Білікті маман

Халықаралық тағылымдаманың берері мол

Мейрамтай Иманғали

Бүгінгі таңда халықаралық деңгейде маман даярлау мәселесі аса маңызды. Әсіресе, бұл білім саласы үшін өте өзекті. Осы орайда халықаралық тағылымдама кәсіби біліктілікті арттырудың жаңа бір мүмкіндігі екендігі сөзсіз. Қазіргі күні әлемнің ең үздік университеттері мен орталықтарында жүздеген қазақстандық жас тағылымдамадан өтіп жатыр. Жалпы халықаралық тағылымдама не береді? Бұл туралы бізге облыстық білім басқармасының кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Зәмзәгүл Өтепова әңгімелеп берді.

Маман даярлаудағы маңызды қадам

Бір атап айтарлығы, Зәмзәгүл Шәймұхамедқызының өзі де білім саласының қызметкері ретінде халықаралық тағылымдамадан өткен. Ол мұндай мүмкіндікке  2017 жылы колледжде оқытушы болып қызмет істеп жүрген кезінде ие болыпты. Сол жылы Білім және ғылым министрлігі мен  «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы шығысқазақстандық бес педагогты білім жетілдіру үшін Финляндияға жіберіпті. Соның бірі болып Зәмзәгүл де  ағылшын тілінен халықаралық тағылымдамадан өткен екен.

 – «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның бренді деп айтсам артық емес. Себебі бұл бағдарлама тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміздің талантты, алға ұмтылған жігерлі жастарына қолдау көрсетіп келе жатыр.  «Болашақпен» талай жас шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, әр сала бойынша белгілі ұйымдарда біліктіліктерін арттыруда. «Болашақ» қазақстандық жастардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашады десек те болады. Бүгінде «Болашақпен» оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, ақпараттық технологиялар және тағы басқа салаларда жұмыс істеп, ірі жобаларды жүзеге асырып, үлкен жетістіктерге жетіп отыр, – дейді Зәмзәгүл Шәймұхамедқызы.

2017 жылы Зәмзәгүл Өтепова Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде педагогика және арнайы пәндерден сабақ беретін. Сол жылдардың өзінде-ақ ол педагогика пәнін ағылшын тілінде өткізетін. Жас маманның ізденісін, жаңалыққа құштарлығын колледж директоры Фархад Құрманов бірден байқайды. Колледж оқытушысы ретінде халықаралық тағылымдамадан өтуге оның кандидатурасы әбден лайық екеніне көзі жетіп, қолдау білдіреді. Зәмзәгүл Өтепова «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысады. Тек  іріктеуден өткеннен кейін ғана ол дүниежүзі бойынша білім саласы дамыған Финляндиядағы Валкеакоски қаласындағы НАМК университетінде тағылымдамадан өтуге аттанады.

– Халықаралық тағылымдаманың мақсаты – ағылшын тілін меңгеруді жақсарту, ағылшын тілінде кәсіби терминологияны білу, университет бағдарламалары негізінде практикалық оқыту арқылы білімді жетілдіру, қазіргі заманғы финдік басқару және көшбасшылық әдістерін зерделеу, жұмыс орнында ынталандыру атмосферасын құру, сондай-ақ тиімді және инновациялық басқару әдістерін енгізу. Басқару және көшбасшылық саласындағы мәселелер мен міндеттерді шешуде практикалық дағдыларды меңгеру. Фин және қазақстандық білім беру жүйесіндегі ең үлкен айырмашылықтарды анықтау.

Финляндияның оқыту жүйесі мүлдем бөлек

Кез келген халықаралық тағылымдамадан өтудің негізгі шарты – бұл ағылшын тілін білу. Сонымен қатар іріктеуден өтер кезде мотивациялық хат жазу қажет, ол хаттың мазмұны  үміткерлерді таңдауда маңызды рөл атқарады және әр үміткер оған тиісті назар аудару керек, – дейді Зәмзәгүл Өтепова.

Айтуынша, тағылымдамадан өту барысында айтарлықтай елеулі кедергілер мен проблемалар туындамаған. Бастысы, жаңа ортаға ашық болу, өзге тілде сөйлеуге дайын болу маңызды. Тек тәжірибе ғана тіл мәселелерін шеше алады.

