Қоғам

Германиямен алыс-беріс ұлғайып келеді

Германиямен алыс-беріс ұлғайып келеді


Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Германияның Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаэль мырзаны қабылдады. Аймақ басшысы мәртебелі мейманға өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойылған жоспарлар туралы жалпы мәлімет беріп өтті.

Германиямен алыс-беріс ұлғайып келеді

– Шығыс Қазақстан – индустриалды-аграрлы өлке. Бізде бірнеше өндіріс орындары шоғырланған. Айталық, өзіңіз болған Үлбі металлургиялық зауыты – атом электр стансаларына арнап отын шығаратын әлемдегі ірі зауыттардың бірі. Дайын өнім Ресей мен Қытайға, Еуропа елдеріне, оның ішінде Германияға экспортталады. Кәсіпорында берилий мен тантал сияқты сирек кездесетін металдар да өндіріледі. Әлемде берилий шығаратын бар-жоғы үш, ал тантал шығаратын бес қана зауыт қана бар. Дүние жүзінде өндірілетін осы металдардың 25-30 пайызы осы ҮМЗ-ге тиесілі. Өскеменде титан шығаратын зауыт та орналасқан. Француздың «Эйрбас» концерні – біздің басты тұтынушымыз. Әлемдегі титанның 25 пайызы өңірімізден шығарылады, – деген облыс әкімі жалпы облыста полиметалдардың үлкен қоры бар екенін және металлургия саласының келешегі зор екенін атап көрсетті. Оның үстіне қазір еліміз көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде ірі саналатын бірқатар комбинаттар, зауыттар салынуда.

Кездесу барысында өңірдің аграрлық саласы да дамығаны тілге тиек етілді. Әсіресе, мал шаруашылығының әлеуеті зор. Осы ретте аймақ басшысы сүт өндіру бойынша Шығыс Қазақстан Еуропа елдерімен деңгейлес екенін айтып, осы бағыттағы жоспарлар жөнінде айтты.

Өз кезегінде құрметті қонақ облыс әкіміне кездесу үшін тығыз жұмыс кестесінен арнайы уақыт тапқаны үшін ризашылық білдіріп, жалпы облыстың жылы қабылдау көрсеткенін айтты. Елші мырзаны әуежайға түсе салысымен ұлттық киім киген қыздар құшақ гүлмен қарсы алыпты. Қызметін бір жылдан артық атқарып келетін ол халықаралық «ЭКСПО» көрмесі біте салысымен өңірлерге сапарын Шығыстан бастап отырғанын жеткізді.

– Германия Президенті Франк-Вальтер Штанмайер «ЭКСПО» көрмесіне 100-ден астам кәсіпкерлермен бірге кеп, Елбасымен кездесті. Осы кездесу барысында екі ел арасында 1 миллиард доллардың 20 келісіміне қол қойылды. Өкінішке қарай, осы жолы Шығыс Қазақстан кәсіпорындарымен ешқандай меморандумға қол қойылмады. Бірақ алдағы уақытта біз бұл олқылықты түзетеміз деп сенемін. Жалпы, Германия мен Шығыс Қазақстан облысы арасындағы алыс-беріс жылдан-жылға ұлғайып келеді, – деді елші.

Аймақ басшысы Шығыс Қазақстан Германия кәсіпкерлерімен бірлесе тиімді жұмыс істеуге әзір екенін айтып, нақты жобаларды қарастыруды ұсынды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button