Саясат

Есеп жүргізуде есе жіберіп отырмыз

Есеп жүргізуде есе жіберіп отырмыз

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін саралап, бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылаған селекторлық режимде кеңейтілген мәжіліс болып өтті.
Барлық деңгейдегі әкімдердің, басқармалар мен департаменттердің, күш құрылымдарының басшылары және басқа да жауапты орындардың өкілдері қатысқан алқалы жиында әңгіме арқауына айналған басты мәселе – әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға қарамастан, аймақ экономикасының даму қарқынын төмендетпеу. Дәлірек айтсақ, көрші Ресейге салынған санкциялар, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының өзгеруі туралы болжамдар алдағы уақытта өңірлік бюджетке өзінің салқынын тигізуі мүмкін. Сондықтан дамудың негізгі көрсеткіштерін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік беретін қосымша қорлар мен табыс көздерін табудың маңыздылығы жоғары.
Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, өткен тоғыз айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қалыпты, былтырғы сәйкес кезеңдегі және орташа республикалық деңгейлермен салыстырғанда төмен емес. Алайда кейбір көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Мәселен, бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, сыртқы сауда айналымының көлемі және белсенді шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны бойынша жоспар-тапсырма орындалмай тұр. Бұл ретте аймақ басшысы Семей қаласын, Аягөз, Жарма, Шемонайха аудандарын сын тезіне салды.
Мәжілісте өңірде жүргізілген жол жөндеу жұмыстарының барысы мен олардың қысқы маусымға дайындығы негізгі мәселелердің бірі ретінде қаралды. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, ағымдағы жылы жол құрылысына жалпы сомасы 27,7 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Осы қаржы есебінен аймақта 364 шақырым автокөлік жолы, 101,4 шақырым елді мекен ішіндегі көшелердің жолдары жөнделіп, 4 көпір іске қосылады.
Сонымен қатар осы жылы Күршім-Қалжыр, Тарханка-Топиха жолдарына күрделі жөндеу жүргізілсе, Ақсуат-Бөкей-Қарасу-Ақжар-Омбы-Майқапшағай, Семей-Долон-Сосновка-Қоянбай тасжолдарында орташа жөндеу жүргізіледі. Мұның сыртында 184 шақырымды құрайтын тоғыз автокөлік жолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Олар: Мақаншы-Жалаңашкөл, Ақсуат-Бөкей-Қарасу-Ақжар-Омбы-Майқапшағай, Үлкен Нарын-Күршім, Барлық Арасан-Алакөл, Казнаковка өткелінің кіреберісі, Үлкен бөкен-Көкжайық-Үлгілі малшы, Семей-Воскресеновка-Петропавловка-Зубайыр-Байтанат, Таврия-Каменная-Завидное, сондай-ақ, Өскемен-Таулы Үлбі-Северное тасжолындағы Үлбі өзенінің үстінен салынған көпір және тағы басқа нысандар.
Жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанымен, кейбір трассалардың қысқа дайындығы ойдағыдай болмай шықты. Аягөз, Жарма, Глубокое, Көкпекті, Ұлан, Тарбағатай сияқты бірқатар аудандар «кәрі құданы» қысылмай қарсы алуға сақадай-сай емес. Көпшілігінде қар тазалайтын техникалар жетіспейді. Бұл проблеманы тез арада шешу қажеттігін ескерткен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ: – Арнайы орындардың болжамынша, алдағы қыс қатты болады деп күтілуде. Сол себепті қазірден бастап барлық ауылдық округтердің әкімдері жергілікті шаруашылық құрылымдармен жолдарды қардан тазалау бойынша шарт жасасып қоюлары тиіс. Одан бөлек менің орынбасарларым мен жауапты орындардың басшылары бірлесіп, көктемгі қар еріген уақытта қауіп туғызатын өңірдегі барлық су арналарының аршылуын үнемі бақылауда ұстасын. Биыл көктемде Катонқарағай ауданында көпірдің қирап қалуы сияқты апаттық оқиғалар қайталанбас үшін алдын алуымыз керек, – деп түсіндірді.
Әлеуметтік дүкендердегі баға әртүрлі
Жыл басынан бергі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская баяндады. Басқарма басшысының келтірген деректеріне ден қойсақ, кейбір аудандарда өнеркәсіп өнімінің көлемі төмендеп кеткен. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары құрылуда. Мәселен, осы жылдың соңына дейін облыста мыңнан астам адамды еңбекпен қамтитын 11 жоба жүзеге асырылмақ.
Баяндамашы баса назар аударған мәселенің бірі – облыс аумағындағы елді мекендерде азық-түлік тауарлары бағасының әртүрлілігі.
– Мәселен, Семейдегі әлеуметтік сауда орындарында сүттің литрі 170 теңгеге саудаланса, Абай ауданында бұл – 55 теңге. Аягөз ауданындағы әлеуметтік сауда орнында қанттың келісі 140 теңге тұрса, Зырян ауданында – 198 теңге. Өсімдік майының литрін катонқарағайлықтар әлеуметтік сауда нүктелерінен 144 теңгеге сатып алса, Аягөзде ол 250 теңгеге дейінгі бағада сатылуда, – деп нақты деректерді тілге тиек ете сөйлеген Елена Ясинская әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік бағасын бір жүйеге келтіру қажеттігін еске салды.
Оның айтуынша, бүгінгі күні облыстың елді мекендерінде жиыны 54 әлеуметтік дүкен мен 913 бөлім құрылған. Бұл жерлерде тұрғындар үшін 20-дан астам азық-түлік өнімдерінің түрін нарықтағыдан әлдеқайда төмендетілген бағада сатып алуға мүмкіндік жасалған.
Бұған қоса басқарма басшысы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының бүгінде үштен бірі ғана шынайы жұмыс істеп тұрғанын, ауыл шаруашылығы саласына бөлініп жатқан қыруар қаржыға мал басының өсу қарқыны сәйкес келмеуін, кейбір аудандарда шаруашылық құрылымдарымен мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың мүмкіндіктері толық пайдаланылмай жатқанын нақты дәйектермен жеткізді.
Осы мәселелерге байланысты облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ мал сатып алу үшін бөлінген шағын несие қаражатының қайда жұмсалып жатқанын білмейтін, тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қадағаламайтын, ауылшаруашылық жерлері мен техникаларына, басқа да дүние-мүліктерге дұрыс есеп жүргізбейтін кейбір ауылдық округтердің әкімдерін жеке-жеке тұрғызып, қойылған сұрақтарға жауап берулерін талап етті. Өкінішке қарай, бәзбір әкімдер қарамағындағы малдың басын дөп басып айтпақ түгілі, округте тұратын тұрғындардың саны қанша екенін айта алмай қипақтады. Өз кезегінде өңір басшысы қойылған сауалдарға тұщымды жауап бере алмаған Бесқарағай ауданы, Беген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Асылғожин, Тарбағатай ауданы, Сәтпаев ауылдық округінің әкімі Данияр Жанат, Глубокое ауданы, Ушанов ауылдық округінің әкімі Ерік Құмаровтарға тиісті шара қолдану жөнінде аталған аудандардың әкімдеріне тапсырма жүктеді.
Игерілмеген қаржы көлемі 2 миллиард теңгеден асады

