Ғарыштан бақылайды
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ
Шығыста өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 39 гектар жердегі дала өрті сөндірілді. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бастапқы кезеңде мамандар жануды бақылау үшін космомониторинг қызметіне жүгінеді екен. Оның деректерін «Geosat» ЖШС ұсынады. Бүгінде ғарыштық технологиялардың арқасында құтқарушылар көптеген өртті ерте анықтап, алапат апаттың алдын алуда.
– Заманауи бағдарламаның көмегімен күн сайын 24/7 форматында ғарыштық түсірілім деректерін жедел қабылдау және сақтау жүргізіледі, – деп хабарлайды дереккөз.
Сонымен қатар құтқарушылар табиғат аясына немесе саяжайларға баратын халыққа өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін тағы бір мәрте ескертеді. Ал талапқа бағынбағандар айыппұл арқалауы ықтимал.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес, өрттің тұтануына жол бергендерге 20 мен екі мың айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл салынбақ. Ал аса ауыр жағдайларда айыптылар екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.