Саясат

Кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Кандидаттарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Ел Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының сайлауына байланысты Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Александр Рукин кандидаттардың Конституцияның және сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексерудің тәртібі мен шарттары туралы айтып, бірнеше сұраққа жауап берді.
– Александр Иванович, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Жалпы, сайлауға дайындық облыста Президент Жарлығы шыға салысымен-ақ, яғни, 20-қаңтардан басталып кетті. Өз жұмыстарына 321 округтік комиссия кірісті.
9-ақпанға дейін облыстық сайлау комиссиясына 542 азаматтан облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидат болуға өтініш түсті, олардың 141-і тіркелді. Олардың ішінде 68-і (тіркелгені – 29) облыстық мәслихатқа, 354-і (тіркелгені – 87) аудандық мәслихаттарға және 102-і (тіркелгені – 23) қалалық мәслихаттарға (барлығы 4 қалалық мәслихат бар) депутат болудан үмітті. Әзірше кандидаттардың дені өзін-өзі ұсынушылар, партияда жоқ азаматтар. Осы 542 азаматтың ішінде 17 адам саяси партиялардан ұсынылып отыр. Бес адам «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан, 10 адам «Ақжол» демократиялық партиясынан, екі адам Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан ұсынылды және тағы бір азамат қоғамдық бірлестік тарапынан ұсынылды. Біз тіркеумен қатар, сондай-ақ кандидаттарға, саяси партияларға кеңес беру ісімен де шұғалданамыз.
Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну 19-ақпанға, ал тіркеу 23-ақпанға дейін жүргізіледі.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылатын шығыстарының көлемін бекітті. Орталық сайлау комиссиясы заңнамаға сәйкес қабылдаған қаулы бойынша облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихат депутаттығына кандидатқа бюджеттен үгіт-насихат іс-шаралары мен көлік шығындарына 245 мың теңге, ал қалалық және аудандық деңгейдегі кандидатқа 153 мың теңге бөледі.
– Мәслихаттар дeпутаттығына кандидаттарды ұсыну қандай тәртіпте жүзеге асырылады?
– Сайлау тағайындалған кeздe өзгeшe бeлгілeнбeсe, мәслихат дeпутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау күнінeн екі ай бұрын басталып, сайлау күнінe бір ай қалғанда аяқталады.
Мәслихаттар дeпутаттығына кандидаттар ұсынуды бeлгілeнгeн тәртіп бoйынша тіркeлгeн рeспубликалық нeмeсe жeргілікті қoғамдық бірлeстіктeр, сoндай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жoлымeн азаматтар жүзeгe асырады.
Республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуы олардың жоғары органдары арқылы, әрбір кандидат дауысқа түсетін сайлау округін көрсете отырып, жүргізіледі. Қоғамдық бірлестіктердің осы қоғамдық бірлестіктің мүшесі болып табылмайтын адамдарды депутаттыққа кандидат етіп ұсынуға құқығы жоқ. Қоғамдық бірлестік не оның құрылымдық бөлімшесі әрбір сайлау округінде мәслихат депутаттығына бір ғана кандидат ұсына алады. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну туралы шешім республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктің, оның құрылымдық бөлімшесінің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді.
– Қандай азаматтар мәслихат депутаттығына кандидат бола алмайды?
– Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 2-және 3-тармақтарына, 86-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
Сайлауға сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды. Сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам мәслихат депутаттығына кандидат бола алмайды.
– Партияның немесе кандидаттың сайлауда бақылаушылары болуы мүмкін бе?
– Олардың бақылаушы болып табылатын сенімді тұлғалары бола алады. Комиссияның әрбір учаскесіне ары кетсе үш сенімді тұлға өтінім білдіруі мүмкін. Дауыс беру сәтінде сайлау учаскесінде саяси партия тарапынан тек бір ғана сенімді тұлға болуы тиіс. Күн ішінде олар бір-бірін алмастыра алады.
– Заң бойынша сенімді тұлғалар тағы қандай құқықтарға ие?
– Олар дауыс беру рәсіміне дейін бос стационарлық және жылжымалы сайлау жәшіктерін жабу, мөрлеу, пломбалау кезеңіне қатыса алады. Жылжымалы урнамен сайлау учаскесіне келуге жағдайы жоқ азаматтарға шығатын топқа енуі мүмкін. Мәселен, ардагерлердің үйлеріне, ауруханаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға бара алады. Сонымен қатар, сенім білдірген тұлғалар аумақтық сайлау комиссиясына хаттаманы алып бара жатқан учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен бірге жүруге де құқылы. Сенімді тұлға дауыстарды санауға бақылаушы ретінде қатысу, хаттаманың көшірмесін сұрату, ал егер белгілі бір жайттардан күмәні болса, дауыстарды қайтара санауды талап ету құқықтарына ие.

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button