппай заманауи сүзгілер орнату арқылы шешіпті. Ғалымдарымыз бен экономистеріміз, экологтарымыз көліктерден шығатын улы түтіннің салдарынан елімізде талай адам қатерлі ауруға шалдығып жатқанын айтуда. Осы жәйтті ескерсек, көліктерді газға көшіру бәрінен бұрын экологиялық жағынан маңызды болып тұр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button