Ауылдың айтқыштары

Ескерту

Ескерту

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Жамбыл атындағы ұжымшарды Төкен басқарды. Бойы бәкене ғана арық кісі. Мосқал жаста. Оның шопыры Бейбіт орта бойлы, шымыр денелі, ажарлы жігіт.
Танымайтындар алдымен жүргізушімен амандасады екен. Мұны ұнатпаған басекең:

– Мен машинадан түскенде, сен баранкаңды ұстап отыра бер, – деп ескерту жасапты.

Әтештің әлегі

Шалғайдағы шағын ауылдан Мұхтар Согра кентіне қоныс аударыпты. Орыс тіліне шорқақ. Малын жайлауға далаға шығады. Таңбозынан шақыратын ақ әтеш көрінбепті. Қарамаған жері қалмайды. Жоқ. Содан аяңдап көршісіне барыпты. Жан-жағына қарайды.
– Что тебе надо? – деп сұрапты орыс шал.
– Муж тауық пытырался, – депті қарт екі қолын жайып.

Аттастарды атау

Ертеректе ауылымыз Қосағашта аттас еркек пен әйел болды. Олар жөнінде сөз бола қалса, бір-бірлерінен, «қайсысы» деп сұрайтын-ды. Олардың таңдайы тақылдаған даң құрдасы тапқырлық жасады. Бірін әтеш, екіншісін шыбыш Тұрсын деп атандырып жіберді.

Өзің істеп ал

Көршім Жарқын тәжірибелі автомеханик. Ол гаражынан кілт саймандарын алып, Иванның машинасының моторын жөндеуге кеткен ді. Бірақ оның барғанынан қайтқаны тез болды.
– Гәп неде? – деп сұрадым.
– Ана бөлшекті олай, мына бөлшекті былай бекітесің, – деп құлағыма тыныштық бермеді. Әрнәрсенің шегі бар. Содан «Бәрін біледі екенсің, өзің істеп ал» – дедім де жөніме кеттім, деді
Ауаның бүлінгенін қайтеміз?
Келіншек жел шығарып қойыпты да, етігінің қонышын тырмалапты. Содан бір қу жігіт:
– Екеуінің әуені бірдей болса да, ауаның бүлінгенін қайтеміз?, – депті жымиып.

Үмітхан Нұрғалиев.
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button