Келесі жылға шегеруге мәжбүр
Семейдегі перинатальды орталықтың екінші корпусындағы күрделі жұмыстардың 90-95 пайызы мердігерлердің уәдесі бойынша қазан айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда олардың жоспарланған жұмыстардың барлығын мерзімінде атқарулары екіталай.
Семей перинатальды орталығының директоры Арқат Дайырбековтің айтуынша, нысанның екі корпусында күрделі жұмыстар жүргізу үшін 11 мамырда Көкшетаудағы «Байсын-А» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылыпты.
– Орталықтың екінші корпусы – перзентхананың типті ғимараты. Алайда онда көп жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша осы мақсатқа 462 миллион теңге бөлінген, – деп атап өтті Арқат Дайырбеков.
Жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес, мердігерлер 26 қазанға дейін перзентхананы түгелдей жаңалаулары керек. Төбесін, инженерлік коммуникациялар мен желдету жүйесін ауыстырулары тиіс. Бұдан басқа, бұл корпуста бұрын болмаған ағынды-желдету желдеткіші мен иондау жүйесін орнату қарастырылған. Орталық директорының түсіндіруінше, бұл жүйелер ауаны залалсыздандырып, ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өздерінің оттегі станциясы салынып жатыр.
– №2 корпус жөндеу жұмыстары аяқталған соң медициналық көмек көрсететін екінші деңгейлі заманауи перзентханаға айналуы тиіс. Бірінші қабатта генетиктер отырады, ал екінші қабаттан төртінші қабатқа дейін оперблоктар мен босану залдары орналасады, – деді Арқат Дайырбеков.
Қажетті медициналық жабдықтар 2017 жылы алынып қойыпты. Дегенмен бұл жоспарлардың әзірге орындалуы неғайбыл, оперблоктар мен босану залдарында әлі күнге дейін әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал қолайлы жағдайларды тосқан болашақ аналар болса әзірге Семейдегі қалған жалғыз перзентханада қыстырылып-қымтырылып жатуға мәжбүр.
Осыдан бірнеше күн бұрын Семей қаласына ісссапары барысында нысанда болған облыс әкімі Даниал Ахметов істелген жұмыстарды қатты сынға алған еді.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов перинатальды орталықтың екі корпусындағы күрделі жөндеу жұмыстарын өз бақылауына алды. 23 қыркүйекте қала басшысы нысанға барды.
– Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, сіздер 200 адамды жұмысқа алып, жұмысты үш ауысымда ұйымдастыруға тиіс болатынсыздар. Қазір нысанда қанша адам жұмысқа тартылған? – деп сұрады Ермак Сәлімов.
«Байсын-А» ЖШС-нің учаске басшысы Александр Думаның сөзіне қарағанда, жөндеу жұмыстарына 93 адам тартылған, тағы он екі адам, плита салушылар Ақтаудан келе жатыр. Тағы 30 жұмысшы Семейден алынады. Көзделген барлық жұмыстарды атқарып шығуға осынша адам жетіп қалуы керек.
Алайда жұмыс аз емес. Материалдарды тасымалдаушылар да уәдеден шықпапты. Профлистің Алматыдан жеткізілуін тосуға тура келген. Құрылысшылар материалдар келгеннен кейін бір аптада жұмыстарды аяқтауға міндеттеніп отыр.
5-7 қазан аралығында жылыту жүйесін монтаждауды аяқтауға тиіс, 1 қазанға дейін барлық терезелерді орнатады. Бұл ішкі әрлеу жұмыстарын уақытында аяқтау үшін ғимараттарға жылуды дер кезінде беруге мүмкіндік береді.
– Қала жылу беруге дайын. Барлығы ауа температурасына байланысты болмақ. Сол себепті жылу жүйесі қазанның басында қосылуы тиіс, – деген талап қойды Ермак Сәлімов.
Қала басшысы сондай-ақ әрлеушілер мен электриктер бригадаларымен тілдесті. Әрлеушілердің айтуынша, оларда еңбекақыны төлеуде проблемалар туындап қалады. Бригадирлерінің шабандығының салдарынан істелген жұмыстардың ауқымын дер кезінде есептемегендіктен, жұмысшылар жалақысыз қалыпты. Бұдан басқа, барлық мәселелер талданғаннан кейін, әр қабатқа қосымша екі жұмысшы қабылдау туралы шешімге келді.
– Қазан айының соңына дейін жөндеу жұмыстарының 90-95 пайызын аяқтаймыз, – деп сендірді Александр Дума.
Дегенмен, сөз екінші корпустың жөндеу жұмыстарына ғана қатысты айтылып тұр. Күрделі жөндеу жұмыстары – жедел медициналық жәрдем ауруханасының бұрынғы хирургия бөлімшесін перзентхананың қажеттілігіне қайта жарақтандыру мен қайта жоспарлау проблемалы болып қалып тұр. Бұл жоба 743 миллион теңгеге бағаланып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында жүзеге асады.
Архат Дайырбековтің хабарлауынша, мамыр мен тамыз айлары аралығында негізгі жұмыстар осы корпуста жасалған. Бірақ тамыз айында, облыстық ішкі аудит департаментінің сотқа берген шағымының негізінде облыстық ауданаралық экономикалық сот «Байсын-А» ЖШС-мен келісімшартты 8-9 қазанға белгіленген келесі сот отырысына дейін тоқтатты. Соған қарап бұл корпустың жөндеу жұмыстарын 2021 жылға шегеруге мәжбүр болатын сияқты.
Кәмал Естай