«Имам такси» жамағатты тегін тасып жүр
Өскеменде мешіт жамағатына тегін қызмет көрсететін «Имам такси» жобасы іске асырылуда. Бұл игілікті бастама ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті рамазан айында қайырымдылық жасау, сауапты істерді көптеп ұйымдастыру туралы берген тапсырмасына сәйкес қолға алынып отыр.
Діни басқарманың Өскемен аймағындағы өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы: – Имамдардың имиджін көтеру, уағыз-насихат жүргізудің тиімді, әрі тың тәсілдерін қолдану мақсатында «Имам» такси жобасын қолға алып отырмыз. Жоба аясында «Имам такси» деп аталатын арнаулы көліктер рамазан айы бойы мешіттің жамағаттарына тегін қызмет көрсетеді, – деп түсіндірді.
Оның айтуынша, тегін такси қызметі әсіресе, ауызашардан соң оқыталын тарауых намазына келетін адамдарды тасымалдауға тиімді. Өйткені қоғамдық көліктер тоқтап қалғаннан кейін қаланың әр шетінде тұратын көпшілік намазхан бауырларға мешітке келу қиындық туғызады. Осы жайтты ескере келе қасиетті рамазан айында адамдардың алаңсыз құлшылық жасауына мүмкіндік туғызу үшін аталмыш жобаны бастады.
Рамазан айының алғашқы күнінен басталған тегін такси қызметіне қалалық мешіттердің қызметкерлері түгелдей атсалысып отыр. Бұл игілікті іске мешіт жамағаты дән риза.
Шығыс ақпарат