Ауылдың айтқыштары

Кесте тігейін деп пе едің?

Кесте тігейін деп пе едің?

– Қаройда Қаулан деген азамат өмір сүрді, – дейді ауданға танымал азаматтардың бірі Қайролла Әбілмәжінов. – Ол жалғызбасты, қаңылтақтай ғана кішкентай адам болатын. Совхоз қайда жұмсаса, сонда барып, кез келген жұмысты атқара беретін. Ал марқұмның тілі шынымен де удай еді.
Бірде ауылда бір кісі дүниеден өтіп, жиналған жұрт үйге сыймай, есік алдындағы киіз үйде де сығылысып отырды. Қаулан дәл есіктің аузында қалған екен, кенет жаңбыр жауып кетіп, үстіне су тама бастады. Есіктің киізін түсіріп жібергені сол еді, «Әй, есікті ашыңдаршы!» – деген молданың әмірлі үні естілді. Сәл ашқан кезде тағы су сорғалап кетті де, Қаулан киізді қайта түсіріп жіберді.
– Өй, есікті неге тұмшаладыңдар, сонша? – деп молдекең тағы да наразылық білдірген еді, Қауланның ашулы үні шаңқ ете қалды:
– Неғып қақылдап қалдың? Жарық болса немене, осы арада кесте тігейін деп пе едің?

Маған жеңіл жағы да жетеді

Бірде құрылыс бригадасының құрамында қора салуға барған Қаулан төбе жабатын сырғауылды әпергенде ылғи жеңіл жағынан ұстай алады екен. Мұнысы жанындағы жігітке ұнамай, ол дүңк ете түсіпті:
– Әй, Қаулан, осы сен неге ылғи жеңіл жаққа жүгіресің?
Сонда Қаулекең еш абыржымастан:
– Ауыр жағының ақшасы көп, оны сен ал. Бала-шағасы жоқ адам көп ақшаны қайтеді, маған жеңіл жағы да жетеді, – деген екен.

Осы тереңдіктен шыға қоймас…

Ауылдың бір кемпірі қайтыс болып, ішінде Қаулан бар бір топ жігіт көр қазуға барады. Шұңқырдың тереңдігі тізеден төмен түскенде астынан тас шығып, одан әрі қазу қиындай бастайды. Сол кезде Қаулан тұрып:
– Босқа қиналып қайтеміз, осы да жетеді, – деген уәж айтады. Іштеріндегі бір ересек азамат:
– Қой, мынау ұят болады. Тағы да біраз қазайық, – десе керек. Сонда Қаулан:
– Немене, топырағын қопарып шығып кетеді деп тұрмысың? Мен жақсы білемін апамды, көп ауырып, отырып-тұрудан да қалған адам болатын, осы тереңдіктен де шығып кете алмас, – деген екен.

Оны ұстағанның пайдасы не?

«Қарой» совхозының директоры Қами Шұлғаубаев пен партком хатшысы Нығметолла Сәйкенов бірде шаруашылықты аралап жүріп, қора жөндеп жатқан жұмысшыларға соқса керек. Олардың ішінде Қаулан да бар екен. Ол жүгіріп келіп, директорға «Ассалаумағалейкүм» деп қол беріп амандасады да, парткомға «Сәлеметсіз» деп иек қаға салады. Бұған ренжіп қалған Н.Сәйкенов:
– Әй, Қаулан, маған неге қол бермейсің? – десе керек. Сонда Қаулекең:
– Сенің қолың ақша алатын «расходнойға» жүрмейді ғой, оны ұстағанның пайдасы не? – деген екен.

Жинастырған – Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button