– Финдер – өте мейірімді халық. Олардан әрқашан именбей көмек сұрауға болады. Ойыңызды ағылшын тілінде түсіндіре аласыз. Өйткені финдер ағылшын тілінде де жақсы сөйлейді. Жалпы ол елде білім беру бағдарламаларының сапасы жоғары деп сенімді түрде айта аламын. Оқытушылар оқуда әр студентке жеке көзқараспен қарайды. Әрбір студент тұрақты түрде өз оқытушысынан одан әрі қалай оқу керегін, қандай тәсілді қолдануға болатынын, сол бойынша жеке ұсыныстар ала алады. Мен оқытушылардың студентке,  оқушыларға деген ашықтығына назар аудардым. Мұғалімдер оларға сенеді. Бұл жерде біз тағылымдамадан өткен университет оқытушыларының құрамы өте мықты болғанын атап өткен жөн. Олар өз кәсібін, жұмысын шынымен жақсы көреді.  Алға қойған мақсаттарына жету үшін бар күш-жігерін салатын қызықты және креативті адамдар. Оқу тым қиын немесе тым оңай болды деп айта алмаймын. Себебі университет студентке ұнайтын немесе оған сәйкес келетін модульдерді таңдауға мүмкіндік береді, яғни таңдау мүмкіндігі ұсынылады. Университеттің оқытушылар құрамының ашықтығы, қамқорлығы, жарқын жүздері, студенттермен әрдайым қарым-қатынас жасауға дайындығы таңғалдырды. Айта кететін жайт, оқу бағдарламасы бүкіл топтың және әр студенттің жеке мақсаттары мен тілектерін қанағаттандыру үшін жасалған. Сабақтарда көбірек талдауға, ойлауға, командада жұмыс істеуге, талқылауға, жобалық жұмыстарды қорғауға, еркін сөйлеуге, өз пікірін айтуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар оқу орындарына ағылшын тілін үйренудің әртүрлі деңгейлері  мен тәсілдерін таңдау мүмкіндігі қарастырылғанын айтқан жөн, – дейді Зәмзәгүл.

Айтуынша, Финляндияға келгеннен шығысқазақстандық педагогтар университетте  ағылшын тілінің деңгейін анықтау бойынша бағалау тестілеуінен өтіпті. Нәтижелерге сәйкес бастапқы, ортаңғы және жоғары деңгей бойынша тиісті топтарға бөлінген. Күн сайын сабақтарда зерттелетін тақырыптар мен тестілеу түріндегі материалдардың қорытындысы шығарылып, балл беріледі. Зәмзәгүл сондай-ақ электронды оқыту платформасының ыңғайлы жасалуын ерекше атап өтті. Айталық, сабақ кестесіне, тапсырмаларға, қажетті электронды оқулықтарға тәулік бойы қол жеткізуге, белгілі бір курстың оқытушыларымен және студенттерімен хат алмасуға мүмкіндік зор екен.

Тың идея, креативті шешім, жаңаша көзқарас

Ол 1881 жылдан бері Финляндияда басылып келе жатқан және таралымы бойынша алғашқылардың қатарына енетін атақты «AAMULEHTI» газетінің беттерінде тағылымдама барысы, Қазақстан туралы сұхбат бергенін де ерекше мақтанышпен айтты.

– Осы тағылымдама аясында басқа елдің қызықты адамдарымен, педагогтарымен танысуға мүмкіндік алдым. Меніңше, тағылымдамадан өткен әр адамның  ойлау форматы, өмірге деген, айналасындағы адамдарға, жұмысына көзқарасы толық өзгереді. Адам жаңарады, жаңа ойлар, идеялар пайда болады. Осы уақытқа дейін университет оқытушыларымен, тағылымдамадан бірге өткен әріптестеріммен байланыстамын. Бірегей тәжірибе, шет тілді, басқа мәдени орта, білім беру жүйесі, жаңа кәсіби байланыстар – бұл халықаралық тағылымдамадан өту барысында сізді күтетін аз ғана нәрсе, – дейді ол.

Финляндияның жетекші оқу орындары мен кәсіпорындарында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары үшін тағылымдамадан өткендігі туралы халықаралық сертификаттардың иегері атану – қажырлы еңбектің нәтижесі. Халықаралық тағылымдама – шетелде өмір сүрудің кейбір дағдыларын үйренудің, басқа мәдениетті сезінудің және ең бастысы кәсіби шеберлікті арттырудың тамаша тәсілі.

Қазір өңірдегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің педагогикалық қызметкерлері үшін арнайы тағылымдаманы сол оқу орнының өздері ұйымдастырады. Мысалы колледждер Беларусь, Татарстан, Түркия, Ресей, Қытай секілді басқа да елдердегі оқу орындарымен арнайы меморандумға қол қойып, келісім негізінде оқытушыларды халықаралық тағылымдамаға жібереді.

– Біздің еліміздің тарихы бай, мәдениетіміз, дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз, өз менталитетіміз бар. Сондықтан ең алдымен біз, педагогтар қауымы өзіміздің қазақстандық білім беру жүйесін дамыту жолында бар білімімізді, біліктілігімізді, шеберлігімізді пайдаланып, алда атқаратын істеріміз жайлы ойлануымыз қажет, – дейді кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Зәмзәгүл Өтепова.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button