Кейде жезмұрт, кейде безмұрт
Шешесі қайтыс болған бір жігітке көңіл айта келген жұрт жанашырлықпен мән-жайды білгісі келіп: «Апаңның ауырғанына біраз болды ма, қалай ауырып еді өзі?» деген секілді сауалдар қояды. Сонда әлгі: «Бәрі өзімнен болды, бәріне өзім кінәлімін», – деп еңкілдеп жылап жіберіпті.
– Больницаға жатасың! – деп нем бар еді. Сол сөзден үрейі ұшып, жүрегі жарылып кетті. Өмірі больницаға жатқанды қойып, уколдың атын естігенмен, затын көрмеген кісі еді, – дейтін көрінеді.
Кейде жезмұрт, кейде безмұрт
Ауылда бір жігіттің мұрты сарғыш түсті екен. Онысын кейде қойып, кей кездері қырып тастайтын көрінеді. Осы қылығын білетін ауылдастары:
– Біздің Бәкең бірде – жез мұрт, бірде – сәпсім без мұрт – деп әзілдейді екен.
НАҒЫЗ ӨЛЕТІН ЖЕР
Түріктің атыс-шабысқа толы шым-шытырық криминалды сериалдарын көп көретін ауылдағы бір ағамыз:
– Өлер болсаң, Түркияға барып өлу керек. Ондағылардың жаны сірі, жүз рет оқ тисе де, қайта тіріліп шыға келеді ғой, шіркіндер, – деп тамсанатын көрінеді.
ҚАСПАҚ АСАР
Әпидің ұлы қыс ортасында үйленеді де, тойдың қарсаңында күн тіптен қақап кетеді. Құда күткен былай тұрсын, үйге кіріп-шығу, от жағудың өзі мұң болып қалады. Үлкендер қашанғы әдетпен: «Сәпи қаспақты көбірек жеген екен», – деп әзіл айтып жатса, шақпа тілді бір жездесі: – Қайдам, – дейтін көрінеді, күмәндана сөйлеп. – Мынауың бір адамның жеген қаспағы емес сияқты ғой. Жұртты жаппай шақырып асарлатқаннан сау емес-ау өзі, – деген екен.
Әзірлеген – Серік Құсанбаев