Өткен тоғыз айдағы бюджеттің игерілуі жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Ләзизә Кенжетаева ақпарат берсе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» өңірлік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова хабардар етті.
Бүгінгі күні облысымызда бюджеттің игерілуі 98 пайызды құрап отыр. Объективті және субъективті себептерге байланысты кәдеге жаратылмай қалған қаражат көлемі 2 млрд теңгеден асады. Оның ішінде бөлінген қаржыны толық игере алмай қалу қаупі Аягөз, Зырян, Үржар аудандарында, Риддер қаласында байқалады. Әсіресе, басқарма басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржының толық игерілуін жергілікті әкімдер қамтамасыз ету керектігіне баса тоқталды.
Айжан Садықова өңірдің «Жұмыспен қамтудың жол картасын» құруда ұшырасқан бірқатар мәселелерді атап көрсетті. Облыс тұрғындарының арасындағы жұмыс істейтіндер мен өзін-өзі еңбекпен қамтығандардың, сондай-ақ, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің нақты үлесін анықтау үшін аулалық тексеру шаралары жүргізілген. Алайда көптеген аудандар бұл шаруаға немқұрайлы қарап, деректерді дұрыс бермеген. Соның салдарынан балабақша бүлдіршіндері өзін-өзі еңбекпен қамтығандар санатына қосылып кетсе, ал жұмыс істеп жүрген ересек адамдар балабақшаға баратын бүлдіршіндер қатарын толықтырған.
– Сіздердің үлкен бір кемшіліктеріңіз материалдық және материалдық емес ресурстарға есеп жүргізбейсіздер. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» – бұл біздің болашағымыз. Бұл бізге қанша адамның еңбекке мұқтаж, қаншасының жұмыс істейтіндігін біліп отыруға мүмкіндік береді. Егер қажеттілік туындаса, еліміздің оңтүстік өңірлерінен ғана емес, облыстың өз ішіндегі адамдарды да ыңғайына қарай қоныстандыратын боламыз, – деп түсіндірген өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жиынға қатысушы барлық деңгейдегі әкімдерге нақты тапсырмалар берді.
Атап айтсақ, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру, еңбекақы қарызы бойынша мәселелерді шешу, тірек ауылдары мен үлгілі елді мекендерді өркендету, Жеңістің жетпіс жылдығына орай өңірдегі ескерткіштер мен мәдениет ошақтарын ретке келтіру және басқалары.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button